Медицина • 30 Қазан, 2018

Қостанайда жастардың аймақаралық ақпараттық лагері өтіп жатыр

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алтынсарин ауданындағы «Жайлау» демалыс үйінде «JAS QOSTA: Jiger, Aberoi, Sana» атты аймақаралық ақпараттық лагері үш күн бойы өтеді. Оған облыстың барлық аймақтарынан, іргелес Ақтөбе, Ақмола және Ресейдің Омбы, Орынбор облыстарынан жастар көшбасшылары, республикалық жастар ұйымдарының жетекшілері келді. Жастардың бар қырынан дамуы, жаңа жобаларды қолға алуы және қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысуын қамтамасыз ету бұл шараның басты мақсаты болып отыр.

Қостанайда жастардың аймақаралық ақпараттық лагері өтіп жатыр

Ақпараттық лагерьде 7 секция жұмыс істеп жатыр. Оған елімізге белгілі саясаттанушылар мен блогерлер Саясат Нұрбек, Талғат Қалиев, Берік Әбдіғали, Өркен Кенжебек, «Атамекен» жобасының әкімгері Аян Тәжібай, жас кәсіпкерлер Әділ Егембердиев, Ерәлі Білеш, жастар ұйымдарының жетекшілері Тоқтар Болысов пен Данияр Сүндетбаев шақырылды.

Секцияларда қарқыны күшті бәсеке мен жаһандану заманында жастар кезігіп отырған мәдени құндылықтар мен мұраларды сақтау, әлеуметтік желілердегі ағымдар, білім алу саласындағы жаңа трендтер, тағы да басқа жастар үшін өзекті мәселелер ортаға салынды. Олар туралы жастарға барынша ақпараттар берілді.

«Бұл Қостанайда тұңғыш рет осындай форматта өтіп жатқан ақпараттық лагерьде цифрландыру аясында болып жатқан өзгерістермен жастарды таныстыруды мақсат еттім. Цифрландыруға байланысты жаңа технологиялар, интернеттік бұйымдар, түрлі ұғымдар өмірге еніп жатыр. Соларды жастар қалай қолдануы керек деген мәселе күн тәртібінде тұр. Жастар ақпаратқа шөлдеп жүреді, сондықтан осы секілді шаралар жиі ұйымдастырылуы қажет. Бүгінде еңбек нарығы, білім нарығы қалай өзгеруде, жастарға нені оқу керек, қай бағытта жұмыс істеу керек деген мәселелерді білгені өте дұрыс. Әдетте Қазақстанның солтүстігіндегі жастар оңтүстік және батыс өңірлеріне қарағанда самарқау, белсенділігі бола бермейтін. Осы жолы олардың белсенділігіне куә болып, қуанып отырмыз» деді саясаттанушы Саясат Нұрбек.

Жастардың ақпараттық лагері бүгін және ертең жалғасады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай