Қазақстан • 30 Қазан, 2018

Қайрат Әбдірахманов Қызыл Крест вице-президенті Ж. Карбоньемен кездесті

361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ХҚКК) Президенті Петер Маурердің «Ядролық қару: жаһандық апаттың алдын алу» үндеуін мемлекет басшылығына жолдау үшін Астанаға іс-сапармен келген ХҚКК вице-президенті Жиль Карбоньені қабылдады, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі. 

Қайрат Әбдірахманов Қызыл Крест вице-президенті Ж. Карбоньемен кездесті

Қызыл Крестің өкілі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусызданудағы рөлін және бірқатар дағдарыстық жағдайларды реттеудегі еліміздің делдалдық әрекетін жоғары бағалады.

Тараптар Қазақстанның Қызыл Крестпен ынтымақтастығын, Сириядағы жағдайды реттеудегі Астана процесінің үлесін, Ауғанстанға гуманитарлық көмек, қақтығыс аймақтарындағы ХҚКК-ның делдалдық қызметін және еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамындағы жұмыс тәжірибесін ескере отырып, болашақ өзара ынтымақтастықтың мәселелерін талқылады.

Қ. Әбдірахманов Елбасының жақындағы бастамасы - үздік елдер арасындағы экономикалық, саяси қарсыластықтардың ахуалды мәселелерін шешу мақсатында Қытай, АҚШ, Ресей, және Еуропа Одағы арасындағы диалогты жақсарту үшін БҰҰ-ның арнайы сессиясы форматындағы кезедесуді Астанада өткізуге болатындығын атап өтті. Бұндай диалог санкциялық және сауда қарсыластығын жоюды, сенім орнату, тұрақты дамуды қамтамасыз ету, кедейшілікті жою, дамып келе жатқан әлемге қолғабыс көрсету мақсатында терроризмге және басқа да заманауи тегеурінді талаптар мен қатерлерге қарсы күресті көздейді.

Қ. Әбдірахманов Қазақстандағы Қызыл Крест Өкілдігін ашу туралы ҚР Үкіметі мен ХҚКК арасындағы келісімді ратификациялау үрдісінің аяқталу үстінде екендігін хабарлады. ХҚКК Өкілдігінің ашылуы қазіргі кездегі бар оңтайлы ынтымақтастық тәжірибесін жалғастырады, жаңа көріністер алады және практикалық қадамдарға әкеледі деген үміт білдірді.

ХҚКК Вице-президенті Сыртқы істер министрлігіне Қазақстандағы комитет жұмысына қолдау көрсететіндігіне алғыс білдірді. Сонымен қатар, ұлттық және өңірлік деңгейлерде, соның ішінде Ауғанстанда бірлескен жобаларды іске асыруда, қазақстандық бітімгершілерді дайындауда, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін оқытуда өзара ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендігін атап өтті.

Ж. Карбоньенің Астанаға сапары барысында ҚР Сыртқы істер министрлігі, Халықаралық Қызыл Крест Комитеті және Қазақстандағы Швейцария Конфедерациясының Елшілігі бірлесіп алғаш рет ҚР қазақ тіліне аударылған 1949 жылғы Женева конвенцияларын және оған қосымша хаттамалардың тұсаукесерін өткізді.

Сондай-ақ тұсаукесерге мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, жоғарғы оқу орындарының өкілдері, қазақстандық және шетел БАҚ өкілдері қатысты.