Үкімет • 30 Қазан, 2018

Ұсынымдар әзірленетін болды

641 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжілісте палата Төрағасының орынбасары Владимир Божконың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет сағаты мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелеріне арналды. Отырыста Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов депутаттарға экономиканың стратегиялық маңызды салаларын дамытудан бастап, қоғамдық қызмет көрсетуді ұсынуға дейінгі мәселелерді қамтитын жобалар жайында баяндап берді. 

Ұсынымдар әзірленетін болды

Жалпы, экономиканың тиім­ді жеке секторын құру және мем­ле­кеттік-жекешелік әріптестікті дамыту – бұл қалыптасқан мемле­кеттің жаңа саяси бағытының бір бөлігі болып табылатын «Қа­зақ­стан-2050» стратегиясында көрсетілген. Алайда, елімізде МЖӘ жобаларын жүзеге асыру 2006 жылдан басталғанымен, ал­ғашқы 10 жылда бар болғаны үш жоба ғана жүзеге асырылған. Тек соңғы жеті жылда заңнамалық және институционалдық базаның біршама жетілуіне байланысты бұл саланың тамырына қан жүгірген. 

– 2003 пен 2016 жылдар ара­лы­ғында 59,4 млрд теңгені құрай­тын 21 шарт жасалған болатын. 2017 жылдан осы жылдың 15 қаза­нына дейін 1 трлн теңгеге 422 шарт жасалды, бұл өткен жыл­дармен салыстырғанда 21 есеге артық. Бүгінде жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге жасалған 443 ке­лісімшарт бар. Әртүрлі дайындық кезеңдерінде 1,5 трлн теңге сомаға 721 жоба бар, – деді Т.Сүлейменов. 

Бұлардың қатарындағы 150,3 млрд теңгені құрайтын рес­пуб­ликалық маңызы бар 5 жобаны ерекше атап өтуге болады. Олар – «Шар-Өскемен стансасы» жаңа темір жол желісі, «Солтүстік Қа­зақ­стан – Ақтөбе облысы» электр желісі, Ақтау халықаралық әуе­жайының жаңа жолаушылар терминалы, «Күнделік» авто­мат­тандырылған ақпараттық жүйесі және «Нұр-жолы» автомобиль өткізу пункті. 

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, құрылыс сатысындағы 856 млрд теңгені құрайтын 173 нысан, оның ішінде республикалық маңызға ие Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының (ҮАААЖ) магистралін салу және пайдалану, «Transport tower» әкімшілік-тех­нологиялық кешенінің ғимаратын жаңғырту және пайдалану, әуе жүк тасымалдары (e-Freight) саласында қағазсыз құжат айналымы ақпараттық жүйесін енгізу және бейімдеу мен «Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобалары дәл осы МЖӘ негізінде жүзеге асырылуда. 

Министрліктің деректеріне қарағанда, қазіргі уақытта МЖӘ негізінен білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, спорт, көлік сала­сындағы жобаларды қамтиды. Ал жасалған шарттар саны бойынша Шығыс Қазақстан (103), Ақтөбе (79) облыстары, Алматы қаласы (50) және Қостанай (45) облысы көшбасшы болып есептелуде. Инвестициялар көлемі бойынша да аталған өңірлер алда тұр. 

Жалпы, жоғарыда айтқаны­мыздай, мемлекеттік-жекешелік әріп­тестікті дамыту тиісті заңна­маларға өзгеріс енгізіп, жобаларды жүзеге асыру тәртібін жеңілдету арқылы оң өріс алған. 

Ал тақырып бойынша қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов мем­ле­­кет­тік-жекешелік әріптестік тетік­терін бюджет шығындарын «жеңіл­дету үшін» де белсендірек қол­да­ну қажеттігін атап өтті. Сон­дай-ақ МЖӘ саласындағы қол­ға алы­нуы тиіс мәселелерге де тоқталды. 

– Біріншіден, экономиканың барлық саласы мен қызмет аясы мемлекеттік-жекешелік әріптес­тік жобаларымен жеткілікті қам­тылмаған. Бүгінде экономиканың әртүрлі секторында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің 1 000-нан аса жобалары мәлімделген, 443 шарт жасалған болса, оның 66 пайызы – білім беру, 16 пайызы – денсаулық сақтау, 8 пайызы – мәдениет және спорт салаларына, 9 пайызы қалған қызмет салаларына тиесілі. Солай бола тұра, сумен жабдықтау және кәріз салу, энергиямен жабдықтау, көлік, жол құрылысы, қауіпсіздік, байланыс, ауыл шаруашылығы, туризм, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік сала, мәдениет салалары іс жүзінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларымен қамтылмаған, – деді Н.Сабильянов. 

Депутаттың деректеріне қара­ғанда, қазіргі уақытта әлеуметтік са­лада бар болғаны – 4 жоба, ауыл шаруашылығы саласында 7 жоба ғана іске асырылуда. Соны­мен қатар үш жыл ішінде ар­найы экономикалық аймақтар инфра­құрылымының құрылысын салу кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің бірде-бір жобасы іске асырылмаған. 

– Ол үшін Парламентте «Мем­лекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заң қабылданып, онда құқықтық тетік қаланған еді. Бірақ көптеген арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымы әлі салынбаған, – деді депутат. 

Н.Сабильянов мемлекеттік-же­кешелік әріптестік жоба­лары­ның инвестициялық тартым­ды­лығының төмендігін айта келе, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында МЖӘ шарттарының аз екендігін атап өтті. Ал көбісінің өзінде түйткілді мәселелер жетерлік. 

– Кейбір облыстарда (Ақ­тө­бе, Шығыс Қазақстан) мемле­кеттік тапсырыс шеңберінде қар­жы­лан­дырылатын жекеменшік мектепке дейінгі білім беру нысандарын мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі бойынша беру орын алған. Бірақ одан әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштер жақсарған жоқ. Ал Қостанай қала­сының көшелерін ағымдағы ұстап тұру жөніндегі әрбір техникалық құрал мемлекеттік-жекешелік әріп­тес­тіктің жеке шарты ретінде рәсім­дел­ген, – деп толықтырды депутат. 

Үкімет сағатында депутаттар негізгі баяндамашы – Ұлт­тық экономика министрінен жә­не өзге де министрліктердің өкіл­дерінен МЖӘ дамыту жайында кеңінен сұрап, өздерін толғант­қан мәселелерге жауап алды. Ал осы саланы дамытудағы көш­бас­шылардың бірі ретінде жиі аталған Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілі – облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов депутаттарға өңірде атқарылған оң істер жайында баян­дап берді. 

– Елбасының тапсырма­сы­на сәйкес Ақтөбе облысында мем­лекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту қалыпты жүзеге асырылуда. Біздің басты мақсатымыз – жеке инвестициялар тартып, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешу. Қазіргі таңда Ақтөбе облысының әкімдігі арқылы 200 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары жүзеге асырылуда. Оған қоса құны 22 млрд теңге болатын 79 жобаға қол қойылды, – деді О.Смағұлов.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, мысалға, өңірде МЖӘ аясында «Дару жарығы» атты оф­тальмологиялық орталық ашылған. Бұл жобаға жергілікті кәсіпкер 

3 млрд 200 млн теңге инвестиция сал­ған. Ең заманауи шетелдік құралдармен жабдықталған клиника Ақтөбе облысы ғана емес, елі­міздің батыс аймағы үшін маңызды саналады. Өйткені жыл сайын аймақтың мыңдаған тұрғын­дары көз ауруларын емдету үшін Ресейдің Орынбор облысына ағылатын еді. Облыс әкімінің орын­басары енді науқастарға Ақтө­беде сапалы медициналық қызмет көрсетілетіндігін атап өтті. Бұл – МЖӘ жемісі. 

Жалпы, О.Смағұлов Ақтөбе об­лысының әлеуметтік-эконо­ми­калық ахуалына оң әсерін тигізген жобалардың негізгілеріне тоқталып, олардың маңызына да баға беріп өтті. 

Үкімет сағатын қорытын­ды­лаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Божко өткен жылы Ұлттық экономика министрлігінен мемлекеттік-жекешелік әріп­тес­тікті өндіріс саласына жақындату туралы сұралған уақытта, биз­нес­тің әлі де өсе түсу керектігін айт­қандығын еске салды. 

– Арада жыл өтсе де өзгеріс жоқ. Бизнес әлі өспеген болып тұр. Мүмкін тиісті министрлік пен өңірлік әкімдіктердің жұмысында кемшілік бар шығар?, – деді В.Божко.

Үкімет сағатының қорытын­дысы бойынша Үкіметке жібері­летін ұсынымдар әзірленеді.

Серік ӘБДІБЕК, 

«Егемен Қазақстан

Соңғы жаңалықтар