Білім • 24 Қазан, 2018

Қарағанды – IT кеңістіктің бастау алаңы

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласында тек еліміз­дің өндірістік аймағы болып қана қоймай, сонымен қатар цифрлы технологияларды дамыту ор­талығына айналу әлеуеті пайда болды. Әлемге танымал ІТ-ма­мандар Қарағандыны «Террикон алқабы» деп атауды ұсынды.

Қарағанды – IT кеңістіктің бастау алаңы

Таяуда кеншілер астанасында төрт күн бойы «IT-WEEKEND.KZ-2018» халықаралық форумы өтті. Шараға барлық аймақтардан және басқа елдерден жоғары технология мамандары жиналды. Форумның «Қарағанды – ІТ-кеңістіктің бастау алаңы» атты басты панельдік сессия­сына Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде бүгінгі таңда ІТ-нарық барлығымыз үшін керемет мүмкіндіктер және бастама позиция­лар болып табылатынын атап өтті.

«Елбасы бастамасының арқа­сын­да елімізде «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Алдыңғы қатарлы елдер цифрландыруға ондаған жылдар бойы қателіктер мен тәжірибелер арқылы жеткен. Бұл әлемдік тәжірибе ІТ-саланы дамытуға арналған стратегия болып табылатын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында ескеріл­ген», деді Ерлан Қошанов. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қарағанды ІТ-форумды өткізетін жер ретінде тегін таңдалған жоқ. Қала­да ЖОО және мамандандырылған кол­ледж негізіндегі мықты матема­тика­лық мектеп бар. Қарағандылық бағ­дар­ламалаушылар Google секілді әлемнің алдыңғы қатарлы ІТ-компа­нияларында қызмет етеді. Бұған қоса, облыста цифрлы «ерекшеліктер» енгізіліп жат­қан сәтті үлгілер бар.  Мысалы, ден­саулық сақтау және білім беру салалары көптеген нәтижелерге қол жеткізген. Үйде отырып, дәрігердің қабылдауына жазылуға, медицина қызметкерін үйге шақыруға және қажетті дәрі-дәр­мектің рецептін жазғызып алуға мүм­кін­дік беретін «Даму мед» қосым­шасы сәтті жұмыс істеп жатыр. Қара­ған­дылық IT мамандардың зерттемесі қазір­гі күні Қазақстанның барлық қала­сында қолданысқа енгізілді. Тек Қара­ған­дының өзінде-ақ бұл қосымшаны 300 мыңнан астам адам пайдаланады.  

«Мұнда, Қарағандыда матема­тикалық ой-өрісі дамыған, осы сала­да өзіңмен тең адамдармен сөй­лесе аласың. Осында қазір жастар, тәжі­ри­белі мамандар, табысты кәсіби қыз­мет­керлер, ғылым мен билік өкіл­дері өзара байланыс орнатып, драйв құрып, жаңашылдықтар ойлап тауып, өздерін де, өңірді де, жалпы елді дамытуға талпынатын бірегей алаң құрылып жатыр», деді сессияда Мә­жіліс депутаты Павел Казанцев. 

Форумға қатысушылар қараған­дылық ІТ хабты «Террикон алқабы» деп атауды ұсынды. 

– Силикон алқабы бар, ал Қараған­дыда өзінің Террикон алқабы болады. Мен оны қолдаймын, – деді Ерлан Қошанов.

Осыған орай өңір басшысы өзінің орын­басары Алмас Айдаровқа және «Қара­ғанды облысының ақпарат, мем­ле­кеттік қызметтерді көрсету және мұра­ғаттар» МБ жетекшісіне тапсырма берді.

Сессия соңында Ерлан Қошанов форум шеңберінде өткен хакатон жеңім­паздарына ақшалай сертификаттар табыс етті. Жеңімпаз атанғандардың барлығы да ҚММУ студенттері болды. Олар 500 мың теңгеден иеленді. Студенттер мүмкіндігі шектеулі адамдарға немесе төсек тартып қалған науқасқа көмекші немесе күтуші тауып алуға мүмкіндік беретін мобильді қосымша жасап шығарған болатын. 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ