Күрес • 29 Қазан, 2018

Әбу-Дабиде Дидар Хамза қола алды

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біріккен Араб әмірлігінің астанасы – Әбу-Дабиде өтіп жатқан «Grand Slam» турнирін алғашқы күні Қазақстанның қос дзюдошысы – Ғұсман Қырғызбаев (60 кило) пен Ерлан Серікжанов (66 кило) жеңіс тұғырына көтеріліп, өз жанкүйерлерін бір қуантып тастаған еді.

Әбу-Дабиде Дидар Хамза қола алды

Келесі күні де жерлестерімізге жүлде бұйырды. 81 кило салмақта белдескен Дидар Хамза бастапқы бәсекелерде қырғызстандық Владимир Золоев пен ресейлік Аслан Лапинаговты ұтып, үшінші айналымда Еуропа ойындарының жеңімпазы, Еуропа чемпионы, израильдік  Саги Мукиге жол берді. Жұбаныш сайысында құрлық біріншілігінің қола жүлдегері, болгариялық Ивайло Ивановтан басым түскен қандасымыз одан кейін биылғы жылғы әлем чемпионы және Азия ойындарының күміс жүлдегері, былтырғы жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері, дүниежүзілік рейтингте көш бастап тұрған Иранның мықтысы Саид Моллаеймен күш сынасты. Биыл Жакартада өткен құрлықтық ойындарының финалында айтулы қос балуан айқасып, бұл тартыс қандасымыздың пайдасына шешілген еді. Бұл жолы да Дидар өзінің мықтылығын мойындатып, қола медальді мойнына ілді. Ал бұл салмақ дәрежесінің бас жүлдесін Саги Муки жеңіп алса, күміс медальді бельгиялық Маттиас Кассе иеленді.

73 кило салмақта белдескен Бекәділ Шәймерденов ұзаққа шаба алмады. Ол өзінің тұсаукесер кездесуінде армениялық Арсен Хазарянға есе жіберді. Бүгін 90 кило салмақта Әзиз Қалқаманұлы мен Ислам Бозбаев татамиге шығады. Алғашқы айналымда Әзиз израильдік Ли Кошманмен айқасады. Оны ұтқан жағдайда әзірбайжандық Мамадәли Мехдиевпен жолығады. Исламның қарсыласы – ливиялық Мұхаммедисса Еннаас.100 кило салмақтағы Әділхан Қозыбаев латвиялық Евгениюс Бородавкамен белдессе, +100 кило салмақ дәрежесінде Ерасыл Қажыбаев голландиялық Хенк Гролмен, ал Ғалымжан Қырықбай чехиялық Лукаш Крпалекпен күреседі.