Әлем • 07 Қараша, 2018

Қыран ұстаған қария

855 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемдік фотоөнер саласы бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде өткі­зілетін халықаралық беделді «All About Photo» бай­қауында мына бір сурет 2018 жылдың ең үздік туындысы деп танылыпты. Бұл туралы мәлімет аталған ұйым­ның веб-сайтында жарияланды.

Қыран ұстаған қария

Орайы келгенде айта ке­тейік «All About Photo» қо­ры – пайдасы мол және өте кең фото мәліметтер база­сы жинақталған құрылым. Ресурс­тың басты мақсаты – әлем фотографтарының жұмысын жүйелеп отыру. Алғаш рет 2013 жылдың ақпан айында АҚШ-тың Калифорния штаты, Сан-Франциско қаласында іске қосылған екен. Азғана уақыт ішінде фотоқор жасау­дан әлемге танылған. Бұл жер­ден кез келген тақырып бо­йынша қажет фотосуретті тауып алуға болады. Мұнда арнайы онлайн-журнал шығады, сонымен қатар веб-сайты және фотолабораториясы, студиясы, оқу шеберханасы, музей, галерея, көрме залы бар. 

Ал мына үздік фотоның авторы – ұлыбританиялық фо­тограф Тарик Зайди. Сурет жуықта Бай-өлке аймағы­ның Сақ­сай сұмын жері «Бі­теу» дейтін күзеулікте түсі­ріл­­­ген екен. Атқа мініп, алдына немересін мінгестіріп, балдағына құс қондырған ақ­сақалдың аты – Бәйтен Баби­ұлы. Бәкең туралы «Егемен Қа­зақстан» газетінің 23 тамыз күнгі №159 санында «Этно­графиялық әңгіме» айд­арымен «Қыран ұстау қазақ­тың ен-таңбасы» атты көл­емді сұхбат жарияланған-тын. Осы сұхбатта жасы 85-тен асқан ақсақал қолына құс қон­дырып, бүркітшілікпен айна­лысқанына 60 жыл болғанын айтып, мына бір қанатымен жел­кесін көмкеріп тұрған бү­ркітін 33-ші құсым деген еді... Енді міне қазақтың этно­­­тұрмысын бұзбай сақ­тап отырған қарияның ісі шетел­діктер тарапынан үздік деген атқа ие болып отыр.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»