Күрес • 28 Қазан, 2018

Грек-рим күресінен қос қола медальді иелендік

582 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері қос қола медальді олжалады. Бұл жүлделердің иегерлері – Айдос Сұлтанғали мен Мейіржан Шермаханбет.

Грек-рим күресінен қос қола медальді иелендік

Жасыратыны жоқ, төрткүл дүниенің теңдессіз балуандары бас қосқан байрақты бәсекеде дәл осы өрендер жүлде алады деп ойлаған жанкүйерлер кемде-кем. Десек те есімдері көпшілікке беймәлім қазақтың қос өрені Венгрияның астанасында өте керемет өнер көрсетіп, бүгінгі таңда өздерінің спорттық мансабындағы ең зор көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Атап айтсақ, 60 кило салмақтағы Айдос Сұлтанғали алғашқы айналымда Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері, украиналық Дмитрий Цымбалюкті (6:1) ұтса, іле-шала Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы, жапониялық Синобу Отаға (7:5) шаң қаптырды. Ширек финалда жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, қырғызстандық Қалы Сулаймановтың (9:0) тас-талқанын шығарған ол жартылай финалда Еуропа чемпионы, ресейлік Сергей Емелинге (0:9) есе жіберді. Ал қола медаль үшін бәсекеде Айдос Солтүстік Кореяның өкілі Се Унг Риден (1:1) айласын асырды.

67 кило салмақтағы Мейіржан Шермаханбетке жеребе тіптен қиын түсті.  Тұсаукесер кездесуінде ол әлем біріншілігінің қола жүлдегері, түркиялық Юксел Атақанмен жолықты. Алайда әйгілі қарсыласының еш қаймықпаған қандасымыз 12:0 есебімен айқын жеңіске қол жеткізді. Одан кейін Мейіржан атағы жер жарған Куба қабыланы, әлем чемпионы, Олимпия ойындарының жеңімпазы Исмаэль Боррероның «быт-шытын» шығарды. Ширек финалда Азия ойындарының жеңімпазы, ирандық Мұхаммадреза Абдолхамид Резаиды тырп еткізбеді. Бұл кездесуде 9:0 есебі тіркелді. Жартылай финалда әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы Артем Сурковтан (1:3) ұтылса, үшінші орын үшін тартыста Францияның мықтысы Мамадасса Силланы жеңді.     

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»