Медицина • 05 Қараша, 2018

Астанада «Жақсы дәрігер» фотокөрмесі өтті

550 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақ халатты абзал жандардың машақатты жұмысын халыққа танытып, олардың қоғамдағы мәртебесін көтеру және науқастармен шынайы қарым-қатынас орнату мақсатына Астанадағы Ұлттық музейде «Жақсы дәрігер» тақырыбымен фотокөрме өтуде. Екі күнге созылатын әлеуметтік жоба аясында тегін медициналық тексерулер және жұмыспен қамту жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. 

Астанада «Жақсы дәрігер» фотокөрмесі өтті

Фото: Майгүл СҰЛТАН

Көрмеге елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы, №2  қалалық көпбейінді аурухана және №1 қалалық аурухана, сондай-ақ жеке меншік медициналық орталықтардың жұмысын көрсететін 126 фотосурет қойылған. Суреттерді «Sultan magazine» борттық журналының фотографы Марат Әміров үш апта жүріп түсіргенін айтады.

2016 жылдан бері төрт тілде жарық көріп келе жатқан «Sultan magazine» борттық журналының бастамасымен өткен әлеуметтік жобаға «Нұр Отан» партиясы мен Астана қаласының №2 көпбейінді ауруханасы қолдау көрсеткен.

«Елбасының жаңа Жолдауында қазіргі заманға сай медицина сапасын көтеру керектігі айтылды. Қаншама мыңдаған дәрігерлерің ажалға арашашы болып, күнделікті ерлік істеп жатқанын көп біле бермейміз. Бүгін фотокөрме арқылы соған куә болдық. Еліміздегі жеті медицина университеті медицина саласының мамандарын дайындайды. Жақсы дәрігерлеріміз өте көп. Соларды насихаттайтын, халықпен шынайы қарым-қатынас орнатуға жол ашатын осындай бастамалардың болғаны қуантады », деді көрмеге арнайы қатысқан Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының ректоры Мырзабек Рысбеков.

Әлеуметтік жоба аясында тіс дәрігері, невропатолог, кардиолог, педиатр, терапевт, психолог  және косметолог дәрігерлер көпшілікті тегін тексеруден өткізуде.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген автор