Парламент • 19 Қазан, 2018

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыда жұмыс сапарымен болды

541 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағандыға келді. Облыс активі мен жұртшылық өкілдерімен кездесуде Қ. Тоқаев Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асырудағы басты міндеттерге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыда жұмыс сапарымен болды

Суреттерді түсірген Д.Кузмичев

Сенат Төрағасы xалықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік органдар мен компаниялар жұмысындағы басым бағыт болу керектігін атап өтті.

– Жаңа сапалы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін біз көп жұмыс істеуіміз керек. Жетістіктерге тоқмейілсімей, көзбояушылықпен айналыспай, тек қана еңбек етуіміз керек, – деп мәлімдеді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар, Сенат Төрағасы кездесу барысында әлеуметтік маңызды жобаларды жылдам және нәтижелі жүзеге асыру үшін үнемділікке ұмтылу керектігін айтып, жоғары лауазымды шенеуніктердің әдептен озбауы, кәсіпкерлерге қолайлы климат тудыру және экология мәселелері турасында өзінің ой-тұжырымын білдірді.

Кездесу соңында Сенат Төрағасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыстық мәслихат депутаттары Ғ.Жарылғапов пен Т.Тілемісовке, Абай аудандық мәслихатының хатшысы Б.Цайға, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің кафедра меңгерушісі Қ.Шәкеевке және №38 гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Е.Келмағамбетоваға құрмет грамоталарын табыс етті.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың студенттерімен және оқытушы-профессорлық құрамымен кездесті. Мемлекет-жекеменшік әріптестік  желісі бойынша ашылған «Луч» нейрооңалту орталығында, «КазПласт» ЖШС-інің зауытында және басқа да нысандарда болып, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ