Парламент • 24 Қазан, 2018

Парламент депутаттары аймақтарда

416 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Парламент депутаттары аймақтарда

Бастамалар түсіндірілді

Парламентшілердің Елбасы Жолдауын түсіндіру бойынша елді мекендерге сапарлары әлі де жалғасуда. Мәселен, Сенат депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Сәрсенбай Еңсегенов жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Мемлекет басшысының биылғы ха­лыққа Жолдауында айтылған міндеттер туралы сенаторлардың жергілікті атқа­рушы органдардың басшылығымен, аудан­дық мәслихат депутаттарымен және тұр­ғын­дармен кездесуі барысында сөз болды. 

Атырау бизнес және құқық колледжінде студенттермен кездескен Сенат депутаттары жоғары білім беру жүйесінде мамандарды даярлау мен оқу орындарындағы білім сапасына қойылатын талаптардың күшей­тілетінін атап өтті. 

Жұмыс сапары кезінде сенаторлар ­аудандарды аралап, ауыл тұрғындары­мен кездесулер өткізіп, Жолдауда басымдық берілген салаларды дамыту, еліміздің әлеу­меттік-экономикалық ахуалын жақсартуды көздейтін шараларды жедел іске асыру туралы баяндады. 

Қазақстандықтардың әл-ауқа­ты­ның өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс. 

Мен лауазымды тұлғаның жеке тиім­ділігін және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтын боламын.

Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты.

(Жолдаудан)

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

***

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайы сөз болды

Сенат депутаты Серік Жақсыбеков Ақмола облысындағы Шортанды ауданының бизнес өкілдерімен және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесті. 

Аудан әкімі, ауыл округтері мен ауыл әкімдері қатысқан кездесуде Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс мен өмір сапасын арттыру» атты Жолдауы жан-жақты талқыланды. 

Жүздесуге қатысушылар Жолдауда­ғы еліміздің экономикасын дамыту жөніндегі ережелер туралы өз ойларын айта келіп, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері туралы ұсыныс, пікірлерін ортаға салды.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

***

Басымдықтар талқыланды

Елбасы Жолдауын тұрғындарға жеткізу мақсатында Шығыс Қазақстан облысында болған Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин Жарма ауданының бірқатар мекемесінде кездесу өткізді. 

Суықбұлақ ауылындағы кездесуде сенатор биылғы Жолдауда негізінен әлеу­меттік мәселелер қамтылғанын атап өтті. Ал Шар қаласындағы техно­ло­гиялық колледж студенттерімен, ұстаздар және дәрігерлермен кездесуінде Елбасының келесі жылды «Жастар жылы» деп жа­риялауына орай жастарды белсенді болуға, тың идеялар мен бастамаларды көтеру­ге үндеді. 

Сапар барысында сенатор Абай ауданының Қасқабұлақ, Кеңгірбай би ауылдарында және аудан орталығы Қарауылдың тұрғындарымен де жүздесіп, халықтың әл-ауқатын арттыру мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

***

Жастар жетекшілерімен жарасымды әңгіме

Парламент Сенатының депутат Серік Бектұрғанов Қостанай қаласында жастар жетекшілерімен, үкіметтік емес ұйымдардың төрағаларымен, студенттермен кездесті. 

Қостанай мемлекеттік педагогика­­лық университетіндегі «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде өткен шараға осы оқу орнының басшылары мен жергілікті әкімдік өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы талқылаудың басты тақыры­бы болды. Сенатор С.Бектұрғанов алдағы жылы ұстаздар мәртебесі туралы жаңа заң қабылданатынын атап өтті. Кездесуге қатысушылар жастар саясаты саласында өз идеялары мен ұсыныстарын айтты. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің сарапшылары өздерінің қазіргі жұмыстарын таныстырды. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

***

Сауалдарға жауап берілді

Жолдаудың мән-маңызын түсіндіру мақсатымен Қызылжар өңіріне келген Парламент Мәжілісінің депутаттары аудандарды аралап, жұртшылықпен іскерлік кездесулер өткізді. 

Тарихи құжат жайлы пікірлесіп, са­уал­дарға жауап берген Снежанна Има­шева Мамлют, Жамбыл аудандарын аралап, еңбек ұжымдарымен кездескен болатын. Депутат «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу, қабылдау қажеттігіне айрықша назар аударып, мұғалімдер мен мектепке де­­йінгі мекемелер қызметкерлері жөнсіз тек­серістер мен міндеттен тыс функциялар­дан арылатынын, мұның өзі оқу сапасы мен тәр­биеге айтарлықтай ық­пал ететінін жеткізді. 

Парламент Мәжілісінің депутат­тары Петр Шарапаев, Альберт Рау Петропавл ауыр машина жасау зауытында, «Радуга» ЖШС-інде, Петропавл техникалық-гу­ма­нитарлық колледжінде болған кезде­сулерде экс­портқа бағдарланған индус­трияландыру, оның ішінде шикізат­тық емес өнімдер мен тауарларға басымдық беру, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толық қолдану, қаржы секторының рөлін күшейту мәселелері бойынша ой-пікірлер алысып, техникалық кадрлар дайындаудың өзекті проблемаларын ортаға салды. Келесі жыл «Жастар жылы» деп жарияланғанын алға тарта отырып, өскелең ұрпақтың еліміздегі өзгерістер үдерісінде алатын орны айрықша екеніне тоқталды. Оларды «Ауыл – Ел бесігі», «Өз жеріңді танып-біл» жобаларына белсене қатысуға шақырды.

Ким Роман мен Айқын Қоңыров ­М.Жұ­мабаев ауданына барған сапарында Соколов орман шаруашылығы мекемесінде, питомникте болды. Халық қалаулылары жұртшылыққа бизнесті өркендетудің тұрақты көзін қалыптасты­ру, жеке инвестицияны ынталандыру, кәсіпкерлікті заңсыз әкімшілік қысымнан қорғау жолдарын әңгімеледі. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы