Ауыл • 05 Қараша, 2018

Тарихқа толы Тарбағатай

830 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарбағатай өлкесін сөз еткенде тамыры сонау сақ дәуірлеріне қарай тереңдей түсетін ғасырлар күмбірі құлаққа жеткендей болады. Өңірдің тарихи келбеті Шығыс Қазақстан жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жә­дігерлердің маңыздылығынан-ақ айшықталып тұрғандай. Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен кездесуде елімізге белгілі қаламгерлер, бизнес және БАҚ өкілдері «Тарихқа толы Тар­бағатай» альманахының таныстырылымын өткізіп, ғажайып өлкенің тың деректеріне қанықты.

Тарихқа толы Тарбағатай

Кітапты археолог Ерден Орал­­­бай құ­растырып жи­нақ­таса, көркемдеп, ерекше ди­зайнмен жарыққа шығарып қолдау көрсетуде «Асыл тас» ком­па­ния­­­сының директоры Дулат Тас­­текеевтің еңбегі зор. Биылғы жылы үшінші басылымы жа­­рыққа шығып отырған кітап же­ті­ бөліммен толықтырылған екен. «Ал­тайдан Арқаға дейін...» бөліміне көне за­ман ескерт­кіштері, археологиялық зерт­теулер барысы, ғалымдардың зерттеу мақалалары, саяхатшы­лардың есте­ліктері енсе, «Ер­лік­ке толы сол за­ман» бөлі­мінде қазақ халқының бас­қын­шыларға қарсы ерлікке то­лы күресі, Шыңғыстау мен Қал­баға, Алтай мен Тарбағатайға қайта қоныстануы, Абылай хан бастаған батырлар жорығы, билер мен қаһармандар туралы мә­ліметтер келтірілген. Осылайша өңір та­рихын айшықтайтын «Халқымның қилы тағдыры», «Ел іші – өнер кеніші», «Қуатты шаруашылық, бұлжымас заң – ел дамуының негізі», т.б. бөлімдер бүгінде осы өңірдің дамуына үлес қос­қан азаматтардың ерен ерліктеріне арналады. 

Альманах Мемлекеттік сый­лықтың ие­гері Досхан Жолжақ­сыновтың ал­ғысөзімен басталыпты. Ал осы игі іс­ке қолдаушы болып жүрген Дулат Тастекеев «Байтақ еліміздің әр түкпірі жай­лы қазбалап зерттейтін бол­сақ, әлі талай кітап жазуға бо­лады. Біздің арманымыз – осы жобаның үлгісімен әрбір өлкенің белсенді азаматтары туған өңі­рі жай­лы қызықты жазбалар беретін парақша ашса, сөйтіп Қазақстанның бүкіл аумағында өлкетану ғылымын жандандырып, экотуризмді дамытса... Туған өлке жайлы жастарға бі­лім бе­ретін, насихаттайтын,­ сол арқылы Отанына деген сүйіс­пеншілігін арттырып, ел тарихына деген құрметін асқақтататын осын­дай әлеуметтік жобалар кө­бейе берсін» деген пікірін біл­дірді.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ