Бизнес • 23 Қазан, 2018

Кәсіпкерлерге қолайлы қоныс

376 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Кәсібің – нәсібің» дейді қазақ. Бүгінде кәсіпкерлік қабілетің қаншалықты, бизнеске бейімділігің қай дәрежеде екені аса маңызды. Барлық табиғи қабілеттерді ақша құндылығы шаң қаптырған заманда жеке бизнесің болмаса, ертеңгі күніңе алаңсыз сенім артуға болмайды. Осы ретте бизнеске бейімдейтін орта, кәсіпкерлікке қолайлы қоныс ауадай қажет.  

Кәсіпкерлерге қолайлы қоныс

Белгілі экономикалық сарап­шы­лардың айтуынша қазіргі таңда еліміздегі кәсіпкерлікке ең қо­лайлы қоныс, орта және шағын бизнестің дамуына сер­пін беріп отырған ірі орта­лық – Астана қаласы. Бұл тұжы­рым­ды халықаралық беделді сарап­шылық орталықтар да қуат­тайды. Мәселен, 2017 жылы Бүкіл­әлем­дік банктің бизнес жүргізу же­ңілдігі рейтингі бойынша Аст­ана қаласы еліміздің өңірлері ішінде ұлттық рейтингтің көш­бас­шысы атанып, Мемлекет бас­шы­сының арнайы сыйлығына ие болды.

Соңғы сегіз жыл ішінде елор­да­дағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бес есе артқан. Бас қаламыздың ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің (ШОБ) үлесі 54,4 пайыздан асып жығыл­ды. Сонымен бірге бүгінде ШОБ субъектілері елордадағы негіз­гі жұмыс берушіге және қала­мыз­дың бас инвесторына айна­лып отыр. Елордада сауда және қызмет көрсету сала­ларында шағын кәсіпкерлік ашу барынша жеңілдетілген. Арнайы ашылған Қалалық қызмет көрсету орта­лығының да бизнес жүргізуді барынша жеңілдетуге қосып отырған игі ықпалы өлшеусіз. Осы орталықта кәсіпкерлер мен инвесторларға кез келген уақытта «бір терезе» қағидаты бойынша ком­муналдық қызметтен бас­тап, архитектура және жер қатынас­тары мәселелеріне байланысты барлық қызмет түрі көрсетіледі.

Қалалық кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция жөнін­дегі басқарма басшысы Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, бизнес жүргізуді жеңілдетуге байланысты елордада тиімді жұмыс істеп келе жатқан республикалық және қалалық бағдарламалар шеңберінде соңғы жылдары жалпы құны 175 миллиард теңгені құрайтын 1163 жобаға қолдау көрсетіліпті.

Көзіқарақты қала тұрғындары биыл көшелерде жеміс-жидек және көкөніс сататын жоғары талғамға сай дүңгіршектердің көбейе бастағанын байқаған шығар. Бұл – Астана қаласы әкімдігінің арнайы қабылдаған «Көше саудасына – 1000 орын» атты жаңа бағдарламасының аясында жасалып жатқан игі бастаманың көрінісі. Өткен жылы осы бағдарламаны іс жүзіне асы­ру мақсатында «Аstana» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы құрылды. Қала көшелерін абаттан­дыру тәртібіне өзгерістер ен­гізіліп, тұң­ғыш рет көше сауда­сын­а қатысты субъектілер арасында онлайн режімдегі аукцион өткізілді. 

«Осы бағдарлама аясында қазан айына дейін көкөніс, гүл, газет және кәдесый сататын дүңгіршектер, фаст-фуд және басқа қызмет көрсету нүктелері үшін 580 жер телімі бөлінді. Біз арнайы ашылған сайтта белгілі бір орынға конкурс жариялаймыз. Екі апта уақыт ішінде кез келген кәсіпкер конкурсқа қатысу үшін өтініш беруге тиіс. Содан кейін ашық түрде онлайн режімде аукцион өткізіліп, жеңіске жеткен кәсіпкер павильон орналастыратын жер теліміне ие болады. Стандартты павильонның көлемі – 10 шаршы метрге тең. Жер телімі 10 жыл мерзімге жалға беріледі. Бүгінге дейін осы бағдарлама аясында жекеменшік субъектілерден 1,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1200 жаңа жұмыс орны ашылды», дейді «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Сонымен бірге бұл әлеумет­тік-кәсіпкерлік корпорациясына кәсіпкерлер қаламыз­дың белгілі бір ауданында қонақ­үй, жанар-жағармай стансасын немесе бизнес орталықтары құрылысын салу үшін өтініш берулеріне болады. Корпорация бұл өтініштерді зерттеп, аталған нысандардың қаншалықты қажеттігін анықтайды. Қазір кәсіпкерлер тарапынан түскен осындай 17 жоба мақұлданып, қала экономикасына 34 млрд теңге инвестиция тартылды.

«Astana» ӘКК» акционерлік қоғамы коммуналдық меншік­ті жалға беру жөніндегі өңір­лік бағдарламаларға да белсене қатысуда. Мәселен, елорда әкімдігі ӘКК-ге жалпы көлемі 45 мың шаршы метрді құрайтын коммуналдық меншікті сенімді басқаруға берді. Оның 11 мың шаршы метрді құрайтын нысандары қазірдің өзінде жалға берілді.

Шағын және орта бизнес шын мәнінде Астана қаласы­ның экономикалық дамуына, әлеуметтік проблемаларды шешуге, жұмыссыздықты азай­туға барынша ықпал ететін қуат­­ты қозғаушы күшке айналып келеді. Сондықтан кәсіп­кер­­лікпен айналысуды ниет қыл­ған қала тұрғындарына бизнес жүргізуді жеңілдетуге арналған қала әкімдігіндегі арнайы бағ­дарламаларға қатысып, бақ сынап көрулері үшін барлық мүмкіндік жасалған.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»