Әлем • 23 Қазан, 2018

Шетелдік БАҚ: Елбасының Финляндия мен Бельгия мемлекеттеріне ресми сапары

405 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының 16-19 қазан аралығындағы Финляндия мен Бельгия мемлекеттеріне ресми сапары бірқатар шетелдік басылымдар бетінде көрініс тапты. Ақпарат құралдары Елбасының ресми кездесулерінен бөлек, «Азия-Еуропа» форумындағы баяндамасына баса назар аударды.

Шетелдік БАҚ: Елбасының Финляндия мен Бельгия мемлекеттеріне ресми сапары

Еуропамен серіктестіктің жаңа белесі 

Елбасының Бельгия бизнес өкіл­дерімен кездесуі туралы жазған Әзербай­жанның Azernews ақпараттық агенттігі Н.Назарбаевтың шетелден инвестиция тарту жоспарына тоқталған. 

«Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Бель­гияда өткен Еуропа кәсіпкерлерімен кез­десуінде Еуропа мемлекеттері­нің Қазақ­станның сауда, экономика, инвес­тициядағы маңызды серіктестері екенін айтып өтті. Қазақстан Еуропа одағы­ның Орталық Азияға арналған Жаңа әріптестік стратегиясының мүшесі. Еуропа одағы Қазақстанның үлкен сауда-экономикалық серіктесі. Қазақстан негізінен Еуроодаққа энергия экспорттайды. Ал Еуроодақтан машина, транспорт жабдықтары және химиялық заттар импорттайды», делінген Әзербайжан газетінде. 

Ақпаратта Еуропадан Қазақстанға 180 миллиард АҚШ долларынан көп тікелей инвестиция тартылып, Еуропа қайта құру және даму банкі жалпы құны 7 миллиард еуро болатын бірнеше жобаны қаржыландырғаны туралы айтыл­ған. Сондай-ақ еуропалық «Альстом», «Линде Груп», «Эр Ликид», «Данон», «Викат», «Хайдельбергцемент» компанияларымен серіктестік жайы да қозғалған. 

Мазмұнды диалог қай кезде де маңызды 

The London post газеті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Азия-Еуропа» форумының ХІІ саммитінде сөйлеген сөзіне тоқталып, әлемнің табысты диалог пен өзара түсіністікке қол жеткізуі маңызды екенін атап өткен. 

Газеттің бас редакторы Шахид Куреши Елбасының ойларымен келісетінін айта келіп: «Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт­тар арасында мардымды диалог пен келіссөздер құрылмаса, өткен ғасырдағы қақтығыстарға қайтып оралу қаупі бар» деуі өте орынды. Өйткені ұлттар ара­сын­дағы мазмұнды байланыс қай кезде де маңызды болды. Өткен жүзжылдықтағы конфронтацияны болдырмауымыз үшін нәтижелі келіссөздерге тырысуымыз керек», дейді өз мақаласында. 

Адамзат алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырды

Мультимедиялық жаңалықтардың еуропалық платформасы eureporter қазанның 21 күні жариялаған «Қазақстан Президенті АСЕМ саммитінде көзқарасын білдірді» атты мақалада Н.Назарбаевтың саммитте негізгі баян­дамашылардың бірі болғанын атап көрсеткен.

«Көшбасшылар сауда және инвестициялар, байланыс, орнықты даму мен климат, терроризм, киберқауіпсіздік және реттелмеген көші-қон сияқты ауқымы кең мәселелер бойынша екі құрлық арасында диалог пен әріптестікті нығайтуға тырысты. 

Олар сауда-саттықты ұлғайту, қауіп­сіздікті жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және қоғамдарды жақындастыру мақ­сатында екі құрлық арасын бұрынғыдан да байланыстыруға келісті.

Олардың арасында саммиттің негізгі баяндамаларының бірін жасаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болды» деп жазды.

Бұдан әрі ақпарат құралы «Президент Назарбаев АҚШ, Ресей, Қытай және ЕО сияқты алпауыт ойыншыларды адамзат алдындағы жауапкершілікті сезінуге және халықаралық шиеленістерді шешудің жолын іздеуге шақырды.

Сонымен қатар, АҚШ, Ресей, Қытай елдерінің, сондай-ақ Еуропа одағының басшыларын диалогқа шақырып, өзекті проблемаларды талқылау үшін Астана алаңын пайдалануды ұсынды» деп тарқатады.

Өзекті халықаралық мәселелер туралы сұхбат берді

Еуропа саясатына негізделген Euractive медиа-платформасы ресми сайтында ақпарат құралының бас редакторы Георгий Готевтің Елбасымен сұхбатын жариялады. Қазақстан мен Еуропа елдерінің серіктестігі, инвестициялық жобалары, экономикалық дамуы туралы сұхбатта Ауғанстандағы жағдай да назардан тыс қалмаған. Президент Ауғанстандағы жағдайды оңалту бағытында Қазақстанның қолдауымен атқарылып жатқан терроризм мен экстремизмге қарсы іс-шаралар туралы айтып өткен. Сонымен қатар Қазақстан­ның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі, сыртқы саяси жоспары туралы ой бөліскен. 

Бұдан әрі Елбасы 2018 жылғы 28 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясында БҰҰ-ға мүше 70-тен астам мемлекет Қазақстан бастамасын қолдап, Терроризм мен азат әлемге қол жеткізу мінез-құлық кодексіне қол қойғанын атап өткен. Сондай-ақ еліміздің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау мақсатында белсенді жұмыс атқарып, күн тәртібіндегі барлық мәселелерді жүзеге асыруға қолдау көрсетуге ниетті екенін атап өткен.

Дайындаған 

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»