Қазақстан • 30 Қазан, 2018

Халық Алматыдағы балалар хосписына 2 миллион теңге жинап берді

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аптаның алғашқы күні Алматы үшін қайырымдылық шаралармен басталды. Алайда бұл игі шараға барша қазақстандықтар болысты деп білу қажет. Яғни,  тұтынушылар Алматыдағы балаларға арналған онкологиялық жедел жәрдем қызметіне 2 миллион теңге қаражат жинап берді.

Халық Алматыдағы балалар хосписына 2 миллион теңге жинап берді

Онкологиялық жедел жәрдем – бұл Алматыдағы қатерлі ісікке шалдыққан, үйлерінде ауыр хәлде жатқан балаларға барып қызмет көрсететін жалғыз орталық. 

«Қазір «Мен сенімен біргемін!» хосписінің қамқорлығында 238 бала бар. Бұл балалардың 12-сі ғана орталықта ем алуда. Қалғандарына үйлеріне барып  медициналық жәрдем беріп отыруға тура келеді. Күн сайын онкологиялық жедел жәрдем қызметі балаларға медициналық қана емес, материалдық, психологиялық әрі әлеуметтік көмек береді. Сондықтан хоспистың қаржылық қолдау тауып отыруы аса маңызды. Осы тұрғыдан келгенде біз акцияны жүргізген Henkel компаниясы мен «MagnumCash&Carry» сауда желілері және барша сатып алушыларға  ризамыз. Осы шараның арқасында балалар хосписі жұмысын тоқтатпайды, – дейді «Саламатты Азия» қоры директорының орынбасары Игорь Федоренко.

Ең басты қазір «Мен сенімен біргемін!» хосписындағылар онкологиялық аурудан айығып кетуге болатынын біледі. Мысалы, 2017 жылы дертін жеңген 72 бала есептен шығарылды. Қазір хоспис «Қайсарлық қорабы» жобасы үшін ойыншықтар мен қаражат жинауда. Бұл бастамаға ұйытқы болушылар «Қайсарлық қорабынан» шыққан ойыншықтар балаларға ауыр емдік процедулар мен үлкен аппараттарға тексерілер алдында алдандырады, күш-қуат береді және қуаныш сыйлайды деп біледі.

Сондықтан да «Henkel» мен «MagnumCash&Carry»  қызметкерлері кезекті рет жобаны жалғастыу қажет деп шешіп, оның нәтижелі болуына күш салды.

Сонымен «Сен+ Henkel + Magnum =Мейірім» акциясы 9 тамыз бен 5 қыркүйек арасында жүрді. Henkel компаниясының Қазақстандағы бүкіл «MagnumCash&Carry» дүкендерінде сатылған әрбір тауарынан 50 теңге тұрақты түрде «Саламатты Азия» қорына «Мен сенімен біргемін!» балалар хосписі үшін аударылып отырды.

– Акция аясында 2015 жылы жиналған қаражатқа балалар үйлеріне беріліп, мектепке баратын киім-кешектер алынды. 2016 жылы балалар үйлеріне 170 спорттық костюмдер әпердік. Өткен жылы жиналған 2 миллион теңге қатерлі ісіккен шалдыққан қыз балаға күрделі ота жасату үшін «Мейірімділік ерікті қоғамы» қоғамдық қорына берілді. Біз ауыр науқасқа ұшыраған кішкентай қызға жасалған ота сәтті  өткеніне өте қуандық. Бұл қаражат бір адамның болса да өміріне араша бола алды. Биыл жиналған ақша Алматы онкологиялық балалар хосписының кәдесіне жаратылып, жәрдем болады, – Henkel компаниясының шешуші клиенттері жөніндегі Ұлттық менеджері Глеб Абдуллин.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ