Күрес • 01 Қараша, 2018

Алтын қайда? Алтын!

381 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана Будапештте аяқталған әлем чемпионатының нәтижелерін сараптай келе, Қазақстанның еркін және грек-рим күресі шеберлерінің өнеріне «қанағаттанарлық» деген баға беруге болады. Біздің балуандар үш жүлдеге иелік етті: бір күміс және екі қола. Бүгінгі таңда спорттың бұл түрлерінде мықты бәсекелестіктің белең алып тұрғанын ескерсек, осының өзі тәуір табыс. Ал әйелдер күресінен өткен жарыста қатарынан екінші рет қоржынымыз бос қайтты. Әрине, бұл жағдай бізді алаңдатып отыр. Енді осы және өзге де мәселелерді рет-ретімен баяндайық.  

Алтын қайда? Алтын!

Еркін күрес шеберлері сайысында 57 кило салмақта белдескен Нұрислам Санаев­тың күміс медаль алғанына ешкім таңдана қойған жоқ. 2014 жылы Ресейден Қазақстанға қоныс аударған кезден бері ол Рио Олимпиадасы мен әлем чемпионаттарынан олжасыз орал­ғанымен, өзге ірі жарыстарда жап-жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтсақ, былтыр Нью-Делиде өткен Азия біріншілігінде қола медальды еншілесе, биыл Бішкектегі бәсекеде алтын тұғырға көтерілді. Одан бөлек, түрлі халықаралық турнирлерде атой салып, сан мәрте үздіктер санатына қосылды. Осы жайт­тың барлығын сараптаған Қазақстан ұлт­тық құрама командасының бас бапкері Әсет Серікбаев Венгрия сапары қарсаңында «Санаев жүлдегерлер қатарынан көрінуі мүмкін» деген болжам айтқан-ды. 

Расында да Нұрислам Будапештте өте жақсы күресті. Самоалық Джош Файлауга, украиналық Армен Аракелян, түркиялық Сүлейман Атли және америкалық Томас Патрик Гильманды еш қиналмай ұтқан ол финалда Еуропа чемпионатының екі дүркін жүлдегері, ресейлік Заур Угуевпен тең дә­режеде айқасты. Таразы басы теңселіп тұрған тұста төреші жерлесімізге жоқ жерде ескерту жасап, қасақана түрде жеңісті қар­сыласына ұстатып жіберді. Осы сөзіміздің рас­­тығына Будапешттегі зәулім спорт кеше­ніне жиналған мыңдаған жанкүйер мен теле­ди­дарға көз тіккен миллиондаған көрермен куә. 

Джакартада өткен Азия ойындарына қатысқан Қазақстанның грек-рим күресінің хас шеберлері әлем чемпионатына бармайтынын естігенде көрермендердің көпшілігі «Будапештте жүлде алуымыз қиын болады-ау» деп ойлағаны рас. Мажарстанға сапар шеккен 10 балуанның арасында осыған дейін әлемдік додада тек Демеу Жадыраев (72 кило) қана жүлде алған. 2017 жылы Парижде өткен жарысты ол күміс медальмен қорытындылады. Былтыр Нью-Делиде Мақсат Ережепов (82 кило) Азия чемпионы атанды. 2018 жылы Азамат Құстыбаев (87 кило) Азия ойындарының қола жүлдесін еншіледі. Міне, ең сақа спортшылар осылар. Ал қалғандары осы күнге дейін ересектер арасындағы құрлық біріншілігінің өзінде жеңіс тұғырына көтерілген емес. Секем алуымыз да сондықтан. 

Алайда айтулы дода барысында біз елімізде дарынды жастардың қалың шоғыры өсіп келе жатқанын аңғардық. Будапештте ұйымдастырылған байрақты бәсеке барысында есімдері көпшілікке етене таныс емес қос балуан – Айдос Сұлтанғали мен Мейіржан Шермаханбеттің (суретте оң жақта) асқан шеберліктеріне тәнті болдық. Мәселен, 60 кило салмақ дәрежесіндегі Сұлтанғалидің ең зор табысы – 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем біріншілігі мен жабық ғимараттағы Азия ойындарының қола жүлдесі, кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінің алтыны. Сол секілді Шермаханбет те пәлендей биік белестерді әлі бағындыра қойған жоқ. Бір есімізде қалғаны, биылғы жылдың сәуір айында Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында бұл жігіт еліміздің даңқты балуаны Алмат Кебісбаевты қапы қалдырып, айды аспанға бір-ақ шығарды. 

Өзге жерлестеріміздің арасынан тек Де­меу Жадыраев пен Мақсат Ережепов қана жар­­ты жолға дейін жетті. Алғашқы айналым­дар­да қарсыластарын қапы қалдырған олар ши­рек финал мен жұбаныш бәсекесінде сүрінді. 

Венгриядағы жарыста біз Елмұрат Тасмұ­ра­товтың да табысына қуандық. Өзбекстан­ның туы астында өнер көрсетіп жүрген 26 жастағы қазақтың ұлы әлем чемпионатында осымен үшінші мәрте жеңіс тұғырына көте­ріліп отыр. 2013 және 2014 жылдары ол қола медальды иеленсе, бұл жолы күміс алды. Бар­лық қарсыластарын бір деммен ұтқан Ел­мұ­рат финалда ресейлік Степан Маранянға ғана жол берді. Одан бөлек, қандасымыздың Рио Олим­пиадасының қола жүлдегері және Азия­ның төрт дүркін чемпионы деген атағы бар. 

Бір қызығы, былтыр Парижде өткен әлемдік додада Ресей балуандары күрес­тің үш түрінен де жеңіс тұғырының ең биік сатысына бірде-бір рет көтеріле алған жоқ еді. Сол сәтсіздіктен үлкен сабақ алып, тиіс­ті қорытынды шығарған олар бұл жолы жа­рыс­қа керемет дайындықпен келген екен. Грек-рим күресінде айтулы мемлекет өкілдерінің қарқынына ешкім шыдай алған жоқ. 10 салмақ дәрежесінің алтауында бас жүлдені олжалаған ресейліктер командалық сайыста барлық қарсыластарынан қара үзіп кетті. 

Әйелдер күресінен өткен жарыста Қазақ­стан құрамасына бірде-бір жүлде бұйырған жоқ. Ең мықты деген спортшыларымыздың өз­дері жарты жолға жетпей сүрінді. Сол се­бепті де спорттың бұл түріне кеңінен тоқ­та­луды жөн көрмедік. Әйелдер күресінде әдет­­тегідей Жапония командасы озды. Күншы­ғыс елінің әнұраны Венгрияның астана­сында төрт мәрте шырқалды. Сондай-ақ Қы­тай, Болгария, Финляндия, Украина, Кана­да және АҚШ құрама командасының мүше­лері де бір-бір реттен алтыннан алқа тағынды. 

Міне, Будапештте өткен әлем чемпиона­тының нәтижесі осындай. Біздің бір өкінетін жеріміз – бұл жолы да бас жүлдені олжалай алмағанымыз. Сонау 1999 жылы грек-рим күресінен Мкхитар Манукян Қазақстанның балуандары арасынан ең соңғы болып сол белесті бағындырған еді. Содан бері табаны күректей 19 жыл өтті. Күрес өнерін жан-тәнімен сүйетін жанкүйерлер 19 жыл бойы алтын тұғырды аңсаумен келеді. Енді келесі жылы төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан дүбірлі дода Астанада өтеді. Бәлкім, өз елімізде, өз жерімізде жалауы желбірейтін жарыста біздің балуандар дәл 20 жылдан кейін өз жанкүйерлерінің үкілі үмітін ақтайды деп үміттенеміз.

­­­Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»