Кино • 24 Қазан, 2018

«Қарлығаш ұя салғанда» сериалының тұсаукесері өтті

1457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Хабар» арнасының тапсырысымен түсірілген «Қарлығаш ұя салғанда» сериалының алдын ала көрсетілімі өтті.

«Қарлығаш ұя салғанда» сериалының тұсаукесері өтті

12 сериядан тұратын жаңа телехикаяның алдын ала көрсетілімі «Хабар» телеарнасының 23 жасқа толған күнімен тұспа-тұс келді. Тұсаукесерге басты рөлдерде ойнаған Еркебұлан Дайыров пен Кәмшат Жолдыбаева, фильмнің түсірілім тобы, өнер адамдары және БАҚ өкілдері қатысты.

Романтика мен драмаға толы фильмде тұрмыс құрмаған жасы 30-дан асқан бойжеткеннің өмірі туралы баяндалады. Телехикая желісі бойынша Қарлығаш есімді ару жалғыз өзі үлкен үйде өмір сүреді. Жұмысы табысты жүріп, ең қымбат дүкендерден киінсе де, жеке өмірі сәтсіз болады. Ал көрші үйде әйелінен ерте айырылған Тасқын есімді зергер 3 кішкентай қызымен өмір сүреді. Бір күні Тасқын жұмыс барысында жарақат алып, жедел жәрдеммен ауруханаға түседі. Әкелерін уайымдап далада қалған 3 қызды терезеден көрген Қарлығаш оларды өзінің үйіне әкеледі. Осыдан кейін оның өмірі өзгере бастайды.

«Телесериалдағы негізгі мәселе – бүгінгі біздің қоғамдағы кәрі қыздар проблемасы. Телехикаяда қыздардың қызмет қуып, тұрмысқа кейінірек шыға жатармын деген ойлары көрініс табады. Сериалдың ішінде романтика, драма, комедия жанрлары бар. Бұл туынды арқылы қыздар уақыт созбай тұрмыс құрып, шаңырақты шаттыққа бөлеуді жиірек ойласа деген ойды жеткізгіміз келді. Сондай-ақ сериалда  ана мен қыздың арасындағы қарым-қатынасты да қозғадық. Көп жағдайларда қыздың тұрмысқа шығуына анасы қарсы болып жатады. Бір сөзбен айтқанда бүгінгі қоғамда болып жатқан дүниені кино етіп түсірдік», деді телесериалдың бас продюсері Гүлнұр Мамасарипова.

Бас продюсердің айтуынша, телехикая 1 ай көлемінде Алматы қаласында түсірілген. Ал басты рөлдер Еркебұлан Дайыров пен Кәмшат Жолдыбаеваға арналып жазылған. 

«Бұл сериалдың сценариі жазылып болған сәттен мен бірден басты рөлде Кәмшат пен Еркебұлан Дайыровты көрдім. Өзім ішімнен осы екеуі ойнауы керек деп шешіп қойдым. Екеуін шақырып сөйлесіп, сценарийді оқытып, бір келісімге келдік», дейді ол.  

Кәмшат Жолдыбаева бұған дейін  «Хабар» агенттігі түсірген «Тракторшының махаббаты», «Өгей жүрек» телехикаяларында да ойнаған болатын.

«Менің кейіпкерімнің өзіме ұқсас бірнеше тұстары бар. Жас ерекшілігі, өмірдегі ұстанымы мен алға қойған мақсаты, мінезі маған өте ұқсас. Бүгінгі қоғамдағы мәселені көтеру арқылы, отбасы құндылықтарын көрсеткіміз келді. Түсірілім барысы ешқандай қиындық туғызбады. Өйткені кейіпкерім өзіме қатты ұқсайды», деді телесериалдағы Қарлығаштың рөлінде ойнаған, Кәмшат Жолдыбаева.

Телехикая «Хабар» телеарнасында 29 қазаннан бастап сағат 19:15-те дүйсенбі-бейсенбі күндері көрсетіледі.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»