Аймақтар • 02 Қараша, 2018

Жамбыл өңірінде «Идеялар жәрмеңкесі» өтті

1113 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасында 8 қазан күні басталған «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасы аяқталды. Аталған жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы 65 адам қатысты.

Жамбыл өңірінде «Идеялар жәрмеңкесі» өтті

Бұл жоба жастардың инновациялық және кәсіпкерлік потенциалын арттырып, жастарды кәсіпкерлікке баулу арқылы олардың құзыреттік деңгейін көтеруге бағытталған. Жоба қатысушылары кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, бизнес-жоспар дайындауда консультативтік қызмет көрсету мен бизнес-жоспарларды қорғау алаңын ұйымдастыруды меңгерді. Сонымен қатар, «Идеялар жәрмеңкесі» байқауына қатысты. Қатысушылар оқу барысында бизнестің қыр-сырын меңгеріп, болашақта жүзеге асырғысы келетін жобаларын комиссия алдында қорғап шықты.

Нәтижесінде жаңашылдығы мен әлеуметтік маңызы жағынан сәйкес келетін 4 қатысушының «Қаралма» тау-шаңғы курортында туристік қызмет көрсету,

Жамбыл облысының тозған және тұздалған жерлерінде фосфор, гипс және көң негізінде биомелиорант-өнімнің жаңа түрін енгізу, фетрден әзірленген балаларға арналған дамыту кітапшалары мен ойыншықтарын өндіретін шағын цех және пластикалық қалдықтарды қайта өңдейтін шағын цех сияқты жобалары іріктеліп алынды.

Комиссия мүшелерінің шешімімен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің докторанты Дәулет Егембердиевтің жобасы бірінші орынды жеңіп алды және ол Гранттық қаржыландыру бағдарламасына ұсынылатын болады. Жас ғалым топырағы тозған егістік алқаптары мен тұздалған жерлерді қалпына келтіретін жаңа биомелиорант ойлап тапқан. Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісінде 2 миллион гектар егістік алқабының топырағы тозғанын ескерсек, тозған топырақты тиімді пайдалану үшін биомелиоранттар мен органикалық тыңайтқыштарды қолдану қажет. Дәулет Егембердиев тұздалған жерлерде топырақтың құнарлылығын қалпына келтірудің тиімді әдістерінің бірі жаңа биомелиорантты пайдалану болып табылатынын айтады. «Бұл әдісті жүзеге асыру үшін жолы өте қарапайым. Энерго үнемдеуші компоненттер жергілікті шикізат ресурстарынан құралған. Бір килограмм биомелиоранттың өзіндік құны 16 теңге. Биомелиорантты пайдаланғаннан кейін егістік өнімділігі 30-50 пайызға дейін артады», дейді ол.

Мұндағы тағы бір қызықты жоба «Фетрден әзірленген балаларға арналған дамыту кітапшалары мен ойыншықтарын өндіретін шағын цех» ашу болды. «Жас кәсіпкерлік мектебінің» қатысушысы Сырғалым Тойбаева киізден балалардың ақыл-ойын дамытуға бағытталған түрлі ойыншықтар тігумен айналысады. Кейіннен балабақшалар мен ата-аналар тарапынан сұраныс түсе бастағанын байқаған ол тапсырыс қабылдап, ойыншықтар мен кітаптар тіге бастайды.

«Біз 1000 теңгеден бастап 25000 мың теңгеге дейінгі қаражат аралығында ойыншықтар әзірлейміз. Яғни, тұтынушының талғамына орай барлық тапсырысты қабылдаймыз» , дейді жас кәсіпкер. Сырғалым Тойбаева «Жас кәсіпкерлер мектебінде түрлі тың идеялармен танысып, болашақ бизнесменге қажет қасиеттерді меңгеріп шыққан.

«Байқауда бағын сынаған әр қатысушының тыңғылықты дайындалғандығы көрініп тұр. Есеп-қисаптары, маркетингтік жағынан есептелуі, шығын мен кіріс, кәсіпті жүзеге асыру орны тиімді таңдалған және бизнес бастаудағы барлық жайттар жан-жақты қамтылған. Бұл ең әуелі Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренердің еңбегі», – дейді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Диана Түкпетова.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы