Амангелді Кеңшілікұлы: «Әдебиетіміздің алтын ғасыры алда»

Егемен Қазақстан
19.10.2018 2269
2

– Темірхан Медетбек сіз туралы мақаласында әкеңіздің «Ақын бола ма, болмай ма, оны білмеймін, бірақ әдебиетке бейім болып өсіп келеді» дегенін жа­зыпты. Неге әдеби сынды таңдадыңыз? Ақын я жазушы болғыңыз келген кез жоқ па?  

 – Мектепте оқып жүргенімде, қазіргі «Ұлан» газетіне анда-санда жазған дүниелерім шы­ғып тұратын. Алғаш жарық көрген шығармам – «Қасқыр мен күзен» деген әңгіме. Шағын ғана тырнақалды туындым балалар басылымында жарқ ете қалғанда, бақыттан басым айналып, жазушы болуды армандаған бір қиял жанымның тыныштығын бұзды. Әрине баланың қиялы жүйрік болады. Алған әсеріңді тезірек қағаз бетіне түсіруге асы­ғасың. Стиль, форма дегенге аса қат­ты басыңды қатырмайсың. Жаз­ған дүниеңнің бәрі де көзіңе мінсіз шыққан дүниедей болып көрінеді. Сөйтіп жүріп, әде­биетке қарай алғашқы қарға қада­мың­ды жасай бастайсың. 

Сегізінші сыныпта балалық «максимализммен» орыс тілінде «Когда улетают ласточки» деген повесть жаздым. Көркем прозаға ден қоя бастауыма әйгілі суреткер Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесі әсер етті. Кейін киносын да тамашаладық. Уақыт өте келе әңгіме жазуға құлшынысым кү­шейе берді. 70-жылдардың аяғын­да әдебиетке деген халық­тың сүйіспеншілігі қатты болды. Әдебиетте құбылыс болған классиктердің жаңа формадағы, со­ны көзқарастағы туындылары­на қызықпау мүмкін емес еді. Біз сияқ­ты әдебиетке құмартып жүр­ген жастарға ол қатты әсер етті. Оралхан Бөкейдің романтикалық сарындағы хикаялары, Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасы», Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі», «Көк мұнары», Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды», «Оң қол», «Қыз Бәтіш пен Ер Сейіт», т.с. шы­ғармалары, Тынымбай Нұр­мағамбетовтің әңгімелері басымызды көтере алмай оқыған дүниелеріміз болды. Оның үстіне әкем ақын болғандықтан апта сайын үйімізден талай мықты ақындар мен жазушылар дәм татты. Солардың әңгімелерін құлағыма құйып, соның бәрі балалық көңілімде өшпестей ізін қалдырды. 

Он жасыма келгенше­ әжем­­нің тәрбиесінде болдым.­ Торғайда, Ақшығанақта. Әжем өте әңгі­мешіл адам еді. Әдебиетші болуы­ма сол кісінің тікелей әсері тиді. Сандығында жиналып қалған кітаптарды маған оқытатын. Әлі есімде Ғабит Мүсіреповтің «Ұл­пан» романын түннің бір­ уағына дейін ұйықтамай оқып бердім, мұқабасы сары кі­тап еді. Романның оқиғасы аса қы­зықтырмаса да, әжемнің көңі­лін қимай шығарманы соңына дейін оқып беріп, демімді алдым. 

– Проза жазуды неге жалғас­ты­ра бермедіңіз?

– Жастайымнан кітап оқуға қатты құмар болдым. Сосын менде прозалық дүниелер жазу үшін ауылдың тұрмыс-тіршілігін жақсы білген, қазақтың көркем тілін жақсы меңгерген адам прозаик болуы керек деген түсінік бол­ды. Бірінші-екінші курсқа жет­кенше әңгімелер жазып жүр­дім. Бір күні Асқар Алтай, ол кезде «Жұлдыз» журналында жұмыс істейтін, жас жазушы, енді жазып жүрген. Сол кісі Мейірхан Ақдәулетұлының «Жалғыз досым – жүрегім» деген кітабын бе­ріп, сол жөнінде журналға рецензия жазып беруімді өтінді. Пышақтың қырындай ғана жыр жинағы туралы «Өлеңдегі өл­шем» деген сын мақала жазып, ол бір сөзі де қысқармай журналда жа­рық көрді.

...Тоқсаныншы жылдардың ба­сында қоғам алай-дүлей болып кетті. Баспасөзде неше түр­лі тақырыптар қозғалып, қы­зу пікірталас туындап жатты. «Воп­росы философии», «Новый мир», «Октябрь», «Иностранная литература» журналдарына жазылып, сол басылымдарды оқитынмын. Солардың бәрі бұрын айтуға болмай­тын, айтылмаған тақы­рып­тарды індетіп жазды. «Қа­зақ әдебиеті» газетінде «Бізге соц­­­реализм керек пе?» деген тақырып көтерілді. Бұл сол уа­қыт үшін үл­кен бомба болды. «Лениндік идея­дан бас тартуымыз керек пе?» де­ген сұрақтар қойылды. Әри­не соцреализмнің керек емес екені қазір ешқандай да­ дау туғыз­байды. Бірақ сол­ кез үшін бұл өте батыл қо­йыл­ған, тосын сауал болды. Соц­реализмнің бізге қа­жеті жоқ еке­нін дәлелдегім келіп «Кон­фронтация» деген ма­қала жаздым. Осындай айтыс-тар­тыс­тардың көрігі қызып, оның ор­тасына түсіп кеткен соң, әрине, сын жазуға тура келеді. Маркстің идея­сынан бас тартпас бұрын, «Капиталды» дұрыс түсінуіміз керек екенін дәлелдеуге тырыс­тым. Неше түрлі дүниелерді оқып, кітапханадан шықпайтын ауру таптым. Сол кездері Тұрсын­жан Шапай ағамыздың «Алыс пен жақынның арасы» деген үлкен зерттеуі шықты. Бұл сол мез­гілдегі поэзияға өз бағасын беруге тырысқан, жетістігін де, кемшілігін де жақсы талдаған әдеби сындағы жаңа көзқарас болды. Бір өкініштісі әдебиетімізге бір үлкен сыншының келгенін жұрттың көбісі байқамаған сы­ңай танытты. Әкемнің бір газетте шыққан мақаласында «әдебиетке өзім сияқты бір талантты жігіт келді» деп жазғаны есімде қа­лыпты. Солай бола тұрса да, бір итжейдені менен бұрынырақ тоздырған ағаммен келіспейтін де жерлерім болды. Ол бір сөзін­де «соғыстан соң туған буын­ның ішінде әдебиетімізге белес боларлық дара тұлға жоқ» деген ащы пікір айтты. Өте ауыр сөз. Қазіргі жас ақындар мұндай сөзді естісе жарылып кететін шығар. Бір ғажабы соғыстан соң туған талантты ұрпақ сыншыға жабыла кеткен жоқ. Айтылған ауыр сын­ға түсіністікпен қарады. Өз­де­рінің мықты екендерін шы­ғармаларымен дәлелдеуге тырысты. Мен ағамның айтқан пі­кіріне қосылмай, соғыстан соң туған ақындардың өз тағдыры, өз жолдары бар екені туралы, солардың әрқайсысы жайында бір әдеби сын, бір мақала жазуға бел будым. Міне, осылайша әде­би сынның аурасы мені магниттей өз өрісіне қарай күннен-күнге тарта берді, тарта берді. 

– Сын жазу қазір неге қиын­дап барады? Қаламгерлер өзі ту­ра­лы жазғанын қалайды, бірақ сынағанды жақсы көр­мей­д­і ғой.

– Сынды қабылдай алатын мәде­ниетіміз қатты төмендеп кет­ті. Бәріміз де – кішіміз де, үл­кеніміз де мақтаудан басқа еш­теңені естігісі келмейтін бір жаман дертке шалдықтық. Бұл тек қалам­герлерге ғана емес, бүкіл қо­ғамға тән ауруға айналды. Бұ­рын біреуді көзінше мақтау үл­кен ұят болып саналатын. Қазір бұл қалыпты құбылысқа айналды. Әсіресе жастардың осы жаман дертке шалдығып жатқаны мені қатты алаңдатады. Бунин бір әңгімесінде Чеховтың бір адам оны қатты мақтағанда, ашу­ланып, сол жерден қалай кетіп қалғанын жазады. Өз басым мақтауды мүлде керек қыл­майтын бір қазақ жазушысын білемін. Ол – Тынымбай Нұр­мағамбетов. 

– Қазір аздап толастаған сияқ­­ты, бір кездері ата-бабалары туралы роман, кітап жазу қар­­қын алды. Мақтан үшін бе біл­меймін, осындай шыққан тек­ті алға тарту сәнге айналды. Осы­лай мақтану, я мақтанып отыр­ғаныңды сезбеу ненің белгісі?

– Бізде бір даңғойлық бар. Шолохов атындағы сыйлықты бір жазушы алып келсе, соны сұм­дық абырой көреміз. Ол сыйлықтың тарихын да ешкім біліп жатқан жоқ. Оны бірінші алған қазақ жазушысының да әдебиетіміздің маңдай алды қа­­лам­гері емес екеніне бас қа­тырмаймыз. Өзің зерттеп көрші, шын мағынасындағы әлемдік үлкен әдеби сыйлықтар бар. Бірақ бірде-бір қазақтың жазушысы ол халықаралық сыйлықтарды алған жоқ. 

– Андерсен атындағы балалар жазушыларына берілетін сый­лықтың КСРО-дағы нұс­­қасын Марат Қабанбай алып­ты. Халықаралық үл­кен сыйлығы емес, дегенмен со­ның кеңес үкіметіндегі кі­ші­ сыйлығы десек болатын сияқ­ты.

– Иә, Марат ағамыз сол сый­лықты алды. Бірақ ол Андерсен атындағы халықаралық сый­лық­тың өзі емес. Мен оны арнайы зерттедім. Біз Нобель­ге қол соз­бай-ақ, ең әуелі Бу­кер сый­лығын алып таңғалдырайық­шы әлемді. Оны алуға болады деп ойлаймын. Бүгінгі таңда көптеген жас­­тар ағылшын тілінде жазады,­ оқиды, шығармаларды аударады. Болашақта солардың арасынан Букердің иесі шығады. Мысалы, Кадзуо Исигуро Жа­пония­дан Британияға қоныс аудар­ды. Сонда көптеген мық­ты шығармаларын жазды, ағыл­шындарды мойындатты. Содан кейін Нобель сыйлығын алды. Сол сияқты, біздің де жастар бас­қа жақта түлеп, жаңаша әде­биет жасайды деп ойлаймын. Қазақ әдебиетінің алтын ға­сыры әлі алда, менің ойымша. Алпысыншы жылғылар әде­биетке үлкен қозғалыс әкел­ді. Бі­рақ бірен-сараны болмаса, халық­тың қасіретін жеріне жеткізіп жаза алмады. Өйткені көбісі тұйықталып қалды. Көп нәрсені айта алмады. Сол кездегі ашаршылықты, қоғамдағы трагедияларды жазған жоқ. Махаббат, шопан, өндіріс туралы жазған дүниелердің бәрі – әне күресінде жатыр. Ешкім оқымайды. Қазір әдебиетті саралайтын кезге кел­дік. Оқитын, оқымайтын жазушыларды іріктеп беретін мезгіл жақындады. Керек, керек емес шығар­малардың бәрін оқып, ха­лық­тың миын ашытудың қа­жеті жоқ. Қазіргі үнсіздік – мүм­кін дауыл алдындағы ты­ныштық та шығар. Жастар бұ­рын­ғы қаламгерлердің дүние­леріне қанағаттанбайтын, бас­қаша жазғысы келетін сияқ­ты. Әлбетте әзірге керемет шығар­малар тумай жатуы мүмкін. Бірақ жаңаша жазуға талпынған жақсы қадамдар да бар. Мысалы, Қанат Тілеухан «Менің шешелерім» әңгі­месінде бір шешенің бейнесі арқылы қоғамның бет-бейнесін әдемі әшкерелейді. Жалпы бұл жігіттің өнерінде ешкімді де аямайтын қатыгездік бар. Сонысы маған қатты ұнайды. Өзін тым қатты жақсы көретін адамнан мықты жазушы шықпайды. Томас Манн «Будденброктар» ро­ма­нында өз отбасының дүние­қоңыздығын әшкерелейді. Бізде тап осындай тәуекелге бел буа алатын қаламгерлер бар ма? Жоқ. Болуы мүмкін де емес. Себебі біздің аналарымыздың бәрі де шетінен – періштелер, біздің әкелеріміздің бәрі де шетінен – әулиелер. 

Қазір поэзия прозадан алға кет­ті депсің ғой. Олай айтуға болмайды. Лирикалық өлеңдер бар. Бірақ поэмалар жазылып жатыр ма? Сол жанрды зерттеп көрдің бе? Баллада жанры тоқтап қалды. Оларды жазу үшін ізденіп, отырып жазу керек. Бұрынғыдай эпикалық поэмалар жоқ.

– Ерлан Жүніс жақсы поэмалар жазды.

– Ерланның поэмаларын кемелденген поэзия деп айта алмаймын. Оның өлеңдері жақсы. Поэма­ларын қабылдай алмадым. Бәл­кім, әлі де іздене түскені аб­­зал шығар. Жарасқанның «Да­л­а, сенің ұлыңмын», әкем­нің «Иманжүсіп», «Қоянды жәр­меңкесі» сияқты поэмалар қазір жазылып жатқан жоқ. Хамит, Сырбай, Ғафу ағаларымыздың поэмаларындай шығарма қазір жоқ. Үлкен жанрды қазір жоғал­тып алдық. «Иманжүсіпті» жазу үшін әкем шығармашылық демалыс алып, арнайы материалдар жинады. Осы тұрғыдан мемлекет қазір талантты жастарға жыл сайын грант беріп отырса, егер жақсы дүние шықса, келешекте де жалғастыруға болады. 

Бәріміз де – кішіміз де, үл­кеніміз де мақтаудан басқа еш­теңені естігісі келмейтін бір жаман дертке шалдықтық. Бұл тек қалам­герлерге ғана емес, бүкіл қо­ғамға тән ауруға айналды. Бұ­рын біреуді көзінше мақтау үл­кен ұят болып саналатын. Қазір бұл қалыпты құбылысқа айналды.

– Осы жасыңызға дейін бі­раз қаламгермен араласып, дос, ­­жолдас болдыңыз. Осының сын жазуға кедергісі бар ма?

– Әрине өте қатты кедер­гісін келтірді. Өзің жақсы аралас­қан­нан кейін, ашық пікір айту да қиын болады. Жалпы өзімнің дос­тарым көп емес. Саяқ жүргенді жақсы көрем, сыртынан бақылап қана. Сонда ғана объективті бола аласың. Ал күнделікті араласып жүрген досың нашар дү­ние жазса, қатты айта алмай қала­сың. Бірақ бұл сын мәдениеті қа­лыптаспағаннан кейін деп ойлаймын. Темірхан, Жарасқан, Кеңшіліктің сындарын оқысаңыз олар бір-бірін мақтаудың орнына, жас кездерінде бір-бірін аяған жоқ. Бірақ өмірде жақсы сыйласты. 

Әкемнің «Үш ақын. Үш қол­таңба. Бір түйін» деген мақа­ласы бар. Темірхан Медет­бек, Исраил Сапарбай, Жұматай Жа­қып­­баевты сынаған. 

Бір-бірін сынаса да көңіл­деріне кір жуытпайтын қасиет жоғалды. Бұл қауіпті құбылыс. 

– Сіздің соңғы жазғанда­ры­ңызға қарасам, әлем әде­бие­­тінің алыптары туралы екен. Радиодағы жобаңыз да­ кла­ссиктерді таныстыру. Мар­кес, Иси­гуро туралы үлкен ма­қала жаздыңыз. Мұқаға­ли­ді, Жұмекенді жаздыңыз. Осы сынды дұрыс қабылдай алмай­тын мінезден туған жол емес пе?

– Жоқ, олай емес. Сын не жаман, не жақсы деген сұраққа жа­уап бермейді. Өйткені бізде нашар жазушылар да көп. Әде­биетте болып жатқан процес­ке араласу. Талдау. Мұқағали тура­лы кітап бір жылда туған дүние емес. Ұзақ жылдар бойы толғанып, пісіп шыққан дүние.

Сыншы келе-келе қалып­таса­ды. «Гогольдың өлімі» жазыл­ған­ға дейін әдеби сынның формаларын көп іздедім. Сол мақаладан кейін сынның қалай жазылу ке­регін түсінген сияқтымын. Сын­шы әдебиетте назар аударуы керек дүниеге ғана назар аударса – жетеді. Мережковскийді ал, ол ортаңқол ақындарды айтып басын қатырмайды. Толстой туралы жазып, оның несі құбылыс екенін дәлелдейді, талдайды. Сол арқылы қоғамдағы құбы­лыс­­тарды да көрсетеді. Лев Шес­­товты айт, Чехов туралы «Твор­чество из ничего» деген керемет дүние жазды. Шынында да қарап отырсаңыз, Чехов өмірде түкке тұрмайтын адамдардан әдебиет жасады. 

Қоғамда Мұқағалидың орнын белгілеп беретін дүние керек болды. Өйткені оған байланысты дау-дамай көп-тұғын. Оның поэзиясы өміріме қалай әсер еткенін, ақындықтың не екенін көрсету үшін осы кітапты жаздым. Ромен Ролланның «Толстойдың өмірі» деген кітабын қазақ тіліне аудардым. Содан кейін әдеби эсселерін оқыдым. Оның шығармаларынан гөрі эсселері, әдеби сындары қат­ты әсер етті. Әсіресе, Шекспир ту­ра­лы төрт мақаладан тұратын дүниесі. 

«Мәңгілік сәулесі» оқыр­ман­дар тарапынан жақсы қабыл­данды. «Тағдырмен бетпе-бетті» жаз­ғанда Әмірхан Меңдеке қайта-қайта хабарласып, «мынау керемет дүние екен» деді. Сын­шы сондай болуы керек. Өзге­нің жақсы дүниесіне өзі жаз­ғандай қуануы керек. Жұм­екенді жазғанда да солай. Әде­биеттің даму заңдылығын біл­мегендіктен, Мұқағали бірінші ақын, Жұмекен екінші ақын деген жалған ұғым пайда болды. Қазақтың үздік он ақыны кім деген ыңғайсыздау сұрақ қойылды. Ол дұрыс емес. Осы тұрғыдан екі ақын екі бөлек екенін жазуға тура келді. Кейде қоғамда болып жатқан келеңсіз құбы­лыстар осындай кітаптар жазуға итермелейді. 

– Сын жазған адам көзі жет­кен нәрсені айтады. Ол кем­шілік­ті басқалар да көріп отыруы мүмкін. Бірақ соны көре тұра үндемеу, басқа біреу айтсын деп күтетін жағдай біздің әде­биетте көп емес пе? Қазіргі ты­ныштық дауыл алдындағы емес, осындай үрейлі үнсіздік емес пе? «Сен тимесең, мен ти­ме» деген...

– Біреуге сын айту – қашанда қиын. Өзін керемет жақсы көре­тін, өзін классик санайтын қа­сиет қазір бәріне жабысып ал­­ған­дай. Өзінің де, өзгенің де кемшілігін көре отырып үн­демейді. Айтсаң шамданады. Бір жазушымыздың шығар­ма­лары Шыңғыс Айтматов­тан алған әсе­рі арқылы жазылғанын айтып едім, ауыр қабылдады. Мен сол жақтан шыққанын көріп тұрмын. Айтсаң ренжиді. Жақсыдан үлгі алу, еліктеуде тұрған ештеңе жоқ сияқты. Бірақ айтқанды қабылдай алмайтын дүние көп. 

Әдебиетте әр адам жүйелі жұ­мыс істеп үйренуі керек. Біз­де жүйелі жұмыс жасай алған қаламгерлер Құдайға шүкір, бар­шылық. Олар Герольд Бель­гер, Қадыр Мырза Әлі, Мұхтар Мағауин.. 

Қазір уақытты босқа жібе­руг­е болмайды. Біздің жас қалам­герлерде бір жалған түсінік қалыптасқан. Жастардың көбісі өздерінің аз жазатынымен мақ­танатын болыпты. Аз жазған адам­ның бәрі де шетінен классик, көп жазған адамның бәрі де шетінен халтурщик немесе графоман деп ойлау – надандық. Қолыңнан келсе көп жаз. Бірақ жақсы жазуға тырыс. «Краткость – сестра таланта» дегенде Чехов мүлде басқа дүниені меңзеген. Кейде шығарма сенің еркіңге бағынбай кетуі ықтимал. 5-6 беттен асырып әңгіме жазбайтын Чехов «Даланы» жазғанда қалай көсіледі. Өйткені даланың табиғаты шағын көлемге сыймайды. «Соғыс пен бейбітшілік» бір том болса, ана оқиғаның бәрі сыймас еді. Қысқалық туралы айтқан Чеховтың өзінің толық шығармалар жинағы – 33 том. Сондықтан көп жазу керек. Жазу стиль қалыптастырады. Жазуға зауқың соқпай жатса, аудармамен, күнделік жазумен, кітап оқумен айналыс. Оның өзі – шығармашылық. Аз жазу мақтанатын емес, ұялатын нәрсе. 

Іздене берсең, оқи берсең, жазатын дүние де туа береді. Көп ізденетін адамда шабыт таусылмайды. Кітап оқыған сайын идея келеді. «Сөз өнері дертпен тең» деген Абай. Әдебиетпен ауырған адам одан айыға алмайды.

– Қазір не жазып жүрсіз өзіңіз? Не оқып жүрсіз?

– Менің жаза алмай қалған дүнием өте көп. Қасым, Мағжан, Варлам Шаламов туралы жаз­уым керек. Соңғы кезде Нобель сыйлығының иегерлері туралы жазып жүрмін. Жиырма шақты лауреаттың шығармашылығын зерттеп, мақала жаздым. Соңғы­сы – Кнут Гамсунг. Қазір Ана­толь Франсты оқып, бір дүние жазуға дайындалып жүрмін. Мұндағы мақсатым бұл сыйлық­тың әдебиет үшін үлкен өлшем емес екенін, бірақ оны мықты жазу­шылардың да кейде алғанын айтып, халыққа жеткізу. Кім қалай алды? Не үшін алды? Әр адам әдебиеттің бос тұрған же­рін бітеу керек. Мысалы, Есен­­ғали Раушанов құстар туралы кітап жазып, әдебиетіміздегі бір бос орынды толтырды. Сол­ сияқты әдебиеттегі бос тұр­ған бір кем дүниенің орнын тол­тырғым келеді. Бірақ ол үшін көп еңбектену керек, оқу керек, зерт­теу керек, сосын ұзақ өмір сүру керек. 

– Өз-өзіне тамсанып, өз кіта­бын өзі насихаттап, өзіне дән риза болатын әдеттің кө­бей­­генін жазасыз. Сонымен қа­­тар талантқа тасадан тас ата­тын көреалмаушылықтың бар екенін де айтасыз. Осы тасадан атқан тас тиіп жатқан та­­ланттарымыз кімдер? Өз сө­­зіне өзі күпініп, өзін-өзі мақ­­тай­тындарды айтпай-ақ қоя­лық...

– Бар ғой. Көп ондай ақындар. Аттарын атаған ыңғайсыз болатын шығар. Олар мақтауды да керек қылмайды. Әлеуметтік желіде де жоқ. Ал сол желіге тір­келіп, бір күн кірмесе тұра ал­май­тын жағдайға жеткен үлкен ақын­дарымыз бар. Бұл жақсы дүние емес. Өкінішті нәрсе... 

– Ертай Ашықбаев бірде өз буындарында Тұрсынжан Ша­пай сияқты сыншының шық­қанын мақтанып айтқаны бар. Ал сіз өз үзеңгілестеріңізден кім­­­­­­­мен ­мақтанасыз? 

– Әрине Тұрсынжан ағам –өте жақсы сыншы. Бірақ егер оның замандастары мықты болмаса, Тұрсынжан да керемет сыншы бола алмас еді. Ештеңе де тақыр жерге өсіп шықпайды. Біздің буында да әдебиетке жан-тәнімен берілген мықты ақын-жазушылар бар. Солардың ішінен Нұржан Қуантайұлының өнерге берілген тазалығына, бі­лім­ділігіне қатты сүйсінемін. Про­засы да, поэзиясы да мықты. Біз­дің бәрімізден бір артық жері, еш уақытта мақтанбайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

16.11.2018

Қазақстан туризмін дамытудағы кезекті қадам

16.11.2018

Абылай ханның Галдан Цереннің тұтқынында болған жері табылды

16.11.2018

Қазақстан қор биржасы 25 жылдығын қорытындылады

16.11.2018

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті

16.11.2018

Атыраулық Қаһарман Қисметов  Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

16.11.2018

Қазақ жігіті америкалық хоккей командасының капитаны атанды

16.11.2018

​Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Эритреяға қарсы санкцияларды жою туралы қарарын қолдады

16.11.2018

Алматыда белгілі сахна суретшісі Мұрат Сапаровтың көрмесі өтті

16.11.2018

ШҚО Зайсан ауданында Баймұрат батырға ескерткіш қойылды

16.11.2018

Қ. Тоқаев халықаралық кездесулер өткізді

16.11.2018

​Тегеранда Қазақстан-Иран консулдық консультациялары өтті

16.11.2018

Үнді бизнесмендеріне Қазақстандағы инвестициялық жобалар ұсынылды

16.11.2018

Д.Кәлетаев Батыс Қазақстан облысында өтіп жатқан Азаматтық Форумның жұмысына қатысты

16.11.2018

Қазпошта 111 франчайзинг нүктесін ашты

16.11.2018

Елбасы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті

16.11.2018

Астанада жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпаздарына құрмет көрсетті

16.11.2018

Шымкенттен Дубайға ұшатын рейс ашылады

16.11.2018

Шымкентте Қазақстан – Өзбекстан бірінші аймақаралық форумы өтті

16.11.2018

Қостанайлық полицейлер жедел-профилактикалық шара кезінде мал ұрлығын ашты

16.11.2018

Соңғы 10 айдағы салықтық түсімдер бойынша жұмыс қорытындыланды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Mádenıetti adam. Ol kim?

Osy keıde on ekide bir gúli ashylmaǵan kókórim jastarǵa albyrttyqtyń saldarynan jibergen aǵattyǵy men qateligin túzeý maqsatynda apalyq qamqorlyqpen azǵantaı bir aqyl-keńes aıta bastasań, munyńdy muqatý, tuqyrtý dep oılaıtyndaryna túsinbeısiń.  Olardyń bári syndy solaı qabyldaıdy degen pikirden aýlaqpyz árıne, biraq kúndelikti ómirde mundaı jaıtqa jıi tap bolyp jatatynymyz ras endi. Munan soń aldyńǵy tolqyn apalarymyz ben aǵalarymyzdyń aldarynan kese-kóldeneń ótpeı, jumsaǵan jaqtaryna quldyrańdaı usha jóneletin baıaǵy bizdiń kezimizdegi jastardyń eleýsiz ǵana eskertilgen úlkenderdiń áńgimesinen keıin endigári sol kemshilikti qaıtalamaýǵa tyrysatyn elgezektigi, qarapaıymdylyǵy, kishipeıildigi, ıbalylyǵy sanamyzǵa saǵynysh sazyndaı sarqyla oralady. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Sheraǵań shertken sher

Qazaq jýrnalıstıkasynyń qara narlary Sherhan Murtaza men Kamal Smaıylovtyń «Egemendegi» hattary kezinde qoǵamdyq sanaǵa serpilis ákelgeni málim. «Qadirli Kamal Dos!», «Qadirmendi Sherhan!» dep bastap, el ómiriniń qaltarys-bultarystaǵy búkil problemasyn jipke tizip kórsetken, odan shyǵatyn jol izdegen eki tulǵanyń hattaryn qazir oqysań, alysty boljaı bilgen kóregendigine eriksiz tańǵalasyń. 

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Sotqa silteı salý sán be?

Qara qyldy qaq jaryp, ádildikti aıtqan qazaq bıleriniń bılik qaǵıdasy: «Týra bıde týǵan joq, týǵandy bıde ıman joqqa» negiz­delgeni málim. Qasqaıyp turyp qamshysyn aldyna tastap: «Baı bolsań halqyńa paıdań tisin, batyr bolsań dushpanǵa naızań tısin. Baı bolyp paıdań tımese, batyr bolyp naızań tımese jurttan ala bóten úıiń kúısin» dep Áıteke bıdiń shamyrqanǵany, judyryqtaı jumylǵan Qazybek bıdiń Qońtajyny bılik aıtý kezegi tıgende: «Sózdi óńmenime suǵyp aıtqan kezde, eki ıyǵynan eki aıý aýzynan ot shashyp «typyr»» etshi, «kóreıin» dep turdy. Kórdińiz be, bılik aıtqan adam sózimen de kózimen de, susymen de yqtyra alady eken. Qazaq bıleri dala zańynyń oryndaýshylary bolǵan. Tek ádildikti tý etip kótergen onyń aldynda han da qara da birdeı jaýap bergen.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу