Медицина • 25 Қазан, 2018

Қасиеттен қашқаны несі?

1068 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Құдамыз еді. Ата жолымен бас табаққа іліккенбіз. Бізден басқасы жетпіс-сексенді алқымдап қалған ақсақалдар, арасында заманында аудан, облыстағы әлденеше саланың екі тізгін бір шылбырын қолға ұстаған, бұл күнде жалпақ жұртқа ақыл айтып жүрген абыздар да бар.

Қасиеттен қашқаны несі?

Жайғасып отырған соң көп күттірмей табақ та жеткен. Анығында астау. Кәдімгі сау қайыңнан шапқан, екі шетіндегі ернеуінен екі жігіт әрең көтеріп әкелген астау. Жылқы еті екен. Астаудың жарым жартысын қыртысы қалың омыртқа алып жатыр. Жазда аузыңа тие бермейтін жеңсік ас жал-жая да, жеңді білектей қарта да осында. Туырылып жатқан тұтас қазы үш елі. Қой етін араластырыпты. Тұтас сүбе, еті мол тоқпан жілік. Мол астауда, бәрінің үстінде қойдың басы. 

Ақсақалдарды әуре етпейін деді ме, әлеңкедей жаланған жас жігіт келіп ет турай бастады. Алдымен қолына басты ұстады. Төңірегін барлай қарап ойланып тұрды да, бас­ты жеке ыдысқа салып, қақ төрдегі жасы да, жолы да үлкен ақсақал­дың алдына қойды. «Жөн білетін жігіт екен» дедік ішімізден. Ақсақал тісі қағылған, үйітілген, құйқасы аппақ болып тазартылған, уылжып піскен басты жаңа көріп отырғандай үңіле қараған, содан соң өзінен кейінгі ел ағасының алдына ысырды. Әлгі адам ұмсынып барып, ыдыстағы бас­ты алды да өзінен төмен отырған қарасақалдың алдына қойды. Қасиетінің кемігеніне өкінгендей бас шіркін басы айналып, дөңгелек үстелді бір айналып шығып, босағаға жетуге шақ қалды. 

Ертеректе бас – қасиет, құрмет пен қошеметтің белгісі еді. Бас тимегендер өкпелейтін. Жолы мен жөні келіп тұрғанда, бас тимесе ат-шапан айыбыңды тартатынсың. Қазіргінің бас ұстайтындары, неге екенін кім білсін, ат тонын ала қашады. Осы арада Зеренді ауданының Көктерек ауылында дәм үстінде болған оқиға есіме түскені. Осы ауылда туып-өскен, қазақы тәлім-тәрбие, жөн-жосықты ауыл шетіндегі Әулиебұлақтың мөл­дір суындай сіңірген Карл Алек­сандрович Гер­маниядан келіпті. Төрт-бес жыл бұрын көшіп кеткен екен. Туған жерін, өскен ортасын, Көктере­к­­тің көп көрім жұртын сағын­ған! Онда да дәл осылай қой сойылып, дастар­қан жайылып, бас тартылып еді. Әңгі­ме­нің аужайынан ұққанымыз Карл атаны ауыл болып қуана қарсы алған, бір кезде үзеңгі қағыстырып бірге жүрген елдегі ағайын бір-бір тоқ­­ты­ларын жайратып тастап, бас мүжіт­кен. Осы жолы да құрметтің бел­гісі – бас Карл ақсақалға тиді. Карл ақсақал әлгі бас­ты сағыныштың уыты­нан дірілдеген саусақтарымен ая­лай, аймалай ұстап, қолындағы мүйіз сапты бәкісі­мен бірінші оң құ­лағын кесті. Майлы құлақтың түбі­нен тақамай, құйқаның құнарлы тұ­сын молынан қамтып, жап-жалпақ алақанына толтыра салып алды да, төменгі табақта отырған жасөс­пі­рімді шақырып алып қос уысын толтыра салып берді. 

– Алыстағы ағайын туралы жақсы хабар ести жүр, – деді туған-жерін сағынып келген ақсақал. 

Мұнан соң бастың дәл маңдайынан анық үш елідей кесіп алған. Бұл сыбағаны елге ие болып жүрген аза­матқа тапсырды.

– Осы елдің ендігі иесі өзіңсің ғой. Егінің шығымды, малың тоқ болсын шырағым. Әрдайым маңдайың жарқырап жүрсін, – деді ақсақал.

Бастың маңдайынан молынан кесіп алған, алақандай майлы құйқа ел иесінің уысына көшкен. Келер кезекте өткір бәкі қыртыстана дөңкейген желкеге ауысқан. Тағы да – уыс толтырған ырыздық. Бұл жолы көпті көрген Карл аға атаулы сыбағасын учаскелік инспекторға жолдады. Әзіл-шынын араластырып тіл қатқан:

– Осы ауылдың қорған айбары өзіңсің ғой. Желкең күжірейіп жүрсін, – деп ізгі тілегін білдірген. 

Өзімен қатар отырған қартқа ұртынан кесіп, сыбағасын ұсынды. Жай берген жоқ, тағы да атап, айтып берді.

– Осы Көктеректің даласында екеуміздің табан ізіміз, маңдай теріміз қалып еді. Өзің білесің ғой. Балалар бүйірлеп болмаған соң бабалар қонысына аттандым. Германияда құстың сүтінен басқаның бәрі бар, мүмкін шындап іздесе ол да табылатын шығар. Жалғыз жоғы – өздерің. Келін-кепшекке сыйлы болып, қалған ғұмырыңда ұртың майға толып жүрсін.

Дәл осы сәтте Карл ақсақалдың сәулесі кеміген жанарына мөлдір тамшы ілініп қалды. Қонағасы үстінде көңілін көтерейін деді ме, төрдегі тәмам жұртты аузына қаратқан бір ақсақал:

– Төркініңе сағындырмай жыл сайын келіп тұрсаңшы, – деп замандасына қалжыңдай тіл қатқан. 

– Келемін, – деді Карл ағай жұлып алғандай, – келген сайын қойыңды сойып, қолыңды қуысырып қарсы аласың ба?

– Әрине, – деді, әлгі замандасы. 

Тіл қатысудан соң Карл ағай бас­тан жақты айырып, тілді түбімен қоса суырып алған. Содан соң әлгі замандасына ұсынды. 

– Мына тілді саған берейінші, Карл құрдасың туралы айтқан кезде тіліңнің майы тамып тұрсын. 

Ет пісірім уақыт отырғанда бір басты жөн-жоралғысымен, ешкімнің көңілін қалдырмай бөліп берген Карл ақсақал соңында баптап мипалау жасаған. Өзі дәмін татып көрді де, етек жақта отырған неміс қайнағаларының туған топыраққа оралған сапар қуанышына ортақтаса келген келін-кепшегіне ұсынған. Ет пісірім уақыт отырып өзіміз күнде ұстап жүрмесек те, ұстағандармен талай табақтас болған қарақан басымыз Карл ақсақалдан көп нәрсе үйрендік. Сол жолы ақсақал айтып еді: 

– Қазақтың бас тартуы алдымен – қасиет, құрмет деген ол. – Мұндай жоралғы жер бетіндегі еш ұлтта жоқ. 

Бүгінгі жиында бастан қашқан ақсақалдардың кейпін көріп отырып, есіме Карл ағамның түскені.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»