Аймақтар • 05 Қараша, 2018

Қостанайда 2019 жылы Челябі облысының мәдени күндері өтеді

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев бастаған делегация мүшелері Ресей Федерациясы іргелес Челябі облысының басшылығымен кездесіп, аймақаралық әріптестік мәселесін талқылады. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қостанайда 2019 жылы  Челябі облысының мәдени күндері өтеді

Тараптар алдымен өңірлердің сыртқы экономикалық әріптестігіне баса мән берді. Атап айтқанда, тауар айналымын арттыру, өндірістік кооперацияны күшейту, білім беру мен денсаулық сақтау, мәдени қарым-қатынас және туризм жайы жан-жақты сөз болды.

2019 жылдың алғашқы тоқсанында Қостанайда Челябі облысының күндерін өткізу талқылаудың басты тақырыбына айналды. Шара аясында  екі елдің іскертобы өкілдерінің кездесуіне мүмкіндік туып, әлеуметтік-мәдени байланыстарға жол ашылмақ. Бұл ретте тараптар қазірден бастап ұйымдастыру мәселелерін қолға алу қажеттігіне келісті. Таяу уақытта арнайы жұмыс тобы құрылып, тиісті іс-шаралар жоспары нақтыланатын болады.  Айтпақшы, 2017 жылы аймақтар арасында Сауда-экономикалық және мәдени әріптестік жөніндегі келісімге қол қойылған болатын. Қостанайда Челябі облысының мәдени күндерін өткізу сол құжатта келісілген мәселелердің  нақты жүзеге асырылуы болып табылады.  

Аймақтағы  туризмді дамыту мақсатында Челябі мен Қостанай облыстарының туристік ұйым өкілдері және блогерлер үшін қысқы туристік бағыттар бойынша ақпараттық тур ұйымдастырылады. Ресей тарапы аталған шараға арнап қаржы бөлуге дайын екендігін жеткізді. Ал жаз айларында балалар мен жастар туризмін дамыту мақсатында аймақтар үш күндік туристік бағыттарды қолға алу қажеттігіне уағдаласты. Ол бойынша қауіпсіздік пен бағдарламаның мазмұндылығына айрықша ден қойылатыны да әңгімеден тыс қалдмады.   Бұдан бөлек медициналық, аңшылық-олжалық туризм бағыттарына да баса мән беріліп отыр. Әсіресе, аңшылық-олжалық туризм  үшін қос өңірдегі табиғат,  аңдардың  әр алуандығы мол мүмкіндік сыйламақ.

Тараптар өндірістік кооперация, инвестиция тарту жөнінде бірлесіп қолға алған жобаларды үнемі назарда ұстап, ақпарат алмасып отыруға келісті. Кездесу соңында 2020 жылы Челябі қаласында өтетін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) мен БРИКС саммиттері де сөз болды. Ресейлік тарап Қостанай облысын осы жылдың 4-6 желтоқсан күндері Челябіде өткізілетін ШЫҰ аясындағы форумға қатысуға шақырды. ШЫҰ-ға мүше елдердің аймақаралық ынтымақтастығын арттыруға себепші мұндай форумды өткізу туралы шешім ұйымның биылғы 9-10 маусымда Қытайдың Циндао қаласында өткен саммиті кезінде қабылданған болатын.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай