Қазақстан • 23 Қазан, 2018

Ортағасырлық қалалар әлемдік мәдениетке үлес қосты

772 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Түркістан жазирасының қыш ыдыстары» мен «Зергерлік бұйымдар топтамасы» деп аталатын альбом-каталогтар, сондай-ақ «100 аңыз» кітабы және «Жетпіс хикмет» кітабының латын әліпбиіндегі нұсқасы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойына орай жарық көрді. 

Ортағасырлық қалалар әлемдік мәдениетке үлес қосты

Тарқатыңқырап айтсақ, «Түр­кістан жазирасының қыш ыдыстарында» сол аймақтағы көне қалалар мен қоныстар орындарында жүргізілген архео­логиялық зерттеу-қазба жұмыстары барысында табыл­ған қыш ыдыстардың ерекше үлгілері берілген. Альбом-каталог қыштан жасалған қол­өнер бұйымдарының бірқатар тақырыптарын ашып тарқатуға, керамиканың хронологиялық даму кезеңдерін нақтылауға, жергілікті керамика өнерінің даму тарихының өзге аймақ­тар­мен байланысын анықтауда музей қызметкерлері мен болашақ археолог мамандарға көмекші құрал ретінде ұсынылады.

Ал «Зергерлік бұйымдар топтамасы» бұйымдардың жасалу технологиясын, әдіс-тәсілдерін сипаттай отырып, зергерлік әшекейлердің қолданылуы мен ерекшеліктеріне тоқталады. Елдің ерекше қызығушылығын туғызған «100 аңыз» кітабында әртүрлі кезеңде хатқа түскен, сондай-ақ ел ішінде ауызша айтылып келген халқымыздың аңыз-әфсаналары жинақталған. Кітап өзінің деректілігімен, бұрын-соңды жарияланбаған тың мәліметтерімен құнды. «Жетпіс хикмет» болса әулие­лердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың соңында қалған телегей-теңіз мұрасы бүкіл адам баласына ортақ рухани қазына. Сол рухани қазынадан алынған жетпіс хикмет «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне келушілер мен жалпы оқырмандарға латын әліпбиінде жол тартып отыр.

Адамзаттың даму тари­хын­да ойып орын алатын Ұлы Жібек жолына Ұлы Дала тұр­ғын­дарының қосқан үлесі орасан. Оны Мемлекет басшы­сы Н.Назарбаевтың «Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының артуы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан «Өз жеріңді танып біл!» жаңа бастамасы аясында кеңінен насихаттап, туризмді дамытуға әбден болады. Нұрболат Ахмет­жанов тізгін ұстаған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойына арнал­ған «Ұлы Жібек жолы бо­йын­дағы ортағасырлық қала­лар» ха­лықаралық ғылыми-практи­калық конференцияда белгілі археолог Мұхтар Қожа осындай тың ой тастады. 

– Қазақстанда Жібек жолы­на арналған ғылыми конференциялар көп өтеді. Солардың барлығында Қытай мен Еуро­па арасындағы қарым-қатынас­тар кеңінен қамтылады. Көп жағдайда екі тарапты байла­ныс­тыратын Ұлы Дала тұрғын­да­рының Жібек жолына қосқан үлесі айтылмайды. Жібек жолы ең алдымен барыс-келісті рет­тейтін жол болған соң сауда ке­руендерін қос өркешті түйесіз елестету мүмкін емес. Оны керуенбасылар қайдан алды? Сол заманда ең тиімді жүк тасу құралы саналған қос өркешті түйені алғаш болып Ұлы Дала тұрғындары қолға үйретті. Жылқыны жеті қазынасының бірі санайтын бабаларымыз асауды ең бірінші болып бағындырумен бірге үзеңгіні де ойлап тапты. Еуропа халқында үзеңгі деген ұғым болмаған. Атта ұзақ отыра алмай ауып кете беретін олар мығым отыруға көмектесетін үзеңгіні қолдануды бізден үйренді. Сонымен қатар тарихи деректер мен әдебиеттерде Ұлы Далада қолөнер бұйымдарын жасаудың жақсы дамығаны айтылады. Жібектен тоқылған матадай құнды болған шекпендер мен тондар Еуропаға бізден жеткізілді. Яғни, шалбардың не екенін білмеген адамдар киіну мәдениетін біздің ата-бабаларымыздан үйренді, – дейді Мұхтар Бахадырұлы.

Түркістан облысы әкімдігі және Мәдениет және спорт министрлігінің қолда­уы­мен Қ.А.Ясауи атын­да­ғы Ха­­лық­ара­лық қазақ-тү­рік уни­вер­си­тетінің Мәде­ни­ет үйінде өт­кен ғылыми конферен­цияға Түр­кия, Кипр, Өзбекстан, Әзер­бай­жан, Украина және Қа­зақ­­стан ғалымдары қатысты. Ха­лықаралық дәрежеде өткен жиында Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалардың әлемдік мәдениетке қосқан үлесі насихатталып, Түркістанның орны мен рөлі, музей саласын­да­ғы өзекті мәселелер талқыланды. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»