Саясат • 22 Қазан, 2018

Бақытбек Смағұл: Ерен тұлғаға лайықты құрмет керек

807 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының өкілі, Кеңес Одағының Батыры Николай Кремениш ұсыныс хат жасады. Осы хат негізінде Үкімет басшысына ой тастадық.  

Бақытбек Смағұл: Ерен тұлғаға лайықты құрмет керек

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғам­ның өзінің тамыры тарих­тың тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», деп атап көрсетті. 

Бұл ретте батыр бабалары­мыздың биік рухы халық, әсіресе жас ұрпақ арасында патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына, Отанға деген мақтаныш сезімін ұялатуда. Сондай ұлтын ұлық тұтатын, болмысы батырлықпен біте қабысқан тұлғаларымыздың бірі – Қасым Қайсенов. 

Ұлы Отан соғысында теңдес­сіз ерлік көрсеткен тұлға, Қазақ­станның Халық Қаһар­маны Қасым Қайсенов Кеңес Одағы­ның Батыры атағына лайық еді және соған ұсынылған. 1943 жылы қыркүйекте Днепрдің оң жағалауы үшін болған шай­қаста ол ерен ерлік жасады, арқыраған арынды өзеннен өзінің партизан отрядымен бірінші болып өтіп, жау тылындағы Григорьевка, Луковицы, Зарубинцы хуторларын тартып алып, Қызыл Армия­ның негізгі күштері келгенше беріспей, ұстап тұрды. Алайда сол қырғында ауыр жарақат алып, артынша Днепрден бірінші болып өткендегі, Букрин плацдармын дайындаудағы ерлігі ұмыт қалды да, ең жоғарғы атақ-дәрежелер өзгелердің қан­жы­ғасында кеткен. Оның құ­жаты араға уақыт салып, парти­зан штабының архивінен та­был­ған. Ал Қ.Қайсеновтің қара­мағын­дағы 13 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағын алған. 

1995 жылғы 9 мамырда Елба­сы Н.Назарбаев өзінің Жар­лығымен Қасым Қайсеновке еліміздің ең жоғарғы наградасы – «Халық Қаһарманы» атағын тапсырды. Биыл – Қасым ағамыздың 100 жылдық мерейтойы. Қасым Қайсеновтей қаһарманымызға қанша марапат көрсетсек те, көптік етпейді. Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, біз Премьер-Министр Б.Сағынтаевтан Зайсан шекара отрядының 2017 әскери бөліміне қарасты шекара заставасын «Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасы» деп қайта атау мүмкіндігін қарастыруды сұрадық. 

Шығыс Қазақстандағы ше­кар­а­лық заставаға тек осы өңір­­дің ғана емес, бүкіл еліміздің мақ­­танышы саналатын батыр Қасым Қайсеновтің есімінің берілуі алда келе жатқан Жеңіс­тің 75 жылдығына үлкен тарту болар еді. Және бұл елдің ше­тінде, желдің өтінде жүріп, Қазақ­­стандағы бейбітшілік пен тұрақ­тылықты, бал бөбектердің тыныш ұйқысы мен күміс күл­кісін қорғаған сардарларымыз бен сарбаздарымыздың рухын көтеріп, жүректеріне мақтаныш сезімін ұялатары сөзсіз. 

Бақытбек СМАҒҰЛ,

Мәжіліс депутат