Спорт • 25 Қазан, 2018

Спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты басталады

496 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Катардың бас шаһары – Дохада бүгін спорттық гимнастикадан әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. 3 қарашаға дейін созылатын бұл жарыста 14 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

Спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты басталады

Дүбірлі додада 80-нен аса мемлекеттен келген 550 үміткер бақ сынауға бел буып отыр. Жарыстың алғашқы төрт күнінде ерлер мен әйелдер арасындағы іріктеу сыны өтеді. 29-30 қазан аралығында командалық көпсайысты тамашалаймыз. Одан кейін жекелеген жаттығулар бойынша бәсекелер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Дохадағы жарыстың нәтижесі бойынша 2020 жылы Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарының жолдамасына иелік еткен алғашқы гимнасшылар анықталады. Ондай құрметке ие болу бақ сынауға келген елдің өрендері командалық сайыста үздік үштіктің қатарынан көрінуге тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Канаданың Монреаль қаласында өткен әлем чемпионатының жекелеген сайысында Қытай мен Жапония спортшыларының қарқыны өте күшті болды. Осы команда мүшелері үш-үш алтыннан олжалады.

Ұлыбритания, Грекия, Хорватия, АҚШ, Ресей және Германияның өкілдері бір-бір реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жүлде алғандар қатарында Израиль, Украина, Голландия, Канада, Оңтүстік Корея, Швейцария және Бельгияның өрендері бар. Қазақстандықтар арасынан ең үздік көрсеткішке Милад Карими қол жеткізді. Ол еркін жаттығуды 9 орынмен қорытындылады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»