Жиында сөз алған Қытай мемлекеттік даму банкінің атқарушы вице-президенті Лю Цзинь мырза аталған банктің қаржылық даму институты ретінде Қазақстанға ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.
− 2005 жылы банк Қазақстанға ресми жұмыс тобын жіберген болатын. 2006 жылы алғаш рет «Мойнақ СЭС» жобасына қаржылық қолдау көрсетті. Осылайша екіжақты серіктестік басталды. Осы 13 жыл ішінде ҚМДБ Қазақстан Үкіметінің және ҚХР елшілігінің қолдауымен бірнеше мемлекеттік органдар, қаржылық ұйымдар мен кәсіпкерлер өзара тығыз достық қарым-қатынас орнатты, – деді Лю Цзинь. Оның айтуынша, 2018 жылдың маусым айының соңына дейін ҚМДБ Қазақстанда жалпы сомасы 33,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 32 жобаға қолдау көрсетіп, 28 млрд АҚШ долларын құрайтын құжаттарға қол қойған.
− Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестік «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында белсенді дамып отыр. Алдымызда үлкен мүмкіндіктер көкжиегі ашылды. Астанадағы ҚМДБ өкілдігі 2018 жылы «Бір белдеу, бір жол» саммитінен кейін банктің шетелде ашылған алғашқы өкілдігі. Екі елдің көшбасшылары арасындағы келісімнен кейін оны жүзеге асыруға нақты шаралар қабылданды, – деді ҚМДБ атқарушы вице-президенті.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов өз сөзінде Астанада ҚМДБ өкілдігінің ашылуы екі ел көшбасшылары арасындағы келісімдерді жедел әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
− «Бір белдеу, бір жол» маңызды халықаралық бастамасы Қазақстанда тиімді жүзеге асырылып жатыр. Президент Бейжіңге сапарында Қытайдағы қаржылық институттардың өкілдерімен кездесіп, өзара серіктестік орнату туралы көптеген келісімге келді. АХҚО «Бір белдеу, бір жол» аясында және ЕАЭО аясында Орталық Азиядағы аймақтық қаржылық хаб болу мақсатын алға қойып отыр, – деді Қ.Келімбетов.
Салтанатты шарада сөз алған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2017 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 33 процентке көбейгенін, осы жылы Қазақстан мен Қытай бірлесе өткізген іскерлік кеңеске 300 компания қатысып, жалпы сомасы 13 млрд долларды құрайтын 40 құжатқа қол қойылғанын хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде елімізде Қытай капиталының қатысуымен барлық өнеркәсіп саласында 1200 кәсіпорын жұмыс істеуде. Ұзақ мерзімді серіктестікке ҚМДБ да өз үлесін қосып, ірі жобаларға қаржылай қолдау көрсетіп отыр.
Айтулы шарада АХҚО мен ҚМДБ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат бойынша тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастық негізде ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»