Туризм • 23 Қазан, 2018

Жаңа құжат туризм секторына серпін бере ме?

440 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан туризмді дамытуға қолайлы аймақтарға кенде емес. Алайда, ел аумағының ауқымдылығын, ол жерлердің барлығын дамытуға қаражат жетпейтінін ескере отырып, туристер үшін ең тартымды деген он жер таңдап алынды. Бұл туралы таяуда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен туризмді дамыту бағдарламасында айтылды.  

Жаңа құжат туризм секторына серпін бере ме?

Суретті түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ

Бағдарламаның негізгі әзірлеушісі Мә­дениет және спорт министрлігі екенін айта кетейік. Таныстыру шарасына да аталған министрлік басшысының орынбасары Ерлан Қожағапанов пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, басқа да лауазымды тұлғалар қатысты. Сонымен көшпелі және ішкі туризмді дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 10 негізгі бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – туризмге арналған әлеует­ті территорияны анықтау. Тиісті ми­нистрлік зерттеу жүргізіп, туристер ағынын қамтамасыз ете алатын 10 жерді анықтапты. Енді жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында 600 млрд теңге осы жерлерді дамытуға жұмсалмақ. 

– Қазақстан – туристік жерлері көп үлкен мемлекет. Барлық жерлерді бір­дей дамытуға қаражат көзі жетпейді, сон­дықтан біз анағұрлым тартымды территорияны белгіледік. Мәселен, туризм­ді дамыту картасына Алакөл мен Балқаштың жағалауы, Алматы мен Алматы облы­сындағы тау кластері кірді, – дейді Мәде­ниет және спорт вице-­министрінің кеңес­шісі Еркебұлан Хасенов. 

Таңдалған 10 өңірге жасала­тын жеңіл­діктер қарастырылған. Бағдар­ламада айтылғандай, бірінші кезекте салықтық жеңілдіктер жасалады. Сонымен қатар бұл территорияларда басқарушы компаниялар құрылып, оларға арнап жер учас­келері беріледі. Учаскелерге қажетті инфра­құрылым тартылады. 

Туризм саласындағы бизнеске жеңіл­­дік­пен несие беру шарасы да бар. Мәсе­лен,­ бизнесмендерге 20 жылға дейін 14%­ мөлшерлемемен несие беріледі, мөл­шер­леменің жартысын мемлекет субсидиялайды. 

Сондай-ақ маркетинг жұмыстарына да басымдық беріліп отыр. Еркебұлан Хасе­нов айтып өткендей, Грузия, Қырғызстан, Әзер­байжан сынды мемлекеттердің турис­­тік аймақтарын дүниежүзі біледі. Бұл қомақты бюджет пен нақты жұмыс­тың арқасы. 

Бірнеше ай бұрын туристерге салынатын Bed Tax cалығы туралы ұсыныс айтылған болатын. Жаңа бағдарлама ая­­сын­да шетелдіктерге салынатын осы са­лық көлемін 2 долларға ұлғайту көзде­ліп отыр. Дегенмен, хостелдерге және мей­­мандарды қабылдайтын үйлерге түс­кен шетелдіктер бұл салықтан босатылатынын айта кетейік. Бұл қанатқақты жоба­ны Астанада сынақтан өткізіп көру жоспар­ланып отыр. 

Бағдарламаны әзірлеушілер авиа­керосин­нің бағасын мемлекеттік рет­теу тетігін қалпына келтіру, авиакомпания­лардың жанармай сатып алу шығындарын суб­сидиялау, «Kids go Free» қағидасы бо­йынша оқу демалысы кезінде балалардың ұшуын субсидиялау сынды шараларды да ұсынып отыр. Бұл ел ішінде саяхаттаушылардың қатарын көбейтіп, жолаушылар ағынын ұлғайтуға тиіс. 

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы­ның орынбасары Олжас Ордабаевтың пікірінше, бағдарлама шын мәнінде стратегиялық міндеттерді қамтып отыр. Алайда, онда шағын бизнесті қолдауға арналған ынталандыру шаралары жоқ. Спикер мысал ретінде Өзбекстандағы осыған ұқсас бағдарламаны келтірді. 

– Ол жақта бизнесмендер инфрақұры­лым нысандарын салуға мемлекеттен суб­сидия ала алады. Тағы бір қарапайым мысал, Өзбекстанда мемлекет қонақүйлер мен отельдерді «жұлдыздарды» алуға ынталандырады. Ал бізде мұндай аудит шамамен 300 мың теңге тұрады, соның нәтижесінде елдегі отельдердің не­бәрі 8,5%-ында ғана «жұлдызы» бар. Осын­дай мотивация жасайық, шығын­ның жартысын болса да өтеп берейік. Сол кезде бизнесмендер бұл жүйені енгі­зу­ге, қонақтарға жасалатын жағдайды жақ­сартуға дайын болады. Өкінішке қа­рай, бағдарламада осы тектес шаралар қарастырылмаған, – деді Олжас Орда­баев. 

Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бағдарлама жобасы­ның қазіргі нұсқасын мемлекеттік органдар алдында қорғау керек екенін айтты. 

– Көптеген шараларымызға қауіп тө­ніп тұр, біразын «кесіп» тастап, келтірген дәйектерімізбен келіспей отыр. Сөреде шаң басып жататын, жұмысқа жарамайтын құжат болып шыға ма деген кү­дігіміз бар. Себебі әр мемлекеттік ор­­ган­­­ның өзінің функциясы бар, олар соны орындауға тырысады. Қаржы министрлігі барынша аз қаражат бөлуге, тіп­ті бөлмеуге тырысады. Экономика министрлігі де үнемдейді. Ал барлық мүд­делі тараптардың қолдауынсыз біз мақсатқа жете алмаймыз. Бізге барлық алаңдарда белсенді қолдау керек, – деді Ерлан Қожағапанов.

Бағдарламаны әзірлеуші тараптың ай­туынша, онда қамтылған шаралар 2023 жылға қарай ІЖӨ-дегі туризмнің үлесін 8%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Туристік салада жұмыс істеп жатқан адам­дардың санын 650 мың адамға жет­кізуге, сыртқы туристік ағынды 6,5 миллионнан 9 млн келушіге дейін, ал ішкі туристердің санын 4,6 миллионнан 8 млн адамға дейін көбейтуге жол ашады. 

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»