Парламент • 22 Қазан, 2018

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыға жұмыс сапарымен барды

558 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды өңірінде болып, облыс активімен кездесу өткізді, сондай-ақ қаладағы бірқатар кәсіпорынды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. 

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыға жұмыс сапарымен барды

Жетістікті санамалап, кемшілікті саралады

Облыс активі мен жұртшылық өкілдерімен кездесуде Қ.Тоқаев Мемлекет басшысының «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асырудағы басты міндеттерге тоқталды. 

«Президент алға қойған мін­дет­тердің мүлтіксіз орындалуы мен нақты көрсеткіштерге қол жеткізу – біздің басты мақса­ты­мыз», деді Се­нат Төрағасы. Ол ең төменгі еңбек­ақыны 1,5 есе­ге кө­бейту туралы Мемле­кет бас­шысы тапсырмасының зор маңызын атап өтті. Бұл шара 1 миллион 300 мың адамға тікелей әсер етеді, 275 мың азамат­тық сала қызметкерінің еңбек­ақы­сы орташа алғанда 35 пайызға өсетін болады. 

Төрағаның сөзінде еліміздің индустриялық дамуының көш­бас­­шы­сы – Қа­ра­­ған­ды облысының әлеуетіне эко­но­микалық талдау жасалды. Сенат басшысының айтуынша, бұл аймақ Индустриялық-инновациялық да­му жөніндегі мемлекеттік бағ­дар­ламаның алдыңғы сапында ке­леді. Мұнда 84 жоба іске асып, инвестицияның жалпы сомасы 252 миллиард теңгеден асты, 6,4 мың жаңа жұ­мыс орны ашылды. Жа­ңа өндірістерде 700 миллиард теңгеден астам өнеркәсіп өнімдері шығарылды. Сонымен бірге Қ.Тоқаев пайдалануға беріл­ген нысандардың бос тұрып қалуы немесе толық күшінде жұ­мыс іс­темеуіне байланысты өткір мә­се­лелерді атап көрсетті. Эко­номи­калық тиімсіздігіне, банкрот болу және басқа да себептерге байланыс­ты кей­бір жобаларды іске асырудан толықтай бас тарту туралы деректер бар. Қарағанды облысында осындай проблемасы бар 10 жоба бар. Төраға ретсіз шығындарға апа­рып соғатын әрі мемлекеттік саясатқа кері әсер ететін мұндай мә­селелерге жол беруге болмайтынын қадап айтты. 

Қ.Тоқаев елімізді аумақтық тұрғыда дамытуға байланысты жаңа әдістер енгізу қажеттігін атап өтті. «Әкімдер аймақтардағы ең өткір мәселелерді шешуге баса назар ауда­руы керек, ол үшін қажетті қаржы ресурстары бар», деді ол. 

Сенат Төрағасы аймақтарды дамыту бағдарламаларын тиімді әрі ойласып қалыптастыруға ша­қырды. «Негізгі қаржы әлеу­мет­тік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталуы тиіс. Қаржыны үнемдеуге ерекше назар аударылып отыр. Мойын­дауымыз керек, біз осы кезге дейін шамамызға қарамадық. Енді бізге өмір көрсетіп отырған жаңа жағдайға бейімделу керек. Қымбат қызмет көліктері, жоғары лауазымды шенеуніктердің атшаптырым кабинеттері мен басқа да үстемдік көрсеткіштері көненің көзі секілді тарих қой­науына кететін кезі алыс емес деп ойлаймын». 

Қ.Тоқаев азаматтар тыныс-тірші­лігінің сапасын арт­тыру­­­дағы бизнестің әлеуметтік жа­уа­п­­кершілігін де еске алды. Оның пікірінше, ол ең алдымен «АрселорМиттал Теміртау» се­кіл­ді ай­мақтағы жүйе құраушы кәсіпо­рындарға қатысты болып отыр. «Еңбек жағдайын жақсарту мен қауіпсіздігі, қызметкерлер еңбегін лайықты жалақымен қамтамасыз ету ірі бизнестің күн тәртібінен түспеуі тиіс», деді Төраға.

Төраға сөзінде Жолдаудағы тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, азаматтар қауіпсіздігін арт­тыру секілді салалар бойынша міндет­терді іске асыру мәселелері де қамтылды. 

Қ.Тоқаев алғашқы дәрігер­лік-санитарлық көмек сапасын сынға алды. «Қазір дәрігерлер есеп беруден қолдары босамайтынын мойындау керек. Олар­дың пациенттермен айналысуға уақыттары қалмай барады. Ком­пьютерге телмірген дәрігер мен ешкімге керегі болмай қалған емделушінің көрінісі қазір жиі кездеседі», деді Төраға. 

Сенат Төрағасы тұрғын үйді несиеге беруге арналған «7-20-25» бағдарламасының орындалуы ­мен жеңілдігі бар ипотеканың бастапқы жарналарын жергілікті бюджеттен ішінара субсидиялау мә­селесін ойластыру жөніндегі Президенттің тапсырмасына жан-жақты тоқталды. «Тұрғын үй мә­селесі жедел әрі жылдам шешілуі керек, өкінішке қа­рай бізде олай болмай отыр. Қарапайым жандар жазып отыр­ғандай, әуре-сарсаңға түсіре­тін кез­дері көп. Ұлттық банк пен Үкі­­мет бұл бағытта бірыңғай жұ­мыс істей алмай, бағдарламаға се­німді жойып, адамдардың кө­ңі­лін қалдыруда», деді Сенат басшысы. 

Кездесу соңында Сенат Төр­ағасы өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына қосқан үлесі үшін облыстық мәслихат депутаттары Ғ.Жарылғапов пен Т.Тіле­місовке, Абай аудандық мәсли­хатының хатшысы Б.Цай­ға, Қа­рағанды мемлекеттік медици­на­­лық университетінің кафедра мең­герушісі Қ.Шәкеевке және №38 гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Е.Кел­ма­ғамбетоваға құрмет грамоталарын табыс етті.

Ойластырылмаған реформа орға жығады

Академик Е.Бөкетов атын­­дағы Қарағанды мемлекет­тік уни­вер­ситетінің оқыту­шы­лары­мен және студенттерімен кездесуде Мем­лекет басшысының Жол­да­уында айтылған идеялар әңгіме ар­қауына айналды. Қ.Тоқаев өз сөзінде Елбасының отандық білім бе­ру жүйесінің алдына қойған жаңа мін­деттерге жан-жақты талдау жасады. 

Атап айтқанда цифрландыру, Назарбаев зияткерлік мек­тептерінің әдістемелерін енгізу, білім беру ортасының сапасын арттыру, жайлы әрі қауіпсіз оқы­туға арналған жағ­дайды қам­тамасыз ету туралы айтылды. «Бар­лық мектептер мен балалар бақшалары бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі, мектеп психологтарының жұ­мы­сы күшейтіледі. Салалық минис­трлік­тер мен әкімдіктер осы маңыз­ды жұмыстарға кірісуі тиіс», деді Төраға. 

Жоғары оқу орны түлек­терінің жұмысқа орналасуы оқу ордасының білім сапасын бағ­алаудың басты талабы ретінде енгізу туралы Пре­зиденттің тапсырмасы туралы айта келіп, Қ.Тоқаев еңбек нарығына мұқият мониторинг жүргізу және сұранысты зерделеу қажеттігін атап өтті. «Болашағы бар кәсіптер мен нарықтың сұраныстарын зер­делеу жөніндегі жүйелі жұ­мыстарды қалыптастырып алу, одан кейін ол мәліметтерді әрбір түлекке жеткізу маңызды болып отыр», деді Сенат Төр­ағасы. 

Қазіргі жағдайға қатысты алғанда, бүгінгі таңда, Қ.Тоқаев айтқандай, көптеген қазақстандық жоғары оқу орны уақыт талабы қойып отырған ауқымды міндеттерді шеше алмай отыр. «Біздің университеттер ғылым мен технологиядағы, өмірдің әр саласындағы болып жатқан жаһандық өзгерістерге сай жа­ңаруға дайын емес. Отандық жоғары оқу орындары шетелдік оқу мекемелерімен бәсекеге төтеп бере алмайды». Мектеп түлек­тері­нің едәуір бөлігінің көрші мем­лекет­тердегі жоғары оқу орындарына кету көріністері тоқталмай отырғаны дабыл қақтырады. Сенат Төр­ағасы соңы ауыр зардаптарға соқтыратын бұл өзекті мәселелерге Үкімет пен әкімдіктерді нақты ше­шім және іс-әрекетпен анық жауап беруге шақырды. 

Қ.Тоқаев білім беру саласын­дағы реформаларға атқарушы органдар да баса назар аударуы қажет деп санайды. «Мұндай эксперименттер аз болған жоқ, білім беру жүйесі реформалардың шырмауынан шыға алар емес. Сондықтан реформалар қажет, бірақ олар мұқият ойластырылып жасалуы тиіс, әйтпесе олар тек зиянын тигізуі мүмкін деген қатаң пікірдемін», деді Төраға.

Білім беру жүйесі, Төраға сөзінде айтылғандай, адам ре­сурс­тарын даярлауда және дамытуда басты құрал болып табылады, ол ұлттық құрылыс пен экономикалық жаңғыруда аса маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты Қ. Тоқаев қазіргі замандағы мемлекет құрылысын қалыптастыру мен экономикалық өркендеуге жол ашатын, білім беру саласында жаңалық ретін­де табысқа қол жеткізген шетел­дік тәжірибелерді зерделеуге шақырды. «Жапонияның, Оң­түстік Кореяның, Сингапурдың тарихы көрсетіп отырғандай, бүкіл еңбек жолында білімі мен кәсіби дамуын үзбей шыңдап отыруға дайы­н болатын белсенді, патриоттық сезімі жоғары азаматтарды дайындау ұлттық білім беру жүйесінің бас­ты міндеті болуы тиіс», деді Сенат Төрағасы. 

Білім беру жүйесін үш тілде бі­лім беруге көшіру тақырыбы да қоз­ғалды. Қ.Тоқаев бір жағынан ха­лықаралық байланыс тілі, екін­ші жағынан қазіргі замандағы ақпа­раттық технологияның не­гізгі тілі болып табылатын ағыл­­шын тілінің маңызды рөлін атап өтті. 

«Коммуникативтік дағдылар – жұмыс күші үшін аса маңызды фактор, ал ХХІ ғасырдағы ағыл­шын тілі дегеніміз – бизнестің, ғылымның, дипломатияның тілі. Кейбір лингвистердің пайымдауынша, ағылшын тілі – жай ғана тіл емес, жаһандық коммуникация құралы», деді Сенат Төрағасы. 

Қ.Тоқаев балалар бақшасы мен бастауыш мектептерден бастап қазақ тілін үйренуге баса назар ауда­ру керектігін атап өтті. Сонымен бірге біз орыс тілін де білуіміз керек. Төраға өз мәдени ерекшелігін ұмытпай, өзінің әлемдегі орнын ұғына отырып, халқын ағылшын тілін жақсы үйренуге шақырған, қазіргі заманғы Сингапурдың негізін қалыптастырған Ли Куан Ю-дің сөзін мысал ретінде еске салды. 

Қ.Тоқаев еңбегімен елге таныл­ған қарағандылықтарға, ҚарМУ-дың оқытушылары мен студенттеріне Сенаттың грамотасы мен алғыс хатын табыс етті. 

Мемлекет пен бизнестің берекелі әріптестігі

Парламент Сенатының Төр­ағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қара­ғандыға жұмыс сапары барысында мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі (МЖӘ) же­лісі бойынша ашылған «Луч» нейро­оңалту орталығында болды.

«Луч» 2017 жылдың ақпа­ны­нан бастап қызмет етіп келеді. Ашылу кезінде орталықта емде­лушілерге арналған 20 орын болатын. Қазір олардың саны 70-ке дейін артқан, жылына бұл жерден 1500-ден астам адам ем алып қайтады.

– Бізге бүкіл Қазақстаннан ем іздеп келеді, – дейді «Луч» нейро­оңалту орталығының басқарушы директоры Елена Ли. – Егер біз тек Қарағанды облысына ғана қызмет етсек, осындай ұзын-сонар кезек болмас еді. Алайда бізге Павлодардан, Қостанайдан және тағы да басқа қалалардан емделушілер келеді.

Жабдықталуы және терапевтік процедуралар жиынтығы бойынша «Луч» нейрооңалту орталығы – еліміздегі жалғыз мекеме. Тек осы жерде ғана су астында омырт­қаны созу аппараты бар. Орталық базасында Қарағанды мемлекеттік медициналық уни­вер­ситетінің нев­рология және оңалту кафедрасы жұмыс істейді. Кеңес беру және ем жүргізумен ғылыми дәрежелері бар жоғары білікті мамандар айналысады. Штатта массаж жасаушы маман, емдік денешынықтыру нұсқау­шысы, логопед бар.

Осы жылдың маусымында, сонымен қатар МЖӘ желісі бо­йынша «Луч» Жезқазған және Теміртау қалаларында 25 орындық екі филиа­л ашты. 

– Бұрындары бізде бизнес осылай белсенді дамымаған еді. Қара­­­ғанды облысында мемле­кет-жекеменшік әріптестігі жүйе­сінің жақсы нәтижелер көрсе­тіп жат­қаны қуантады, – деді Парламент Сенатының Төрағасы. 

Сенат Төрағасының келесі аялдаған жері «КазПласт» ЖШС зауыты болды. Бірін­ші кезекте ол кәсіпорын жұмыс­керлерінің еңбек­ақысы қанша екенін сұрады. «КазПласт» ЖШС директорының өндіріс бо­йынша орынбасары Вла­димир Бого­венко орташа еңбекақы айына 180 000 теңгені құрайды деп жауап берді. 

Зауытта Қасым-Жомарт Тоқаев­қа өндірістің барлық кезең­дері көрсетілді. 

Кәсіпорында өткен экскур­сиядан соң Сенат Төрағасы «КазПласт» ЖШС шығаратын өнім қытай тауарларын алмас­ты­руға лайықты екенін және ол өз кезегінде аймақтың және жалпы еліміздің экономикасына оң ықпал етіп отырғанын атап айтты. 

«КазПласт» зауыты 2011 жы­лы құрылған болатын, онда 50 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын қат­тылығы жоғары гофрланған по­ли­пропилен кәріз құбырларын, плас­тик сыйымдылықтар, құ­дықтар, май жинақтауыштар, жол бөгет­терін, көшелерде орнатылатын құмы­ралар мен балаларға арналған ойын кешендерін жасап шығарады. 

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталығындағы «Нә­тиже» сүт фабрикасын аралап көрді. 

Кәсіпорын нарықта 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда кәсіпорынның сүт өнімдері Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарына, сондай-ақ көршілес өңірлер мен Астанаға тасымалданады. 

Жуырда «Нәтиже» айранның жаңа екі түрін – протеин құрамы жоғары және йод қосылған жаңа өнімдер желісін сатылымға шы­ғарды. Фабрика сонымен қа­тар италиялық технология бо­йынша балмұздақтың жиыр­мағ­а жуық түрін өндіре баста­ған. Ол үшін Лон­доннан арнайы технолог маман ша­қыртылыпты. 

Сенат спикері жаңа өнім түр­лерінен дәм татып, оларға жақсы баға берді. 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы