Медицина • 01 Қараша, 2018

Елорда аулаларына ерекше көрік берген бастама

354 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен соңғы жылдары Астана қаласында тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмысы жоғары қарқынмен жүргізіліп келеді.

Елорда аулаларына ерекше көрік берген бастама

Елордадағы осындай күрделі жөндеуден өтіп, жаңарған және жаңғыр­тылған аулалардағы балалар ойнайтын түрлі-түсті қондырғыларды, құм төселген алаңдарды, спорт трена­жерлерін, ағаш егіп, гүлзар­лар­мен көмкерген демалыс алаңдарын көр­генде, көңілің толып, бас қала­мызды көркейту мен абаттандыру мақ­сатында ауқымды жұмыстар атқа­ры­лып жатқанына тәнті боласың. Аста­на­ның жиырма жылдық шежірелі төл ме­ре­кесіне орай биылғы жылы бұл игі бастамаға барынша басымдық берілді.

Қазіргі таңда Астанада 1536 аула­лық аймақ есепке алынған. Олар­дың көпшілігінде бұрынғы жылдары көркейту және абаттандыру жұ­мыстары жүргізілген. Биылғы мерей­лі жылы қаламыздағы 300-ге тарта ауланы абаттандыру жоспарланған болатын. Осыған байланысты жыл басында қалалық бюджеттен аулаларды жаңарту және жаңғырту жұмыстарына 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Үстіміздегі жылы Алматы ауданы бойынша 203 аулалық аймақты абаттандырып, тұрғындардың сапалы демалысы үшін 8 қоғамдық демалыс орындарын жабдықтау жұмыстары жоспарланған. Осы жоспар аясында Иманов және Уәлиханов көшелерінің қиылысында, Сәтбаев, Рысқұлбеков, Маяковский көшелерінің бойында, Железнодорожный тұрғын үй алабында көрікті саябақтар бой көтерді. Сарыарқа ауданы бойынша, 10 аулалық аймақты жаңғырту, 5 тұрғын үй кварталы аумағын көріктендіру және сегіз саябақ құрылысын салу міндеті күн тәртібіне қойылған болатын. Байқоңыр ауданы бойынша бірнеше аулалық аймақтар мен саябақ құрылысын салу жоспарланса, Есіл ауданы бойынша 10 аулалық аймақты абаттандыру жұмысы жүргізілді.

Жоба бойынша жоғарыда атал­ған аулаларда асфальттық жабын­дылар жаңартылып, спорттық тренажерлер орнатылды, балалар ойнайтын қондырғылар жабдықталды. Ойын алаңдарында балалардың жарақаттануына жол бермеу мақ­сатында жұмсақ резеңке жабындылар төселіп, құм төгілді. Аулаларда ағаш егіліп, көгалдандыру жұмыстары іс жү­зіне асырылды. Балалар ойнай­тын алаңқайлар шарбақтармен қоршалды. Түрлі-түсті бояулармен әрлендірілген балалардың ойын алаңдарындағы көрініс еріксіз ертегі әлемін елестетеді.

2013 жылы елімізде «Қолжетімді тұр­ғын үй-2020» бағдарламасы қабыл­данып, кейіннен ол Өңірлерді дамыту бағдарламасына ауысып, бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасына ұласты. Міне, осы бағдарлама шеңберінде Астана әкімдігі қаламыздағы апатты көп пәтерлі тұрғын үйлерді бұзып, оның тұрғындарын заманауи жайлы пәтер­лермен қамтамасыз ету мақ­сатын­дағы игі бастаманы қолға алды. Осы бастама негізінде бас қала­ның тұр­ғын үй қорына жан-жақты тал­дау жүргізіліп, арнайы құрыл­ған ведом­ство­аралық комиссия ше­шімімен негі­з­гі құрылыс құрылғылары мен ин­же­нер­лік желілері әбден тозған көп пә­тер­лі тұрғын үйлердің тізімі жасалды. 

Тізімге 1940-1970 жылдары салын­ған 228 көп пәтерлі тұрғын үй енгізі­ліп, бұл үйлер 2018 жылға дейін бұзы­луға тиіс болатын. Сөйтіп, 2013-2016 жылдар аралығында 117 көп пәтер­лі тұрғын үй бұзылып, осында тұра­тын 1,5 мыңнан астам отбасы жаңа да жайлы пәтерлерге көшірілді. Ал 2017 жылдың соңына дейін бұл әлеу­меттік жоба аясында 111 көп пәтер­лі үй сырылып, онда тұратын 1,8 мың тұрғын жаңа пәтерлерге ие бол­ды. Астана қаласының әкімдігі бұзыл­ған үйлердің орнына қайтадан көп қабатты нысандар салып, онсыз да ты­нысы тар қала көшелерін толтыра бер­мей, бұл жерлерге саябақ пен гүл­зар­лар, спорт алаңдары мен ойын аула­ларын жасақтап, қала тұрғын­дары­ның демалатын орындарын көбейту жолын­дағы тағы бір игілікті істі қолға алды. 

Биылғы мерекелі жылы осы бас­тама шеңберінде бас қаланың оң жағалауында 13 саябақ жасақталып, келесі жылы тағы да 5 саябақ салына­ды деп күтілуде. Қала күні мере­кесі қар­саңында Ботаникалық бақ, «Линей­ный» паркі салтанатты жағдай­да ашылып, «Арай» саябағын қайта жаң­ғырту жұмыстары аяқталды. Жал­пы алғанда, биыл пайдалануға берілген 18 әлеуметтік демалыс нысанында балалардың 85 ойын аттрак­ционы, 115 спорт тренажері, 18 футбол, баскетбол және теннис алаңдары ашылды. Ұзындығы 17 шақырымға созылған велосипед жолы, 12 шақы­рым­ға созылған жүгіру жолы жабдық­талып, 30 субұрқақ кешені бой көтер­ді. Жаңадан салынған саябақтар, гүл­зар­лар мен бульварлар белгілі бір дәстүрмен безендіріліп, арнайы тақы­рыпқа сай өрнектелді.

Астана қаласының жаңа әкімі Бақыт Сұлтанов қала аудандарын абаттандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқынын одан әрі арттыруға тапсырма берді. «Саябаққа бару үшін адамдар қаланың орталығына келіп әуре болмауы керек. Гүлзарлар, саябақтар, аула клубтары, көше тренажерлері «таяқ тастам» қолжетімді жерде, тұрғындарға барынша ыңғайлы болуы қажет. Астананың кез келген ауданында өмір сүру жайлы да сапалы болуы тиіс», деді ол тиісті басқармалардың басшыларына берген нақты тапсырмаларының барысында. 

Ақиқатын айтқанда, қаламыздағы көпшілік көңілінен шыққан аулаларды көріктендіру және абаттандыру мақсатындағы игі бастамалар лайықты жалғасын табатын болады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан