Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адам құндылығына басымдық беріп, дәстүр мен жаңғыру тақырыптарына айрықша назар аударуы, елдің экономикадан саясатқа, туризмнен даму үдерісіне дейінгі бүкіл саяси шешімдер қабылдауы – Қазақстанның жаңа белеске аяқ басқанының жарқын көрінісі.
Президенттің 2018 жылғы 5 қазанда жариялаған халыққа Жолдауында тұрғындардың экономикалық ахуалын жақсарту, бюрократияны азайту, әлеуметтік, білім және қызмет салаларын жетілдіру, жасалған реформаларды іске асыру, ең төменгі жалақы көлемін 1,5 есе арттырып, мұғалімдер мен полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, тұрғын үй сапасын жақсарту – жаңа кезеңге қадам басудың айқын дәлелі. Биылғы Жолдаудан үш басымдықты атап көрсетуге болады. Біріншісі, негізгі бағыт – Қазақстан халқының экономикалық, әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық мәселелерін қамтып, адам капиталын дамыта отырып, елдің өсіп-өркендеуіне жағдай жасау. Н.Назарбаев өз сөзінде адам құндылығына назар аударып, халықтың тиімді жұмыс істеуі мемлекет дамуының кепілі екенін анық көрсете білді.
Екіншіден, білім берудің сапасын арттыру мақсатында, атап айтқанда, балалардың оқу деңгейін көтеру, мемлекеттік университеттегі білім және ғылым сапасын жақсартуды арнайы білім ордаларындағы стандартқа бейімдеуге ұмтылыс, мұғалімдердің, полиция қызметкерлерінің мәртебесін жоғарылату мен төменгі жалақы мөлшерін ұлғайту Назарбаевтың елдегі әлеуметтік мемлекеттілікті нығайтуға ерекше көңіл бөлгенінің айғағы. Сонымен қатар сыни перспектива, коммуникация, технологиялық әзірлемелерді сақтау, шет тілін білу, шығармашылық және командалық рух секілді бағыттарға да басымдық берілді.
Н.Назарбаевтың билік өкілдері халықтың қожайыны емес, қызметшісі екеніне назар аударуы, ауыл шаруашылығына инвестицияны арттыруы аса маңызды. Этносаралық және конфессияаралық татулыққа құрмет көрсету – Қазақстан халқының бірлігіне, мәдени тамырынан ажырамауына жағдай жасап, құқықтық мәселені бәрінен жоғары қою арқылы әлеуметтік мемлекет қалыптастыру жолындағы батыл қадам. Яғни, Президент халқының мүмкіндіктері мен өмір сүру деңгейінің артуын, тұрғындардың бір ту астына жиналғанын мақтанышпен айтатындай теңдессіз мемлекет құруға барын салады.
Жолдауда айтылған үшінші мәселе – әлемнің көптеген еліне үлгі болатын, Қазақстан ұстанған көпвекторлы сыртқы саясат. Тәуелсіздігіне 27 жыл толған Қазақстанның егемендігін алған алғашқы күндерден бүгінге дейін сыртқы саясаттағы атқарған жұмыстары халықаралық аренадағы абыройын асырды. Тәуелсіздіктің жемісі ретінде ядролық қарудан өз еркімен бас тартуды, елорданы Алматыдан Астанаға көшіріп, заманауи шаһар салуды, Түркі және ислам әлемінің алдыңғы қатарлы мемлекетіне айналуды, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы саммиттерін өткізуді, Еуразиялық экономикалық одақ құрылуына мұрындық болуды, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруді атап көрсетуге болады. Әсіресе Су-24 ұшағын атып түсіргеннен кейін Түркия мен Ресейді татуластырған да осы Қазақстан тарапы. Одан бөлек қысқы Азиада өткізген тұңғыш орталықазиялық, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастырған ТМД-дағы алғашқы мемлекет атанды. Сондай-ақ 2017 жылы Сириядағы мәселе бойынша Астана процесінің өтуі де Қазақстанның әлемдік саясат сахнасындағы беделін айғақтай түсті. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы.
2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы Орталық Азияның үздігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ендеше, Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында астын сызып көрсеткен сыртқы саясат тақырыбы Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін, әлемдік саясатта маңызға ие және рационалды шешім қабылдайтын елге айналғанының көрсеткіші. Қысқаша айтқанда, Қазақстан тиімді және белсенді сыртқы саясаты арқылы өңірлік және жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы жұмысын жалғастыра береді.
Қорыта келгенде, 2018 жылғы 5 қазандағы халыққа Жолдауында Н.Назарбаев ішкі саясатта адам капиталына басымдық бере отырып әлеуметтік мемлекет қалыптастыруды, сыртқы саясатта тиімді өңірлік және жаһандық мәселелерді жалғастыра беретінін көрсетіп берді. Мемлекет пен қоғамды жаңғырту, білім беру сапасын жақсарту, бюрократияны азайту, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы мен заңдылықты нығайтуға басымдық берілуі қазақ қоғамының өркендеуіне, сондай-ақ бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді.
Қазақстан – жас, көпұлтты, болашағына мақтанышпен көз тастайтын, даму қарқыны жоғары мемлекет. Мемлекет құру жолында биік белесті бағындыра отырып, жаңа кезеңге аяқ басты. Осы орайда, көшбасшылық дарынын барынша қолданып, аз уақыт ішінде елді әлемдік сахнада үлкен беделге ие болуына жағдай жасаған Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі орасан. Ендеше, Президенттің пікірлері мен шешімдерін жыл сайынғы халыққа Жолдауында бөлісіп отыруы, «Нұрлы жол» бағдарламасы да Қазақстанның қазіргі жетістігінің негізгі кілті.
Сердар ЙЫЛМАЗ,
философия докторы, Муғла Сыткы Кочман университеті, саясат және халықаралық қатынастар бөлімінің мүшесі