Аударма • 07 Қараша, 2018

Нигерия фермерлері бақташыларға қысым көрсетуде

610 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жүздеген мүйізді ірі қара күні бойғы жайылымнан кейін қосынға қайта оралды. Ману Бака табынның ортасына барып, кішігірім от жақты. Сиырлар жалынның айналасына жинала бастады.

Нигерия фермерлері бақташыларға қысым көрсетуде

Адриан ОГАНЕСЯН, «Нью-Йорк Таймс». Гомбе штатында сиыр құны 600 АҚШ долларына дейін жетеді, бірақ жайылымдық жер азайып барады.

Дионн СИРСЕЙ, «Нью-Йорк Таймс» – Даминия (Нигерия) 

Бұл – Нигерияда ірі қаралар үшін жаңа жайылым із­деген оның және басқа да бақ­та­шылардың өмір бойғы күн­делікті кешкі әрекеті. 

Бақташылық ғұмырында Бака улы жыландармен, індет­тің таралуымен, барымташылар және ветеринарлық дәрілердің қолдан жасалуымен күресіп келді. Енді бақташылар өміріне зиян кел­тіретін мәселемен бетпе-бет келіп отыр: Нигерия хал­қының қар­қынды дамуы ғасырлар бойы бақ­ташылар қолданып келген жерге қызы­ғушылардың артқанын көрсе­теді. 

Нигерияның әр жерінде жерге иелік етуге таласқан фермер­лер мен бақташылар арасында дау-жанжал жиі тұтанып тұ­ра­ды. Биылғы алғашқы жарты жыл­дықта осындай қақ­ты­ғыстың кесірінен шамамен 1300-дей адам қайтыс болды. 

Фермерлер мен бақташылар арасындағы жанжалдың әсе­рі­нен 300 мыңға жуық тұрғын өз үй­лерін тастап кетуге мәжбүр болды. Қақтығыстың басым бө­лігіне діни, этностық мәселелер, климат өзгеруі кесірінен туындайтын тұрақсыз ауа райы әсер етеді. 

Мали, Нигерия, Буркина Фасо, Кения секілді халық са­ны күрт артқан мемлекеттер осындай мәселеге тап болып жатыр. Соңғы 60 жылда халық саны төрт есе артқан Ни­ге­рия­дағы қақтығыстардың күшей­гені сонша, мемлекет полиция қыз­меткерлерін ұрыстарды тоқ­татуға арнайы бөлетін болды. 

Көптеген аймақтық органдар малшылардың құқықтарын қорғауға кепілдік бергенімен, бұл мәселе бойынша аз жұмыс атқарған. Нигерияның федералды үкіметі малшыларға жер бөліп беруді ұсынды. Дегенмен, мемлекеттегі артып бара жатқан жұмыссыздық халықты ауыл шаруашылығына итермелеп, шиеленісті одан әрі арттыруда. 

Кейбір штаттар мал жайылы­мына тыйым салған. Шиеле­ністерді шешуге бағытталған жергілікті ережелер жүзеге ас­пайды. Әсіресе үкімет пен бас­қарудан алыс қалған ауыл­дық аймақтарда заңдар мен ережелер қауқарсыз. 

Бақташылардың көбісі се­­кілді Нигерия прези­денті Мохам­маду Бухари де мұ­сылман. Зор­лықты бәсеңдетуге шаралар қол­данып, бақ­та­шыларға көмек көрсет­пе­геніне қарамастан, оны мем­лекеттің солтүстігінде шоғыр­ланған фуланиліктерді қолдау­шылар қатарына қосады. 

Нигерияның көп бөлігінде, әсіресе оңтүстігінде фуланилік бақ­ташылар террористер қата­рында. Жаңалықтарда бақ­та­­шы­­лардың фермерлерді өлтір­гені туралы көп хабар кездес­тіруге болады. 

Мистер Бака табынымен көшіріп әкелген Гомбе штаты бос жатқан жерлерімен жә­не бақ­ташылар мен фермер­лер ара­сындағы жақсы қарым-қаты­на­сымен танымал. Фер­мер­лердің көбісі бақташылар се­кілді фуланилер, сондықтан өза­ра этностық қақтығыстар жоқ. 

Дегенмен, бұл аймақтың өзінде де бос жерлерге талас болып тұ­рады. Мистер Баканың ауылына жақын Даминия ауы­лы­ның халық саны соңғы 15 жыл­да үш есе, яғни 7000 адамға дейін өскен. 

Сиыр табындары мен отар қойларын, есектерін әкелген мистер Бака мен оның туыс­қан­дары қыркүйектің басында лагерь құр­ды. Олардың әр сиырының құ­ны 600 АҚШ долларына жетіп қалады. 

Мистер Бака өз тобымен Гом­бе штатының былтыр мекен еткен бөлігіне қайта тұрақтады. Бұл жер оның табынына үш ай бойы еркін жайылуға мүмкіндік береді. Дегенмен, Мистер Бака көшіп келген күннің ертесіне жер иесі өз шаруашылығын кеңейткісі келетінін айтты. 

Баканың туыс­тарының бірі Салих Абду жас кезінде мал­шылықтың оңай болғанын еске алады. Ол кезде сиыр бір не екі сағаттың ішінде тойынып үлгеретін. Қазір сиырды бір күн бойы жаю керек. Өйткені шөп құрғақ әрі шүйгін емес. Кей кезде сиырлары ішуге су таппай, екі күн бойы сусыз жүреді екен. «Мүмкіндігім болса, қалаға көшіп, бұл өмір салтын біржола қояр едім», дейді Абду.

Жақын жердегі ауылдарда жақсы мүмкіндіктер бар. Ол жерде бақташылықты тас­тап кеткен малшылар өте көп. Олар бүгінде қарқынды дамып жат­қан орман шаруашылығына көшкен. 

«Осындай қысым көре тұра, отырықшы өмір салтына көшіп, қазіргі кәсібімді тастау ойыма кел­мепті. Бұл өмірде сүйсіне істейтін жұмысым – сиырларым­ды бағу, бір жерден екінші жерге көшу», дейді Бака мырза.

Мақалаларды аударған

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Светлана Ғалымжанқызы, 

«Егемен Қазақстан»