Әдебиет • 25 Қазан, 2018

Сөз сойыл №69

480 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №69

Бірде...

Бәрін бүлдірген Рулон

Жетпісінші жылдардын аяғында белгілі ақын Серік Тұрғынбековтің Қазақ теледидарына біршама уақыт редактор болып қызмет атқарғаны бар. Сол кездерде әдеби хабарлардың негізгісi студияда жазылып, монтаждаудан өткен соң, арнайы пленкаға көшірілетін. Ол теледидардың техникалық тілімен «рулон» деп аталады.

Секеңнің қызметке жаңадан келген кезі болса керек. Бір күні жүгіріп жүріп, эфирден өтуге тиісті дайын хабардың рулондық санын жазуды ұмытып кетеді.

Хабардың режиссері де сары тұмсық, ісі шалалау бала болса керек, біткен жұмыстың ең соңғы нүктесіне ол да мән бере бермейді.

Әдеби хабар жексенбі күні өтуге тиісті екен. Сол күнгі эфирге жауапты қызметкерлер Серік пен жас режиссерді таң атпай жатып, ал кеп іздесін. Жай күндердің өзінде таптыра бермейтін сабаздарды демалыс күндері табу, әрине, оңай шаруа емес. Бірақ жұмыстың аты – жұмыс. Белгілі қаламгерлер қатысатын хабарды бермесе болмайды. Иә, бұл анау-мынау хабар емес, кезекті партия съезі қарсаңындағы хабар. Сол кездегі республикалық теледидар және радио хабарлары мемлекеттік комитетінің бүкіл басшылары аяқтарынан тік тұрады.

Олар шапқылағаннан шапқылап, Серік Тұрғынбековті бір үйлену тойында жас жұбайларға көсілтіп өзінің өлеңін оқып тұрған жерінен тауып алады да, ай-шай жоқ дірдектетіп жетектеген күйі қара «Волгаға» бірақ мінгізеді... Ет қайнатым уақыттан соң, Серік тойға көңілсіз оралады.

 – Не болып қалды? Жаңағыларың кім? Жау шапқандай ғой өздері, – деді жолдастары шуылдап.

 – Алаңдайтын ештеңесі жоқ, – дейді Серік Тұрғынбеков, – бас сынса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде. Бәрін бүлдіріп жүрген әлгі рулон ғой. Бәрі орнына келді.

Ақынның аты – ақын. Бір күні қиялданып жүріп, дайын хабар жазылған рулонды дұрыстап тапсыруды тағы да ұмытып кетеді. Бұл жолы іздеп келген адамдар Серікті ұйықтап жатқан жерінен тұрғызып, дірдектетіп алып кетеді. Шақырмаған қонақтарды кім жақтыра қойсын?! Секеңнің әйелі мен балалары кәдімгідей қорқып, үрписіп қалады.

Абырой болғанда, Серік үйіне тез оралады.

 – Аман-есен келдің бе? Соңғы кезде шапқылауың тым көбейіп кетті. Абайла, бірдеңеге ұрынып қалып жүрме, – дейді әйелі жыламсырап.

 – Қорқатын ештеңе жоқ. Әлгі біздегі рулонның кесірі ғой, – дейді Серік жайбарақат.

 – Сол Рулон дегенің оңбаған біреу екен. Өткендегісі анау: бүкіл тойды шуылдатты, бүгінгісі мынау: ұйықтап жатқан жеріңнен дірдектетіп ала жөнелді. Сен қорқатын ештеңе жоқ дейсің, ал мен сол Рулоныңнан қорқамын, құдай үшін өтінемін, бұдан былай ол оңбағаннан аулақ жүрші, – дейді әйелі жалынғандай болып.

– Мақұл, – депті Серік келісім беріп, – бұдан былай Рулонның төбесін көрсем, анандай жерден айналып өтейін. Серік Тұрғынбеков сөзінде тұрып, көп ұзамай-ақ басқа жұмысқа ауысып кетіпті.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

АЛМАТЫ

О НЕСІ ЕКЕН?!

Алапат апат болды!

Таңғы сағат алтыда

Арғымағын оңды-солды

Бұраңдатып,

Құйғытып келе жатқан Ақикөз

Алты адамды жапырып

Қағып кетті.

Қағып кетті де

Жусап түскендерді

Шашып тастаған күйі  ағып өтті.

Олардың

Не күйде қалғанына қарамады.

Өйткені, оның

Ала құйын жылдамдыққа

Құштарлығы тарамады...

Әрине, бұл оқиға

Назардан тыс қалмады.

Осыған байланысты заңгерлер

Қызметін жалғады.

Танысып шыққан соң,

Оқиға себепкерлерімен жекелеп,

Тізгін ұстаған Ақикөздің көңіліне

Қаяу түсірмей, «көкелеп»,

Сот үкімі шығарылды төтелеп.

Олардың анықтауы бойынша,

Аялдамадағылардың өздері

Болып шықты қағынды!

Таң атпастан сол тұста

Тұрғандары үшін

Айыпты деп табылды.

Тірі қалғандары түгелімен

Түрмеге жабылды.

Опат боп кеткен екеудің

Ата-ана, туған-туыстары

Кешірім сұрап шөкелеп,

Басындағы баспанасын сатып,

Қираған қымбат машинаның

Құнын өтемек.

«Олар мезгілсіз уақытта

Тұрмайтын жерде тұрған.

Анау

Автомобиль иесі Ақикөз

Солардың кесірінен

Көлігін қиратып,

Шекесін жырған.

Еш жазықсыз жапа шеккен!»

Өйткені, ол

Соно-о-оу жақтағы

Құрметті кісінің баласы екен,

Көзінің ағы мен қарасы екен!

Соны білмей,

Көксоққандардың

Аялдамада тұрып алғандары

О несі екен?!

Кемелбек ШАМАТАЙ,

АЛМАТЫ

Мұндай да болады...

Әнші қыздардың неғұрлым дауысы нашар болған сайын, соғұрлым үстіне киген киімі де аз болады екен-ау...

***

Бүгінде не жағдайда да ажыраспайтын жұптар пайда болған, олардың жоқ дегенде 20 жыл бірге тұратынына күмән жоқ. Өйткені олар – жас отбасы ретінде 20 жылға ипотекаға пәтер алған жұптар...

***

Пәтер ауыстырып көшіп келгенмін. Қалай қар жауды бітті, көршім қинала аузынан ақ ит кіргізіп, көк итті шығаратынына қарап, оның аяқ буындары сырқырайды-ау деп ойлайтынмын... Сөйтсем, ол кісі аула сыпырушы екен.

***

Үйімізде өлі тыныштық. Әйел жақ ашпағалы біраз болған. Менің «не болып қалды?!» деп басым қатты. Айтыңыздаршы, тура осы қалыпты бір жеті сақтап қалу үшін не істеуге болады?!

***

Диванда қисайып жатып өміріме өзгеріс енгізу керек деп ойға беріліп – жатқан оң жамбасымнан сол жамбасыма ауысып жаттым...

ҚАТЫНЫМДЫ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРІП АЛДЫМ

Байқап отырсам, кезінде әйтеуір бір іске жарар нәрсені жекешелендіріп алған таныстарымның бәрі де әжептәуір байып алыпты. Соны ойлағанда ішім удай ашиды. Содан не керек, кештеу болса да «осы мен де бірдеңені жекешелендіріп алайыншы» деп қиялдай бастадым. Бірақ нені?

 Осы сәт «қияли» деген әйелімнің дауысы естілді. Неге екенін қайдам, соңғы кездері мені осылай атайтын болып жүр. Ерегескенде осы қатынымды неге жекешелендіріп алмаймын деген ой сап ете қалды... Ертеңіне салып ұрып жекешелендіру комитетіне келдім. Бастығы болмаған соң, орынбасарына кірдім.

– Аман-саусыз ба? Қатынымды жекешелендіріп алайын деп едім, – дедім бірден.

 – Чего?! – деп оның басы кекшең ете қалды.

 – Қатынымды жекешелендіріп алғым келеді деп тұрған жоқпын ба?

 Қара қатын бетіме бедірейе қарап үн-түнсіз қатты да қалды. Мына мәңкүс қазақшаны қақпай тұр ма деп:

– Ау, хочу приватизировать жену, – деп айғай салдым.

– Көтек, мынандай да қояншық болады екен ғой, – деп қара қатын ұйқысынан шошып оянғандай сайрай жөнелді. – Астапыралла! Қатынын жекешелендірген деген не сұмдық! Апыр-ай, қояншықтың мұндай да түрі болады екен-ау!

– Слушай! – дедім мен оған, – жекешелендіруді мен ойлап тапқаным жоқ. Қазір заманның өзі жекешелендіру заманы емес пе?!

 – Қойыңыз, – деді қара қатын, – біздің ел болуымыз сіздің қатыныңыздың жекешелендірілуіне қарап қалып па? Қатынды жекешелендіруге болмайды.

 – Неге болмайды?

 – Ау, көкесі, қатыныңызды жекешелендірмесеңіз де өзіңіздікі емес пе? Жоқ әлде оның таласып жүрген басқа да байы бар ма еді?

 – Мәселе таласқанда емес қой. Мәселе жекешелендіруде болып тұрған жоқ па? Сіздер ғой, кеңес заманында салынған «дүние-мүліктердің» бәрін де «көзін бақырайтып қойып» жанталаса жекешелендіріп жатырсыздар. Немене, менің қатыным «олардан» кем бе?! Мен де қатынымды кеңес заманында алғам. Қатыным мемлекет қызметін атқаратын болғандықтан, мемлекеттік «мүлік» болып табылады. Ал мемлекеттік мүлікті жекешелендірмеуге сіздердің қақыларыңыз жоқ.

 – Апыр-ай, мына қояншық өзеуреп қоятын емес қой, – деп қара қатын турасынан кетті. – Өзіңіздің ақыл-есіңіз дұрыс па?

 – Е, неге дұрыс емес?

– Қатыныңыздыкі ше?

– Ондағы шаруаңыз қанша?

– Жоқ-ау, енді ақыл-есі дұрыс қатын жекешелендіремін дегенге көне ме? Ол сіздің мына «хикаяыңызды» біле ме? Жекешелендіруге келісіп пе еді?

– Келіскенде қандай! – деп өтірікті соғып жібердім, – тіпті қуанып қалды.

– Алда байғұс-ай, ол да солай екен ғой.

– Нені айтып тұрсыз?

– Жәй ғой. Жарайды, – деді қара қатын менен тезірек құтылғысы келгендей, – қатыныңызды жекешелендірмек тұрмақ өртеп жіберсеңіз де өзіңіз білесіз. Бірақ бұл мәселені ертең бастықпен шешіңіз. Онсыз мен шеше алмаймын. Ертеңіне салып ұрып бастығына кірдім.

 – Қатынымды жекешелендіріп алайын деп едім, – дедім әй-шәй жоқ.

 – Ә, сіз бе едіңіз? – деп бастық жымың ете қалды.

 – Иә, солмын ғой, тап сол қояншықтың өзімін, – дедім оның не үшін жымиғанын сезіп.

 – Жоқ - ә, неге олай дейсіз? Мынауыңыз тамаша идея екен. Өзі жекешелендіретін де нәрсе қалмай бара жатыр еді.

– Е, бәсе, – деп қуанып қалдым. – Кеше ана қара қатыныңыз, то есть орынбасарыңыз жекешелендіруге болмайды деп бет бақтырмап еді.

 – Мен тек идеяңыздың тамаша екендігін айтып тұрмын, – деді бастық. – Бірақ қатынды жекешелендірсін деген заң жоқ қой.

– Апыр-ай, заңда енді анасын-мынасын, қатынын жекешелендірсін деп жеке-жеке «көзін шұқып» көрсетпеген шығар. Мемлекеттік мүлік қатарына жатқызамыз да, «ысқыртып» жібереміз.

 – Жалпы, идеяңыз тамаша! – деді тағы да бастық. – Бірақ одан, яғни қатынды жекешелендіруден не ұтамыз? Еліміздің экономикасына қандай да бір пайдасы бола ма?

– Е, неге болмасын?! Бәрінен де ұтамыз. Ең бастысы, елімізде развод, яғни қит етсе ажырасам деген болмайды. Жеке меншігі болған соң, байы қатынының жайын күні-түні ойлайды, екеуі бірін-бірі қас-қағым сәт көрмесе ғашықтық жырын толғайды. Еліміз қиял-ғажайып махаббаттар еліне айналады, мұны көрген жатжұрттықтардың қызғаныштан тілі байланады. Еліміздің атағы аяқ астынан аспандайды, бұған қызыққан бай елдер тәжірибе алу үшін бізге миллиондап ақша «айдайды». Бұдан кейін экономикамыз қанша «бетсіз болса да», құлпырмай көрсін.

Мана бір сөзіңізде өзіңіз де айтқан жоқсыз ба, жекешелендіретін де нәрсе қалмай бара жатыр деп. Ал жекешелендірусіз таңымыз қалай атады, күніміз қалай батады, итіміз қай бетімен үреді... Сондықтан да уақытты ұтқызбай, қатындарымызды жекешелендіре бастайық. Сосын біртіндеп ауаны, айды, аспанды жекешелендіріп аламыз ғой.

– Шіркін! Күнді жекешелендіріп алсақ қой, – деп бастық менің «ертегіме» елти бастады.

– Қайда асығасыз? Түбінде оған да жетерміз. Алдымен қатындарымызды жекешелендіріп алайықшы.

– Жарайды, – деді бастық, – жекешелендіру тәртібі бойынша газетке хабарландыру беріп қатыныңызды аукционға саласыз.

– Пожалыста, – дедім мен, – елімізді ең зиялы, ең өркениетті қоғамға айналдыратын ең ұлы мақсатымыз – жекешелендіру жолында қатын деген не тәйірі. Пожалыста, саламын. Қатынымды «жер бетінде ең бірінші жекешелендірілетін қатын болғандықтан, «тарихта атың қалады, Гиннестің рекордтар кітабына жазыласың» деп, әрі алтын сақина әперетін болып, аукционға түсуге әзер көндірдім. Белгіленген күні аукцион да өткізілді. «Қатын түседі» деген соң ба, кілең қасқалар мен жайсаңдар, ығайлар мен сығайлар жиналды. Қатыным буындарын былқылдатып, бөкселерін бұлтылдатып ортаға қарай жөнелгенде оның талшыбықтай майысқан беліне, оқтай түзу аяғына көзім түсіп, оны алғаш көріп тұрғандай есімнен танып қалдым. Бүкіл еркектердің көзі соған ауды. Өзімнің не бүлдіргенімді сол сәтте түсіндім.

 – Ау, мына қатынды сипаттап беретін біреу бар ма? – деп отырғандардың бірі айқай салды. – Мен, мен сипаттап беремін, – деп орнымнан жалма-жан атып тұрдым. Сосын солардың алдында қатынымның қолынан түк келмейтін олақтығын, қашанда кір-қожалақ болып жүретін салақтығын, ақылының шолақтығын, не айтсаң соған сене беретін дорақтығын, ойхой не керек, ит терісін басына қаптап, сайрап бердім. Жиналғандардың бәрі де ат-тондарын ала қашты. Бастапқы бағасы он мың долларға белгіленген қатыным он центке де өтпей қалды. Осылай керемет тапқырлығымның арқасында қатыным өзіме бұйырды. Ертеңіне жекешелендіру комитетінің бастығы арқамнан қағып тұрып, «Қисық Түзелмесов қатыны Сылқым Қиқымқызын өзі жекешелендіріп алды» деген №1 куәлікті салтанатты түрде табыс етті.

– Ура! Жасасын, жекешелендіру, жасасын, менің №1 жекешелендірілген қатыным! – деп айғай салдым.

Дамер ӘБІШ,

ҚОСТАНАЙ

БАЛА ТІЛІ – БАЛ...

Мектептен келген баласына әкесі:

 – Не болды, мұғалім ұрысты ма?

 – Иә, ертең саған да ұрысады.

***

 Немересі атасына:

 – Ата, маған 2000 теңге бересіз бе?

 – Оны қайтпексің?

 – Саған сыйлық сатып алып берейін деп едім...

***

 Достарымен карта ойнап отырған әкесінің қолына қарап, баласы:

 – Әке, төрт тұз қатар шықса не болады?

 Осы сөзді ести сала, баланың әкесінен басқалары қолындағы карталарын тастай салады.

 Бала:

 – Бірақ ондай мүмкін емес шығар, ә?..

***

 Әжесі бес жасар немересіне айтады:

 – Құлыным, қарашы, «бип-бип» келе жатыр.

 – Әже, қойшы, қайдағыны айтпай. Бұл BMW 325 қой!