«БӨРІЛІ МЕНІҢ БАЙРАҒЫМ...»

Ішкі туризмнің тартымдылығын арттыруда, жас буынды қазақстандық патриотизм  рухында тәрбиелеуде ұлттық маңызы бар қасиетті де киелі орындардың маңызы айрықша. Солардың бірі – Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені.

Егемен Қазақстан
21.10.2018 1171
2

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жердің тарихын терең білумен қатар  одан да маңыздырақ мәселені–өзіңнің біртұтас  ұлы ұлттың перзенті  екеніңді ұмытуға әсте болмайтынын ерекше атап көрсеткен еді. Тарих шерткен сырға құлақ түрсек, халқымыз сөз бастаған шешендерден, жол бастаған көсемдерден, қол бастаған батырлардан кенде болмаған.  Ел бірлігіне, тұтастығына қалтқысыз қызмет етіп, басты  құндылығымыз Тәуелсіздікке жетуді өмір бойы көксеп өткен бабаларымыздың ұлы арманы, азаттықтың ақ таңы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясаты, кемел басшылығы арқасында жүзеге асырылып, бүгінде ең өркениетті 30 елдің қатарына қосылуды басты бағдар етіп келеміз.

«Бөрілі басы-ұраным, Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым!» деп жыр сүлейі Сүйінбай  жырлағандай, арада қаншама уақыт өтсе де, тарих жылнамасында есімдері ұмытылмастай қалған қахарман бабаларымызды, біртуар тұлғаларды ұлықтау, танып-білу, ғибратқа толы  ерлік істері, биік рухы  арқылы жас буын бойында отаншылдық, қазақстандық патриотизм қасиеттерін орнықтыру асыл парыз саналса керек. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы  ұшқан құстың қанаты талып,  жүгірген аңның  тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар  ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына  мирас етті, деген терең  мағыналы сөздерді ой елегінен өткізетін болсақ, жүрек жұтқан бахадұрларымыздың ішіндегі бірегейі, дарабозы, ентелей  келген жаудың екпінін еңсеруге  ұлтты ұйыстырып, жұдырықтай жұмылдырып , атақоныстан әрі түре қуған Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай білекті батырлықтың, қайтпас қайсарлықтың, баянды бірліктің, жан аяспас достықтың символындай елестері анық.

Алдымен ғалымдар мен тарихшылардың зерттеулеріне, басқа да ғылыми еңбектерге  сүйене отырып, қос тұлғаның ғибратты өмір жолы мен ерлік жорықтарына, араларынан қыл өтпейтін адал достығына қысқаша тоқталып өтейік. Қарасай Алтынайұлы /1598-1671/ –ұлтымыздың қахарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі Шапырашты руының ұранына айналған аса көрнекті тарихи тұлға. Туған жері–Жамбыл ауданына қарасты  Суықтөбе тауының етегі.

Елі мен жерін жоңғарлардан қорғау үшін небір қанды шайқастарға қатысып, бар ғұмырын ат үстінде өткізген. Оның атағы 17 жасында 1615 жылы болған ұрыста әйгіленіп, ақтық демі біткенше белінен қылышын, белдеуден атын шешпеген. Алғашқы соғыста ойраттың екі нөкерін Есім ханның алдына әкеліп, «Хан ием, енді қазақ жеріне көз алартқан жаудың бәрі  осылай тізерлейтін болады» деген екен. Хан «Сен енді қазақтың Қарасай батырысың» деп, ризашылығын білдіріпті.

Оның кемел шағында қазақ-жоңғар арасындағы  әйгілі үш соғысқа да қатысқаны тарихтан мәлім.  Біріншісі–1635 жылғы Сібір-Тобыл соғысы. Екіншісі –1643 жылғы атақты Орбұлақ шайқасы. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келгенін ескерсек, шежіре деректерінде  бабамыздың жойқын ерліктер көрсеткені молынан баяндалады. «Қарасай халқы үшін атқа мінді, Шыдамай жауыздыққа неше түрлі. Сол қуғаннан қуылды Шудан бастап, Қалмақ қашты, баласын, малын тастап» деп суреттелетіні осы ұрыстағы ерлігіне орай айтылады.  Үшіншісі 1652 жылы өткен. Мұнда  қазақ әскерлері қолбасшыларының бірі ретінде  ақыл-парасатымен, тапқырлық-табандылығымен танылады. Ұлы Даланың ежелден қалыптасқан тәртібі бойынша ел бастаған көсемдердің, қол бастаған батырлардың есімі әдетте ру-тайпа атауына телініп, ұранға айналып отырған. Осы бір мысалдан-ақ іргелі рудың қам-қарекетін елдік мұрат-мүддемен тоғыстыра білген  қайраткерлігін аңғаруға болады.  Көзсіз батырлығына, күш-қайратына, ақыл айласына жаулары да еріксіз бас иген. Қалмақ  батыры Карен оның ерен ерлігіне тәнті болып, «Қаратауды  қазақтардан тартып алу қиын. Қазақтар жеңілген күнде де Қаратау бізге жоқ. Қарасай Қаратауды арқалап кетеді» деген  екен.

Ағынтай (1599-1672)  орта жүздің Арғын руынан шыққан. Есім, Жәңгір хандардың сенімді үзеңгілестерінің бірі болған. 1620 жылдан бастап жоңғарлармен болған ірі шайқастардың бел ортасынан көрінген. Жекпе-жектерде үнемі жеңіске жетіп отырған. 1635 жылы болған ірі шайқаста  қалмақтардың қолына түскен Жәңгір сұлтанды Қарасай досымен бірге құтқарған. Аңыздарда оның орасан зор қара күш иесі екені жиі айтылады. Жуан жұдырығы тиген адамды сау қалдырмағандықтан халық «Ағынтай жұдырық» атап кеткен.

Қос батыр сан мәрте майдан даласында атой салса да , жау қолынан емес, өз ажалынан көз жұмған. Оның басты себебі, екеуінің  бір-бірін қорғай білуінде. Қазақтың ата шежіресін жазып кеткен Қазыбек бек Тауасарұлының дерегіне қарағанда Қарасай шайқасқа кіргенде ту сыртынан Ағынтай қызғыштай қорғаштап  жүрген.

Ал Ағынтай жауға қарсы шапқанда Қарасай одан көз жазбаған. Қазақ халқының  ұлттық патриотизмін, ерлік дәстүрін қалыптастыру, орнықтыру миссиясы пешенелеріне жазылған жаужүрек оғландардың  кіршіксіз адалдығы, сертке беріктігі, әсіресе жас буын  үшін тәлім аларлық үлгі-өнеге екені талассыз. Және де Жетісуда туған Қарасай батырға топырақтың Көкше баурайынан бұйыруы, қызылжарлық Баян батырдың соңғы демі Іле бойында үзілуі, ерейментаулық Малайсарының Алатау бөктерінде дүние салуы ұлттық-этникалық біртұтастықтың бөлінбеуінің, атамекенді мызғымас киелі орын  санауының, отаншылдық қастерлі сезімді бағалауының тірек-тағаны тәрізді. Белгілі орыс зерттеушісі П. Румянцев  «Материалы  Семиреченский области» деген кітабында  Қарасайдың бейіті Көкшетау уезінің Айыртау бөктерінде жатқанын жазады. Оның бұл жорамалы негізсіз емес. Егде тартқан шағында бабамыз қазақ жеріне бейбіт өмір орнағанын көңіліне медеу тұтып, жарты ғасырға жуық жұбы ажырамаған жан досы Ағынтайдың мекені  Көкшеге қоныс аударады. Айыртау сілеміндегі  Құлшынбай жотасына бірге жерленген қос тұлға жайлы нақты деректерге негізделген әңгімелер тұрғындар жадында жақсы сақталыпты. Ол жөнінде кеудесі алтын сандық  Қыпшақ ақсақал біраз естелік қалдырыпты. 

Қарасай батырдың тікелей ұрпағы Елбасы ата-баба зиратына тәу етуге келгенде ауыл тұрғындары Нұрсұлтан Әбішұлына бұған дейін ешкім естіп-білмеген бір сырды ақтарып, аманаттарын жеткізеді. «Күйеуім Кәзен 1954 жылы жер жыртып жүріп төбенің етегіне жеткенде түреннің тісі ауырлап қала беріпті. Бір емес, үш рет қайталаныпты. Сүйектің үстінен түстім бе, әлде әулие адам жатыр ма екен деп қорқыңқырап келіп қараса, найзаның ұшын көріпті» деп  Гүлжанат апайымыз әңгіме тиегін ағытыпты. Шапырашты руының үшбұрышты таңбасы бейнеленген найза көненің көзіндей қымбат жәдігер ретінде Президентке табыс етіліпті. 1999 жылы  қос тұлғаға арналған мемориалды кешеннің ашылу салтанатына  Мемлекет Басшысы арнайы қатысады. Осы жылы  Мәдениет ауылы Қарасай, Златогорка Ағынтай атанады.

– Мен Гүлжанат апаны көрдім. Оның күйеуі кездейсоқ табылған найзаны саймандармен бірге сарайға тастай салыпты. Бірде апаның түсінде батыр аян беріп, тапқан нәрселерді үйге кіргіз, деп бұйырыпты. Содан таза шүберекке орап, сандықтың түбіне салып қояды. Мына құдыретті қарашы, құрсақ көтермей жүрген анамыз 11 нәрестені дүниеге әкеліпті–, деген мемориалдық кешеннің директоры әрі шырақшысы  Сәмиддин Омартегі 2001 жылы Президент  мемориалдық кешенге келіп, қолтаңба қалдырғанын, оны сақтап қойғанын, еліміз аман болсын, тәуелсіздігіміздің 100 жылдығында оны ұрпағымыз ашып, оқысын деген тілек білдіргенін жеткізді.  

Биылғы дәстүрлі Жолдауда  бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін  сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше  көңіл бөлінді. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы да бұл бағыттағы қадамдарға ерекше  серпін беріп отыр.Туризмнің түрлері көп.  Оның мәдени-танымдық саласы бойынша туристерді археологиялық ескерткіштермен, киелі орындармен таныстыру, жан-жақты мағлұматтар беру экскурсия жұмыстарында маңызды орын алады.  Айыртау–демалыс пен туризм үшін өте қолайлы өңір. Қазіргі уақытта 34 нысан шеттен келген қонақтарға сапалы қызмет көрсетеді. Бұл өлке тарихи орындарға да бай. Ежелгі адамдар мекені саналатын Ботай қонысы, Айғаным ханшаның үй-жайы, Ш. Уәлихановтың мұражайы, Ақан  серінің, Үкілі Ыбырайдың ауылдары осы өңірде орналасқан. Президент тапсырмасына орай Имантау-Шалқар курорты аймағында мәдени-туристік кластер құру мақсатымен 4 миллиард теңге қаражат қарастырылған.  Бұл орайда, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенінің мәні айрықша, жөні бөлек.

Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті жерлер тізіміне енгізілгелі туристердің ерен қызығушылығын тудырып, тартымдылығы да, танымалдылығы да арта түскен. Тек биылдың өзінде ғана 30 мыңға жуық адам тамашалапты. Композициялық нысан әскери дулыға түріндегі қос мұнарадан тұрады. Былай қарасаң, ежелгі түркі  қағандарының ордасын елестетеді. Айналасы кірпіш дуалмен қоршалып,  мавзолей алдындағы алаң дұға бағыштауға және құрбан шалуға арналған. Алаңның бұрыштарында  қола жапсырмалы  найзалар айқастырыла қойылған. Мавзолейдің ішкі төбесі керамикамен қапталған. Ортасында  шағын зал-пинакотека бар, оның қабырғасында қос батырдың ерліктері үш тілде жазылған.

Интерьерді безендіруге  керамикалық кірпіш пен қордай  граниті қолданылған.  Мұнда келушілер кешенді ел халқының бірлігі мен достығының нышаны ретінде  қабылдайды. Ашылған мезеттен бастап экскурсияға келушілердің, мінәжат етушілердің қарасы бір толастаған емес.Туристер ең көп ат ізін салатын қастерлі орын болғандықтан, қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, аумағы кеңейтілді. Мейманхана, мешіт жұмыс істейді. Тақтайдай асфальт жол төселген. «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қалпына келтіру шараларын талапқа сай атқарып шыққан. Сәмеддин Ниятоллаұлының айутынша, Қарасай батырдың Еркін және Төркін деген ұлдары да осында жерленген. Оларды қалмақтар улап өлтірген. Сонда батыр «өліп көрген жоқпын, одан басқаның бәрін көрдім десем, әлі көрмегенім көп екен ғой», деп көкірегі қарс айрылған. Екі ұлы  Әуез бен Түрікмен Алматы жаққа көшіп кетеді. Кіші балалары  Өтеп пен Көшек қалып қояды. Олардан өрбіген ұрпақтар осы жақта тұрады.

Күмбездің айналасында да сарбаздардың зираты бар. Белгілі жазушы Нағашыбек  Қапалбекұлының «атақты батыр, аты бір елге ұран болған қолбасшы Қарасай бабамыздың 400 жылдығы жақындап келе жатқанда Аубай ағам «Қарасай батыр ізімен» атты мәдени-тарихи экспедиция ұйымдастырып, екі жарым жыл еліміздің түкпір-түкпірін аралап, қасиетті жерлерге тәу етіп, мол материал-құжат жинадық. Ең үлкен олжамыз-Қарасай батырдың бейітін таптық. Бұл істе Көкше өңіріндегі жазушы, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиевтың еңбегі өлшеусіз" деген пікіріне қатысты айтарымыз мынау. Ж. Ерғалиев Парламент Сенатының депутаты  қызметінде жүргенде Елбасының тікелей қамқорлығымен және қолдауымен батырлар жерленген  Құлшынбай жотасына 1999 жылы салынған ең бір еңселі әрі айбатты мемориалдық кешенге күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін айтып, Үкіметке сауал жолдаған болатын. Нәтижесінде қазынадан қомақты қаржы бөлініп, қалпына келтірілген. Оның «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» тізіміне енгізу жөніндегі бастамасы да қолдау тапқан. Осындағы мұражайда Президентке табысталған найзаның сырынан бастап  бүгінгі кезге дейінгі ұлан-ғайыр құнды деректердің жинақталуы туған жерге деген сүйіспеншілікпен қоса ата-бабалар  рухына деген теңдессіз құрметті аңғартады. 

Бүгінде бірегей кешен,тұтас композиция  ішкі туризмді одан әрі дамыта түсуге үлгі боларлық нысан саналады. Облыстық әкімдік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қос күмбезді кесенеге шетелдік туристерді көптеп тартудың , сөйтіп елімізді дүйім елге танытудың ілкімді шараларын белгілеп, қомақты қаражат қарастырып отыр. Мәңгілік тыныстап жатса да, достық құшақтары айқасқан бабаларымыздың ерлігі мен батырлығын айдай әлемге паш етудің басқа да  шаралары ойластырылған. Архитектуралық жағынан қайталанбас шеберлікпен салынған мемориалдық  кесенені көруге жыл сайын еліміздің әр қиырынан мыңдаған адамдар, сондай-ақ шетелден де қонақтар  ағылып жатады. Мектеп оқушылары, жас отау иелері ат ізін жиі  салады.  Спорттық ойындар, турнирлер, бәйгелер өткізіледі. Диқан-механизаторлар арасында «Қарасай», «Ағынтай» атындағы жүлделер тағайындалған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,

Айыртау ауданы.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.01.2019

Шағын фермалардағы жоғарғы технология

21.01.2019

Қостанай облысы өткен жылы алғаш рет экспортқа көлемді ет шығарды

21.01.2019

Тереза Мэй Еуроодақтан шығуға байланысты қосымша жоспарын таныстырады

21.01.2019

Нұрсұлтан Назарбаев Зимбабве Республикасының Президентінің ресми сапары бойынша брифинг өткізді

21.01.2019

Қазақстанда соңғы 10 жылда нәрестелердің өлімі-жітімі екі есе төмендеді

21.01.2019

Қарағандыда мамандандырылған фронт-офис ашылды

21.01.2019

Нұрлан НҰРҒАЛИЕВ: Мен үшін ағам – нағыз қаһарман!

21.01.2019

Әулиеатада денсаулық сақтау деңгейі жақсарып келеді

21.01.2019

«Өлкетану» оқулығы дайын

21.01.2019

Қызылорда облысында экспорт көлемі артады

21.01.2019

Жылқының сүйек құрылымы

21.01.2019

Сәби өлімі неге көп?

21.01.2019

Алматылық студенттердің ішімдікті қаншалықты тұтынатыны зерттелді

21.01.2019

Б.Сағынтаев «Франция–Қазақстан» сауда-өнеркәсіптік палатасының өкілдерімен кездесу өткізді

21.01.2019

Ақтөбеде сегіз өзеннің арнасы тазаланып, тереңдетіледі

21.01.2019

Маңғыстауда үш кеме неге қалған?

21.01.2019

Әл-Фараби ауданына спорттық сауықтыру орталықтары қажет

21.01.2019

Қазақстанда қара және түрлі-түсті металды шетелге шығаруға тыйым салынды

21.01.2019

Қызылорда облысында 283 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды

21.01.2019

«Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» – ең үздік балалар фильмі атанды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Sóz salmaǵy

Baıaǵynyń bıleri taý qulatyp, jer terbetpese de, eldi ıitip, teli-tentekti tıyp, kem basqandy ilgeri ozdyryp, asqynǵandy tejep, órshigendi órelep, ata ǵuryppen, ana úlgisimen bárin jónge saldy. Ul men qyzdyń eteginen tartpaı, aýzynan qaqpaı, qyrandaı túletip otyrǵan. Sodan da shyǵar, «Aýzym jetkenshe sóıleımin, qolym jetkenshe sermeımin, aıaǵym jetkenshe júremin» dep 14 jasynda aýzynan ot shashyp: «El ebelek emes, er kebenek emes, dat!» dep dara tanylǵan Qazybek bıdiń Qońtajynyń tilin baılap, qatty sastyrǵany. Jeteli sózge jetesiz ǵana des bermeıdi.

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Durystyq joly

Jaqsy kisi ataný, tirshilik-turmys, ómir qubylystaryna oı júgirtý, saralap zerdeleý, fılosofıalyq mádenıet qalyptastyrý, tájirıbe jınaqtaý, durystyq, adamshylyq, izgilik, ádildik, degdarlyq jolynda meıirlenip, berekeli qyzmet jasaý, ulttyń ádebi men qaǵıdattaryn jan-tánińmen qabyldaý – naǵyz tabıǵı abzal qasıet.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Bızneske ıkemdilik qaıdan shyǵady?

Adamnyń bızneske ıkemdiligi qaıdan týady degen suraq kóp adamdy oılandyrady. Árıne, motıvasıa kúshti, ol − aqshany kóp tabý. Isker adamdar eshkimniń aldynda ıilmeıdi, «malyń bolsa syılamaı tura almas el» dep Abaı aıtpaqshy, jurtqa da syıly bolady.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Bas paıda algorıtmi

Bas paıdany oılaý – búkil adam balasyna tán dúnıe. Ár adam balasynyń «ózim degende ógiz qara kúshim bar» degen qaǵıdat boıynsha tirshilik quratyny túsinikti. Biraq adam balasy qoǵam ishinde ómir súretindikten ár adamǵa tán osy qasıetti shektep ustaýǵa, ony qoǵamdyq múddege nemese qoǵamdyq ortada qalyptasqan tártipke baǵyndyrýǵa týra keledi. О́ıtkeni munsyz qoǵam damı almaıdy.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Ońtaılandyrý ońalta ma, omalta ma?

Orta bilim salasyna qatysty taǵy bir ońtaılandyrýdyń qulaǵy qyltıyp, «bul qalaı bastalyp, qalaı aıaqtalady?» degen sansyz suraq kóptiń kókeıin búlkildetip otyr. «Qundylyqtar aýysatyn, shyndyqtar shatysatyn uly ózgerister týysynda ómirdiń ózi karnavalǵa uqsap ketedi», dep Mıhaıl Bahtın aıtpaqshy, bilim salasyndaǵy mundaı reformalardan jurttyń júıkesi juqarý bylaı tursyn, karnavalǵa aınalyp bara ma degen kúdik joq emes. Qabyldanǵan, tolyqtyrylǵan zańdar, ár mınıstrdiń tusynda túzilgen baǵdarlamalar, oǵan bólingen qarjy – «óıtemiz de, búıtemiz» dep keletin jarnamaǵa bergisiz jıyndar, konferensıalar, onda sóılenetin sózder qısapsyz desek, artyq aıtqandyq bolmas.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу