Әлем • 31 Қазан, 2018

Ауаның ластануы Еуропаға қауіп төндіреді

1584 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауаның ластануы салдарынан Еуропада жарты миллионға жуық адам қаза тапқан» деп хабарлайды «BBC News» баспасөз қызметі.

Ауаның ластануы Еуропаға қауіп төндіреді

Еуропа экология агенттігі ауаның ластануы салдарынан жыл сайын Еуропада 500 000-ға тарта адам қайтыс болатынын айтып дабыл қағып отыр. Мұның алдын алу мақсатында атқарылған шаралар жемісті болғанына қарамастан, нәтиже Еуропалық және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандартынан әлдеқайда төмен.  Еуропадағы 41 мемлекетте көп адам осы себептен көз жұмған екен.

«Ластанған ауа көзге көрінбейтін қылмыскер сынды. Бізге міндетті түрде бұның алдын алатын шараларды жүзеге асыру керек», деді Еуропа экология агенттігінің басшысы  Ханс Брюинкс.

Еуропалық Одақтың сарапшысы 28 мемлекет ауаның сапасына қатысты нәтижеге қол жеткізе алмағанын айтады. Осыған байланысты отырыс бірнеше аптадан соң өтеді деп жоспарланған. Ол сондай-ақ Шығыс Еуропа мемлекеттерінде денсаулығы сыр берген адамдар саны Қытай мен Үндістандағы көрсеткіштен асып түскендігін атап өтті.

Ауаға таралған бөлшектер қолға ілінбейтін ұсақтығына қарамастан, жүрек ауруларының, демікпе, өкпенің қатерлі ісігі сынды аурулардың қоздырады. Ауа сапасына қатысты жүргізілген зерттеу нәтижесінде көліктерден және қазандықтардан бөлінетін уытты азот диоксиді 79 000 адамның көз жұмуының негізгі себебі деп танылды.

Еуропалықтардың ауа сапасына қатысты жүргізген саясаты көлік жасауда, өндіріс орындарын қалыптастыруда экологиялық таза өнімдер тұтынуға алып келді.

Алайда, Болгария, Польша мен Словакия сынды Шығыс Еуропа мемлекеттерінде ауа сапасын жақсарту жұмысы айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Хорватия, Сербия, Албания мен Босния елдері бұл мәселені шешуде көздеген мақсатқа жеткен.

Еуропаның оңтүстігінде орналасқан Македонияда аталған мемлекеттермен салыстырғанда ауаның ластану көрсеткіші 3 есе жоғары.

Салтанат ШЫНӘДІЛ,

ЕҰУ студенті,

«Егемен академиясы»