Өнер • 22 Қазан, 2018

«Әз-аға, қазағымның күй абызы...»

718 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ күйінің құдіретін әлемге танытқан дәулескер домбырашы, Халық әртісі Әзидолла Есқалиевтің есімі елге етене таныс. Күй абызының өмірден өткеніне де бір жылдан асты. Өнерге деген құрметтің көрінісіндей болып Атырау халқы Әз-аға атап кеткен күйшіні еске алу кеші өтті.  

«Әз-аға, қазағымның күй абызы...»

Әкесі Есқали баласының ерекше қабілетін кішкенесінен байқаса керек, күй анасы Дина Нұрпейісованы үйіне шақырып, бір апта қо­нақ етіп, күй тыңдатады. Осы­лайша өнерге деген талпы­нысына Динаның өзі жол ашқан Әзидолла кейін Алматыға оқуға барып, Ахмет Жұ­банов­тан дәріс алған. Құр­манғазы оркестрінде еңбек еткен жылдары да жарқырай көрінді. Та­лай елдің сахнасында қос ішектен әуезді үн таратып, халықтың қошеметіне бөленді. Мәскеуде өткен бүкіл­одақтық жас орындаушылар байқауында топ жарып, алтын медаль иеленді. Күй анасының ақ батасымен өнер жолына аттанған жас Әзидолла даңқты домбырашы ретінде қалыптасып, қырық жылдан соң туған жері Атырауға оралды. Еске алу кеші Махамбет атын­дағы академиялық қазақ драма театры әртістерінің күйші өмірінен сыр шерткен қойылымымен ашылды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтжан Тоқтаған, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, белгілі күйші, «Құрмет» ор­денінің иегері Ермек Қазиев Әз-аға туралы естеліктер ай­тып, күйлерін орындады. Мәдениет қайраткері Рахила Құлсариеваның дири­жер­лігімен Д.Нұрпейісова атын­дағы академиялық қазақ ха­лық аспаптар оркестрі де Әзи­­долла Есқалиевтің репер­туа­рындағы күйлерді орындады.

– Ғибратты із қалдырған Әзидолла Есқалиевтің есімі қашан да құрметпен аталады, – деп атап өтті облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр. – Дәулескер домбырашыны еске алуға, өнерін насихат­тауға арналған шаралар алға қарай да жалғасын табады. 

Атырауда екі жылда бір рет Әзидолла Есқалиев атындағы республикалық «Алтын домбыра» күй байқауы өтеді. Сол байқаудың бас жүлдегерлері – халықаралық байқаулардың лауреаты Нұржан Тәжікенов, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Абылай Тілеп­бергенов, А.Жұбанов атын­дағы дарынды балаларға ар­налған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқу­шысы Дастан Қазкеновтер шараға арнайы келіп, өнер­лерін көрсетті.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ