Аударма • 31 Қазан, 2018

Лондон Олимпиадасының мұрасы

724 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Лондонның 2012 жылғы жазғы Олимпия ойындарын өткізу құқығын жеңіп алғандағы басты мақсаты анық болатын: «Кешендер бос қалмауы тиіс». 

Лондон Олимпиадасының мұрасы

Бен КУИНТОН, «Нью-Йорк Таймс»

Эми ЦАН, «Нью-Йорк Таймс» – Лондон

Бұл – 2005 жыл еді. Лон­дон басшылығы қаланың шығы­сын­дағы өнеркәсіптік аймақ, тұрмысы төмен аудан Стратфордты қайта жаңғыртуы керек-тұғын. Бірақ шаһар басшылығы Лондонның шығысындағы кедей ауданды дамыту үшін 9 миллиард фунт-стерлингті (11,5 миллиард доллар) Олимпиада кешеніне ғана жұмсауға құқығы жоқ еді. 

Қаржылық дағдарыс бұрқ ете түскенде, Олимпиадаға арналған кешендерді ойындардан кейін де пайдаланудың маңызы арта түсті. 

Қазіргі таңда, Олимпия ойын­дарынан кейін 6 жыл өткенде Элизабет патшайым атындағы Олимпиадалық саябаққа қатыс­ты мақсат орындалды деуге бо­лады. Бос жатқан жерлер көгал­дандырылды. Өзендер мен каналдарда серуендеуге арналған қайықтар қойылды. 

«Олимпиада стадионы» «Вест Хэм Юнайтед» футбол клу­бы­ның негізгі алаңына айналды. Сонымен қатар мұнда түрлі жеңіл ат­летика жарыстары, Foo Fighters және Бейонсе секілді әншілердің кон­церті өтті. 

Сэр Аниш Капурдың архитек­ту­расымен салынған The Arcelor­Mittal Orbit шолу мұнарасы бой кө­терді. Меймандар алып ескерт­кіштің төбесіне айналмалы, күміс түстес құрал арқылы шығады. 

Ұлыбритания Қаржылық ба­қылау жөніндегі басқармасы мен ЮНИСЕФ саябақтың бизнеске арналған бөлігінде дүкендерін аш­ты. Осы арада алып ойын-сауық орталығы бар. Бұрын баспасөз орталығы болған жер қазіргі таңда технологиялық хабқа айналған. 

Саябақтың ішінде спортпен айналысып жүргендердің қарасы қалың. Бейжіңде өткен 2008 жылғы жазғы Олимпиададан кейін 10 жыл өткен соң кешендердің тиім­сіз пайдаланылғаны анық­талды. Рио Олимпиадасына арналған кешендер алты ай өтпей-ақ қа­ңы­рап бос қалды. Орыстар мен бра­зилиялықтар футболдан Әлем чемпионатын өткізудің пайдасына күмәнмен қарады. 

Басқа қалалар да мәселеге басқа қырынан мән бере бастады. Токио билігі 2020 жылғы жаз­ғы Олимпиадаға арнап салына­тын, Заха Хадид архитектурасын сыз­ған стадионның бағасын көр­ген­нен кейін оны салудан бас тартты. 

Games for Populous архи­тек­туралық фирмасының бұрынғы қызметкері Джефф Кеастың ай­туынша, Лондон тарапы аз ғимарат салу жөнінде шешім қабылдаған екен. 

«Үнемі қажеттілігі жоқ спорт кешендерін уақытша ғана пайдаланатындай етіп салдық», дейді ол. Баскетбол аренасы Лондон Олим­пиадасы аяқталғаннан кейін сатылып кетті. Жағалау волей­болы «Атты гвардиялар алаңын­дағы» уақытша кешенде өтті. 

2024 жылғы Олимпиаданы өткізу құқығына ие болған Париж тарапы Лондонның тәжірибесіне сүйеніп, тұрақты үш кешен салуды жоспарлап отыр. Жүзу бассейні уақытша ғана салынады. Ал үнемделген қаржы шаһардың спорт ғимараттары аз бөлігінде тұрғындарға арналған бассейндер салуға жұмсалмақ. 

Лондондағы Олимпиада саябағы басшылығы суық және қонақтар қатары сирейтін айларда келушілердің санын арттыруға күш салуы керек. 

Қазіргі таңда аудандағы тұр­ғын­­дардың басым бөлігі айнала­да­ғы биік ғимараттардан қандай пай­­да түсетінін білгісі келеді. Олим­­пиада саябағының жанын­дағы тұрғын үйлер құны ойын­дар аяқ­талғаннан кейінгі 5 жыл­да 64 пайызға өсті. Осыған бай­ла­ныс­ты Лондон ассамблеясы ай­мақ­ты дамытуға жауапты ком­па­­ния­ның жұмыс жылдамдығын сынға алды. 

Қолжетімді баспана жөнінде бастама көтеріп жүрген Саскиа О’Хараның айтуынша, көпшілік даму туралы берілген уәделердің орындалмағанына қынжылады. 

«Қазіргі таңда Лондонның басқа бөліктеріне қарағанда, осы ауданда үйсіздер саны көп. Олим­пиада – аймақты жедел дамы­тудың тиімді жолы. Бірақ орта тап үшін мұның еш мағынасы жоқ», дейді О’Хара. 

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»