Өнер • 07 Қараша, 2018

XXI «Шабыт» халықаралық жастар фестивалі басталды

1209 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорда төрінде шымыл­дығын ашқан «Шабыт» халықаралық шығармашыл жас­тар фестивалінің 21-рет өткізілуі жастарды­ қолдау­дың айқын мы­са­­лы болса керек.

XXI «Шабыт» халықаралық жастар фестивалі басталды

Жас таланттар асыға күтетін байқаудың салтанатты ашылуы Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Астана қаласы әкімінің орын­басары Ермек Аманшаев қа­ты­сушыларға сәттілік тілеп, елорда басшылығының атынан байқауды дайындап, ұйымд­ас­­тырғандарға, сондай-ақ қазы­лар алқасының мүшелері мен қонақтарға, «Ша­быт» фес­тиваліне келген таны­мал өнер жұлдыздарына алғысын білдірді.  

– Мемлекет басшысы қазақ­стандық жастардың шығарма­шылығын дамытуға айрықша көңіл бөледі. Жақында халыққа Жолдауында Республика Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келесі жылды Жастар жы­лы деп жариялады. Бүгінде жер-жерлерде және мемлекеттік деңгейде, Астана әкімдігінің дең­гейінде үлкен кешенді бағдар­лама әзірленуде, онда жастарды, оның ішінде еліміздің және елор­­дамыздың шығармашыл жас­тарын қолдаудың түрлі шаралары қарастырылады. Осымен «Шабыт» 21-рет өткізіліп отыр. Фес­тиваль елордамызбен бірге дүниеге келіп, бірге жасап, өркен­деп келеді, шығармашылық пен өнер шыңдарын бағындыруда. Жыл сайын көздерінде от ойнаған, сөздерінде жалын бар жас таланттарымызды қарсы аламыз, – деді Е.Аманшаев.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Төлеген Мұхамеджанов пен Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор Айман Қожабекқызы − «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің негізін қалағандар. Дәл осы себепті де оларды ел ішін­д­е байқаудың «ата-анасы» деп атап кеткен. 

– Байқаудың барша әлем бойын­ша табынушылары бар, оның лауреаттары бүгінде мәдениет қай­раткерлері атанып жүр деп зор мақтанышпен, қуана айта аламыз, – деген Айман Қожабекқызы кон­курсанттарға жоғары деңгейде өнер көрсетуді тіледі.  

Ал Төлеген Мұхамеджанов фес­­­тивальдың алғаш шымылдығын аш­­қан күндерін еске алып, та­ғылымды тарихқа бір сәт көз жү­гіртті. 

– Нұрсұлтан Әбішұлы бірін­ші фестивальды өзі ашты, залда отырып, қатысушыларды қошемет­теген болатын. Бір кездері өнер көр­сеткен жастардың алды 40-тан асып, «Шабыт» жаққан шырақ­тар­дың кейбірі бүгін қазылар ал­қасының құрамында отыр. Ұр­пақтар сабақтастығы деген осы, бұл ұрпақтан-ұрпаққа берілетін эста­фетаның символы деуге бо­лады. Жастарға сәттілік пен ба­қыт тілеймін!, – деді Т. Мұхамед­жанов.

«Шабыт» фестивалінің салтанатты ашылуы биылғы аталымдар бойынша бәсекеге тү­сетін конкурсанттардың өнер көрсетуімен жалғасты. Ха­­лық­аралық конкурстардың жеңім­паздары мен лауреаттары Ас­лана Гумарова, Нұрай Мық­ты, «Бастау» дуэті, сондай-ақ Вите­бскіде «Славян базары-2018» бай­қауының алтын жүлдесін алған, Әміре атымен атағы шыққан Ернар Садырбаев өнер көрсетіп, Қай­рат Баекенов пен «Формат» ұжымы солистері де сахнада ән салды. 

Биылғы байқауға қатысуға елі­міз­дің түкпір-түкпірінен 613­ адам ниет білдірген. Кон­кур­сант­тар арасында барша Қазақ­станның жастары, сонымен қа­тар Ресей, Беларусь, Украина, Гру­зия, Израиль, Башқұрт­стан, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбек­стан мемлекеттерінің де өкілдері бар. Байқау бағдарламасына клас­сикалық музыка, халық музыкасы, эстрадалық вокал, хореография, журналистика сынды 5 негізгі аталым еніп отыр. Кейбір аталымдар секцияларға бөлінеді, олардың әрқайсысында негізгі жүлделі орындар мен Гран-приден басқа, танымал өнер қайраткерлерінің құрметіне арнайы атаулы дипломдар да қарастырылған. 

– Жыл сайын 10-20 аталымнан өткізу өте қиын. Сондықтан оларды өзгертіп отыру туралы шешім қабылдадық. Биылғы байқаудың ерекшелігі, соңғы рет 2011 жылы болған журналистика аталымының енгізілгендігі. Биыл оны қайта қос­тық. Қатысушылар мен қазы­лар алқасының мүшелерінің гео­­графиясы әртүрлі. Қазылар ал­қа­сының құрамында Ресей, Ук­раина, Қырғызстан сияқты көр­ші мемлекеттердің, Аустрия, Гер­­мания, Грузия, Македония, Из­раиль Республикасының көр­некті мәдениет қайраткерлері де бар. Байқау туралы төрткүл дү­ние де біледі, − дейді Астана әкімдігінің Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»