Бағдарламалар • 24 Қазан, 2018

Баспанаға қаражат жинауда алматылық салымшылар алда тұр

336 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Біз бұған дейін де «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы қолжетімді шарттармен тұрғын үй сатып алудың мүмкіндіктері жоғары екендігін баяндаған едік.

Баспанаға қаражат жинауда алматылық салымшылар алда тұр

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы салынып жатқан нысандар туралы ақпаратты baspana.kz порталынан толық білуге болады. Қолжетімді тұрғын үйден үміткер жеке кабинетіне кіріп, өзі пәтер алғысы келетін нысанды таңдап, ұнаған пәтерді көрсетіп, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш береді.

Сол сияқты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары мемлекеттік бағдарламалардан бөлек «Өз үйім» атты банктің жеке бағдарламасы бойынша, сондай-ақ үлестік құрылысқа қатысу арқылы баспана сатып ала алады.

Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 1,2 миллионнан астам шот бар. Жыл басынан бері 285 197 жаңа депозит ашылған. Барлық қазақстандықтардың арасында үйге деп ақша жинауда алматылық салымшылар ең белсенді болып тұр. Статистикаға сәйкес, әрбір 10-шы алматылықта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде салым бар. Алматы бойынша барлығы 169 000 депозит тіркелген. Осы уақытқа дейін 25 мыңнан астам адам Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы Алматы қаласынан үй алған. Жыл басынан бері Алматы қалалық филиал қызметкерлері үй алуға деп 4 000 мыңдай заем ресімдеді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ