Бокс • 28 Қазан, 2018

Бокс қозғалысының 85 жылдық мерейтойы аталып өтті

658 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада бокс қозғалысының 85 жылдық мерейтойына орай мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Қазақстанның бокс федерациясы.

Бокс қозғалысының 85 жылдық мерейтойы аталып өтті

Бақтияр Артаев, Мерей Ақшалов, Нұржан Кәрібжанов, ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбай, Қанат Әбутәліп,  Ләззат Күнгейбаева, Мейірім Нұрсұлтанов сынды бокстың жарық жұлдыздары, жас буынның сүйікті кейіпкерлері көпшілікпен кездесіп, салиқалы сұхбат жүргізді. 

«Бокс, оның ішінде бізге етене танымал болып кеткен ағылшын бокс стилінің олимпиадалық спорт ретінде тіркелуі, дамуы және бұл индустрияның тоғыз жолдың торабындағы қазақ жеріне де келуі заңдылық болатын. Сонау ел аштыққа ұшырап, жаппай коллективтендіру жүріп жатқан қиын қыстау заманда бокс спорт ретінде ұлы далаға келген. 85 жылды кейінге шегерсеңіз 1933 жылға тап боласыз», - делінген хабарламада.

Қасиетті де қастерлі, барша қазақ елінің қара шаңырағы саналатын Маңғыстау өңірінің тумасы Шоқыр Бөлтекұлы Алматыда алғаш жас өрендер тәрбиелеп бастаған. Кейін Қарағанды, Қызылорда, Орынбор, Қызылжар, Жамбыл, Шымкент, Таскент қалаларында спорт секциялары ашылды.

Бүгінгі мерекелік шара аясында осындай тарихи деректер насихатталып, меймандар арасында конкурстар ұйымдастырылып, түрлі сыйлықтар үлестірілді. Спорттық жаттығулар өтіп, әннен шашу шашылды. Бокстың жарқын өкілдері бұқарамен естелік суретке түсті.

«Қазақ боксының 85 жылдығы құтты болсын. Бұл біздің елімізде нөмірі бірінші спорт. Тәуелсіздік жылдарында ғана 7 Олимпиада ойындарының чемпионы шыққан. «Астана Арланс» командамыз «Бүкіләлемдік бокс сериясы» турнирінің 3 дүркін жеңімпазы. Қай өңірімізді алып қарағанда талай мықты спортшыларымыз болған, бола береді де», - деп атап өтті «Астана Арланс» кәсіпқой бокс клубының бас менеджері, 2004 Афина Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев.

«Барша спортсүйер қауымды қазақ боксының 85 жылдығымен құттықтаймын. Бұл мерейлі күнде біз спорт ардагерлерін, бокстың дамуына үлкен үлес қосқан азаматтарды еске аламыз. Солардың еңбектерін жастарға насихат қылып айтамыз», - деді Мерей Ақшалов.

Жас та болса бас болып жүрген ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбай да көпшілікпен бірге суретке түсіп, жиналған жұрттың көңілін тауып жатты. Бірі биыл Будапештте өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы, бірі Жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері.