Парламент • 06 Қараша, 2018

Әлеуметтік көмектің жай-жапсары қаралды

431 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжілісте палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның төрағалығымен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу туралы Үкімет сағаты өтті. Тақырып бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова депутаттарға күнкөрісі төмен және өмірлік қиын жағдайдан өз бетінше шыға алмайтын адамдарға әлеуметтік көмек көрсету және қолдаудың жаңа тәртіптері туралы айтып берді. 

Әлеуметтік көмектің жай-жапсары қаралды

Жәрдемақының жеті түрі көзделген

Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқына арнаған биыл­ғы Жолдауында қазақ­стан­­дықтардың әл-ауқатын өсіруді, олардың табыстары мен тұрмыс сапасын арттыру­ды бар­­лық деңгейдегі мемлекеттік орган­дардың қызметіндегі негізгі мақсат ретінде айқындады. Осы­ған байланысты Үкімет үшін әлеуметтік саясаттың негізгі міндеті және оның тиімділігінің басты критерийі халықтың өмір сүру деңгейін арттыру және кедей­лікті азайту болып отыр. 

– Ресми деректер бойынша, ұлттық экономика көрсет­кіш­терінің өсуі негізінде халықтың нақты ақшалай кірістерінің өсуі де байқалады. Мәселен, 5 жыл ішінде нақты ақшалай кірістер деңгейі орта есеппен халықтың жан басына шаққанда айына 1,4 пайызға өсіп отыр. Дегенмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен кірісі бар адамдардың үлесі, әсіресе ауылдық жерлерде, әлі де жеткілікті деңгей­де төмен­дей қойған жоқ, – деді өзінің кіріспе сөзінде Г.Исимбаева.

Ресми деректерге қарағанда, елімізде халықтың аз қамтылған бөлігі үшін мемлекеттік әлеу­мет­тік жәрдемақының 7 түрі көзделген. Олармен 2 188 874 аза­мат қамтылған.

Негізгі баяндамашы М.Әбіл­­­қасымованың айтуына қарағанда, елімізде кедейлік деңгейі 1996 жылғы 34,6 па­йыздан биылғы жылдың екінші тоқсанының  қорытындысы бо­йынша 4,7 пайызға қысқарған. Ал халықтың жан басына шақ­қандағы номиналды ақшалай табысы 2001 жылдан бастап 2017 жыл аралығында  10,8 есеге өсіп, 83 053 теңгені құраған. Осылайша, Қазақстанның әлеу­меттік дамуын сипаттайтын не­гіз­гі көрсеткіштер абсолюттік, сол сияқты салыстырмалы мәнде жақ­сы динамиканы көрсетуде.

– 2015 жылғы қазанда Халық­ты әлеуметтік қорғау мәселе­лері бойынша заң қабылданды, оған сәйкес 2018 жылғы 1 қаңтар­да күнкөрісі төмен отбасылар­ға арналған атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі енгізілді. Жаңа тәртіп бойынша көмек отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері мемлекет ұсынатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді  шараларына міндетті  түрде қатысқан кезде көрсетіледі, – деді министр. 

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрінің мәлімдеуінше, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекте көп балалы отбасы мәртебесін алғаш рет 2018 жылғы 1 қаңтардан бас­тап алған көп балалы отбасылар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны, сондай-ақ күн­көрісі төмен отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына бері­летін мемлекеттік жәрдем­ақыны 2018 жылдан бастап алып тастау, аталған жәрдемақы 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған көп балалы отбасылар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдема­қыны сақтап қалу және атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін критерийді, яғни кедейлік шегін  ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызына дейін ұлғайту көзделген. Оған қоса, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде беріледі.

– Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетсіз азаматтары бар отбасыларға беріледі және оларға жәрдемақы алу үшін міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысу талап етілмейді. Шартты ақшалай көмек отбасында кемінде еңбек­ке қабілетті бір мүшесі бар от­ба­сы­ларға арналған және осын­дай отбасы әлеуметтік келі­сімшарт жасап, оның шарттарын ерікті түрде орындаған кезде  көрсетіледі. Әлеуметтік келісімшарт 6 ай мерзімге жасалады, оны қосымша тағы 6 айға ұзарту мүмкіндігі беріледі. Әлеуметтік келісімшарт бо­йынша міндеттемелерді орын­дамаған жағдайда, 7 жасқа дейінгі баланы бағумен айналысатын бір отбасы мүшесін және студенттерді қоспағанда, отбасының кәмелетке толған барлық мүшелеріне алғаш рет бас тартқан кезде ақшалай көмек 50 пайызға азаяды немесе қайта бас тартқан кезде толығымен тоқтатылады, – деді М.Әбілқасымова.

Атаулы әлеуметтік көмекке – 28 млрд теңге

Министрліктің деректеріне қарағанда, биыл мемлекет­тік бюджетте жаңа форматтағы атау­лы әлеуметтік көмекті енгізу үшін  28,9 млрд теңге, оның ішінде нысаналы трансферттер есебінен  республикалық бюджеттен – 18,4  млрд теңге және жергілікті бюджеттен – 10,6  млрд теңге көзделген. 

Республикалық бюджеттен қаражатты игеруде Түркістан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласы алда тұр. Керісінше Алматы және Астана қалалары мен Маңғыстау облысында қаражаттың игерілу көрсеткіші төмен болып отыр. 

Жалпылай алғанда, 9 айдың қорытындысы бойынша жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 504 мың адамды құраған. Ал өңірлер бөлінісінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың көбі Түркістан облысында – 34,8%, Жамбыл облысында – 11,7%, Алматы облысында – 10,7%, Қызылорда облысында – 7% және Шымкент қаласында – 9,7%  тұрады, яғни алушылардың 75%-ы осы оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Сондай-ақ көмек алушылардың 66 пайызы – ауылдық елді мекен тұрғындары. 

– Атаулы әлеуметтік көмек­тің басты мақсаты масылдықты азайту және кедейліктен шығу үшін отбасының еңбекке қабі­летті мүшелерін жұмыспен қамту шараларына тарту болды. Әлеуметтік келісімшартты енгізудің арқасында еңбекке қабі­летті шартты ақшалай көмек алушылардың жалпы санынан, яғни 93 мың адамның ішінде 51,5 мың адам немесе 55 пайызы жұмыспен қамту шараларына тартылды. Қалған адамдардың жүгінген кезде жалақысы төмен болған, – деді М.Әбілқасымова.

Қолданыстағы заңна­маға сәйкес күнкөрісі төмен отба­сы­ларға шартты ақшалай көмек үш айға бір рет төленуі мүмкін. Бұл ретте олар алған қара­жатын тек жеке қосалқы шаруашылығын және дара кәсіп­керлігін дамы­туға жұмсауға тиіс. 

Ақшалай көмек тиімді жұмсалуы тиіс

Тәжірибе көрсетіп отырған­дай, ақшалай көмекті бірден төлеу әсіресе ауылдық жерлерде қызмет алушылардың жағ­дайын жақсартуға елеулі әсерін тигізуде. 

Бағдарламаны енгізу барысында жергілікті жердегі халық­ты жұмыспен қамту орта­лық­тарының кадрлық әлеуеті кү­шей­тілген, жұмыспен қамту орталықтары базасында құжат қабылдау және өңдеу процестері автоматтандырылған, жұмыс­пен қамту орталықтары мен бар­лық деңгейдегі әкімдіктер­дің 1200 қызметкері күнкөрісі төмен отбасылармен жұмыс жасау дағдыларына, сондай-ақ «Әлеу­меттік көмек» ақпарат­тық жүйе­сінде жұмыс істеуге оқытылған. 

Ендігі уақытта министрлік атаулы әлеуметтік көмекке үміт­кер азаматтардың жан басына шаққандағы табысын есептеу тәртібін жетілдіруді жал­ғастыра бермек. Оған қо­сымша Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының қол­дауымен Агроөнеркәсіп ғылы­ми-зерттеу институтымен бірге жеке қосал­қы шаруа­шылықтан алынатын табыс нор­мативтерін қай­та қарау бойынша зерттеу жүргізілген.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрінің баяндамасынан соң депутаттар өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша сауалдарын беріп, Үкімет сағатының қорытындысы бо­йынша мемлекеттік органдарға атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібін жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді. ​​​​​​​

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»