Қазақстан • 06 Қараша, 2018

Атырауда терможаңғырту бағдарламасы аясында 40 үй жөнделеді

490 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2011-2020 жылдарға арналған терможаңғырту бағдарламасы іске қосылғалы бері Атырау қаласында 110 көп қабатты тұрғын үй жөндеуден өтті, деп xабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Атырауда терможаңғырту бағдарламасы аясында 40 үй жөнделеді

Бұл туралы бүгін Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлының қатысуымен өткен аппарат жиналысы барысында белгілі болды.

«Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС директоры Зұлқағида Нәубековтің айтуынша, терможаңғырту мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаладағы 8 үйге кұрделі жөндеу жүргізілген. Тұрғын үйлерді қалпына келтіруге керек қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді.

- Қазір қайтарылған қаражат есебінен төрт үйге күрделі жөндеу жүруде, олар – СМП 136 -дағы № 1,2, 6 үйлер және Вокзал маңы 3а ықшам ауданындағы 19 а үй,- дейді Зұлқағида Нәубеков.

Сонымен қатар, қалалық мәслихаттың соңғы сессиясында қабылданған шешімге сәйкес жергілікті бюджеттен бөлінген қосымша қаражатқа тағы 3 үй жөнделеді: Ғұмаров көшесіндегі 88 үй, Авангард 3 ықшам ауданындағы №6 үй, Қожақаев көшесіндегі 29 үй.

- Келесі жылдың тізімі жасалды, оған 40 үй кірді. 20 үйді қайта жаңғыртуға ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Оларды күрделі жөндеу

2020 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр, тұрғын үйлерді терможаңғырту мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу уақыты да сол кезде бітеді,- дейді Зұлқағида Нәубеков.

Қала әкімі Алимұхаммед Кұттұмұратұлы терможаңғырту бағдарламасы шеңберіндегі жұмыстарға жауапты органдарға жұмыстарды уақытында және сапалы орындауға тапсырма берді. 2011-2020  жылдарға арналған терможаңғырту мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырауда 110  көп қабатты үй  жөндеуден өтті.