Медицина • 31 Қазан, 2018

Мейірбикелер – медицинаның ең үлкен әскері

1150 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында 300-ге жуық орта буын медицина қызметкері еңбек етсе, нәрестелердің дертіне дауа сыйлаушы, әрбір емделушінің жағдайын жасап, олардың тез жазылуына септесіп жүрген мейірбикелердің жөні басқа.

Мейірбикелер – медицинаның ең үлкен әскері

Ал дертті сәбилері бар ата-ана­ларға демеу көрсетіп жүрген Толқын Қалықова – Педиатрия орта­­лығының Неонатология және жаңа туылған нәрестелер хирургиясы бөлімшесінің аға мейірбикесі. Бұл бөлімшеде күрделі оталар жасалып, ша­ла туылған, өңеш ақауы, іш­кі құрылыстары, туабітті ісік, ішек атрезиясы, өкпе, бүй­рек ісіктері сияқты басқа да туа­бітті ақаулармен дүниеге келген балалар ем алады.

Толқын 25 жыл бұрын Нео­на­тология және жаңа туыл­ған нәрестелер хирургиясы бөліміне кезекші мейірбике ретінде келсе, медицина­ май­­талмандарымен бірге шың­далып, 13 жылдан бері аға мейірбике қызметін атқарып келеді. 

– Жалпы, аурухана ісінің оңайы жоғы белгілі. Дегенмен неонатологияның көтерер жүгі екі есе ауыр. Өйткені бұл жерге жаңа туған нәрестелер ғана түседі. Біздің қарайтын балаларымыз 2 айлық, жаңа туғандар мен шала туылған, салмағы 650 грамнан сәл жоғары сәби­лер. Бөлімде 10 мейірбике қыз­мет істейді. Бәрі өз ісін жақ­сы көретін, өз ісіне адал мамандар. Мен де өз ісімді жақ­сы көргендіктен, еш өкінген емес­пін. Және басқа салада өзімді елестете де алмаймын. Барын салып, жауапкершілігі жо­ғары қызметті арқалап жүр­ген әріптестерімнің, бө­лім мед­­бикелері мен тазалықшы­ла­рының еңбегі орасан, – дейді Толқын. 

Педиатрия орталығына нау­­­қас балалар республиканың әр түкпірінен портал арқылы қа­былданады. Көбінесе нә­рес­­­телер Алматы облысы мен аудандарындағы пер­зент­ха­налардан түседі. Бөлім­шеде 2 пост жұмыс істейді. 1 пост – «Интенсивті терапияда» кю­вез­дегі нәрестелер мейір­бикенің тіке­­лей қарауында болады. Мұн­дай жағдайда медбикелер сақшы сияқты тәулік бойы нә­рестелердің жанында болады. Олар кез келген сәтте алғашқы кө­мекке дайын болу керек. 

Неонатология және жаңа туыл­ған нәрестелер хирургия­сы бөлімінде 300-ден астам нә­­ресте ем алады. Мұндай жағ­­дайда аға мейірбикенің мін­­детіне медбикелер мен та­за­л­ықшылардың қызметін рет­­теу, жұмыс кестесі мен тәр­­ті­бін қадағалау, қол астын­дағы қызметкерлерді нәрес­телерді күтіп-баптауға үй­ре­ту кіреді. Сонымен қатар бө­лім құжаттарымен айналысу, жұмыс сапасын артты­ру, ша­руашылық бөлімді қада­ғалау, дәрігердің нұсқау­ларын сапалы орындау мен қажетті дә­­­рілерге ұсыныс беріп, оны мейірбикелерге уақтылы бөліп отыру да аға мейірбикенің құ­зы­ретіндегі іс.

– Сәбилері тез сауығып кет­­се, ата-аналарымен қосыла қуанамыз. Тіпті кішкентай нәрес­телерге риза боласың. Ти­­тімдей болып, не деген мық­ты­лық, ауыр оталарды жең­ді деп қуанатын кездеріміз біз­ге қуат беріп, өміріміздің мә­­­нін арттырады. Жұмысқа бе­рі­ліп кететінің сонша, шар­шағаныңды кешкілік үйге жеткенде ғана білесің. Сәби деген үлкен бақыт қой! Ал халық та айна секілді, өз кәсібіңе адал болып, тынымсыз тер төгіп жүр­сең, оны көпшілік айтып жүреді. Еңбегімізге дән риза ата-аналар саны шексіз. Оған біздің бөлімшедегі том-том болып тұрған тілек кітапшасына жазылған жазбалар куә, – дей­ді көздері мейірім шашқан Тол­қын. 

Ақиқатында дертті сәбилері бар ата-аналардың жанына жалау болып, балаларының өмір сүруден үмітін үздірмеу үшін мейірбикелердің де атқаратын міндеті орасан. 

– Мейірбикелер бүгінгі таң­­да тек емделушінің күті­мін ұйымдастырушы, емделу­шінің күтімін орындаушы,­ емделу­шінің ықыласын қорғаушы ға­на емес, жылы сөзбен пси­хологиялық көмек беруші де.­ Бізге көбінесе жаңадан, ал­ғаш рет босанған аналар нәрес­телерімен түседі. Өзі ауыр бо­сан­ған, оған қоса баласы күр­делі диагнозбен дүниеге келсе анасы үшін екі есе соққы еке­ні аян. Сондықтан алдымен анасын сабырға шақырып, үміт сыйлаймыз. Осындай жағ­дайларда шыдамдылық танытып, әр науқастың көңілін та­буға барымызды саламыз. Егер тіпті, біздің сөзіміз өтпесе, ор­талық психологтарын арнайы шақыртамыз. 

Бұл дүниеде ең қымбат нәр­се – өмір, ал баланың өмірі ең асылы. Әр әке-шеше үшін бүл­діршіндерінің жүзінен ­ауруы ­жанына батқанын көруден қиын сәт жоқ. Тағдырдың ауыр сынағына ұшыраған, ұйқысыз түндер кешкен, мазасы кеткен ата-аналарға көмек көрсету мұн­дағы педиатр-дәрігерлердің мін­деті. Әр ата-ана бар байлығын сеніп тапсыратындықтан, біз­дің қызмет ең жүгі ауыр жауап­кершілікті іс, дейді ширек ға­сыр­дан бері үздіксіз еңбек еткен медбике.

Дертті жандармен жұмыс іс­тей­тіндіктен, мейірбикелерге ең бастысы жанашырлық, ептілік, жауапкершілік, жылы жүз қа­жет. Әр мейірбике кішкентай бала­ларға күтім жасауды бес сау­сағындай білуі тиіс, білімді, сабыр­лы, жауапты болуы қа­жет. Өйткені, дәрігер емінің нә­тижелі болуы медбикенің ем-домды уақтылы көрсетіп, өз мін­детін мүлтіксіз атқаруына тікелей байланысты. Науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін де мейірбике. Бұл жұмыста босаңсуға, ісіңе салғырт қарауға болмайды. Сондықтан әрдайым жауынгер сияқты бабыңда болуың шарт, деп қоштасты тәжірибелі маман. 

Әрине, 25 жыл деген аз уа­қыт емес. Осы аралықта әріптесте­рінің шынайы қошеметіне ие болған Толқын Мырзақызы ден­саулық сақтау саласына сіңірген айрықша еңбегі үшін талай мәр­те марапатталды. Алайда мейір­бике үшін марапаттың үлкені – ата-аналардың риясыз алғысы.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ