Аймақтар • 19 Қазан, 2018

Сенатор Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды

645 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатымен Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ол Шахтинск қаласындағы бірқатар мемлекеттік мекемелердің, шағын және орта бизнес нысандарының тыныс-тірлігімен танысты.

Сенатор Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды

Сенатор қаладағы Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейде болып, ондағы мұражай мен хореографиялық залды, кітапхана мен оқу сыныптарын аралап көрді. Мәртебелі мейманға информатика, физика және жаңа үлгідегі биология, интеллектум және робот техникасы кабинеттері таныстырылып, оқушылар өздерінің дағдылары мен қабілеттерін көрсетті.

Р.Әбдікеров мектептің ұстаздар қауымымен кездесу барысында Жолдауда Мемлекет басшысы алға қойған негізгі міндеттерді жан-жақты түсіндірді. Әсіресе, халықтың табыс деңгейі мен білім беру саласындағы қызмет сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Елбасының тапсырмасын орындау аясында педагогтардың мәртебесін, еңбекақысын, білім беру сапасын арттыру, сондай-ақ оқушыларға және мұғалімдерге  қажетті жағдайлар жасалатыны, мектепке дейінгі білім беруді қамтуын кеңейту жөнінде жұмыстар жүргізілетіні аталып өтілді. Сенатор Елбасының Жолдауы – мемлекетіміздің ұзақ жылдарға даму қарқыны белгіленген маңызды стратегиялық құжат екенін айтты. Р.Әбдікеров аймақтағы білім беру ұйымдарында қолға алынған жұмыстарды жоғары бағалап, білім беру бөлімінің басшылығына ризашылығын білдірді.

Қалалық прокуратурада құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен болған кездесуде сенатор жоғарғы Палатадағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде атқарылған жұмыстар туралы хабардар етті. Сапар аясында сенатор «Atletik» спорттық-сауықтыру кешені мен «Матюхин» құрылыс материалдарын өндіру кәсіпорыны секілді шағын және орта бизнес нысандарында, «Капуста» жекеменшік балалар бақшасында болды.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ