Аймақтар • 07 Қараша, 2018

Жаңақала – жаңа қала

1146 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Сулы жер – нулы жер» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Кезінде Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданын­да 80 көл болған деседі қариялар. Оның кейінгі кезде жеті-сегізін өзіміз де көрдік. Кейін қос өзеннен келетін су саябырсып, уақыт өте келе судың өзі де тауарға айналып, қаржыға тіреліп қалды.

Жаңақала – жаңа қала

«Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, Ресей тарапы соңғы жылдары өз жерінен тоған санын көбейтіп жіберді. Тіпті бастауын сол жақтан алатын қос өзен сарқылып, аяқтағы ел судан тарығып қалатын кезі де жиі кездесті. Адамдар суды ашық өзендерден ішуге мәжбүр болды. Таза су – денсаулық кепілі екен. Ашық-шашық су ішкен ел ішінде әртүрлі ауру көбейе бастады.

Жаңақалада таза су мәселесі 2012 жылдан айтыла бастады. Арнайы зерттеу орындары Құлшық елді мекенінде мол жерасты су қоры бар еке­нін анықтады. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегия­сында  келе­шектегі елге түсер нәубет – ауыз су жетіс­пеушілігі болатынын көре­ген­дікпен атап көрсетіп, Үкіметке оны шешу жолдарын қазір­ден бастап қолға алу керектігі жөнінде нақты тапсырма берген бола­тын. Президенттің ауыз су мәсе­лесін шешу туралы нақты тапсырмасы алыстағы ауыл тұр­ғындарының кеудесіне үміт отын жақты. Тұрғындардың ер­теңіне сенім пайда болған­нан кейін Құлшық елді мекені­нен су тарту жөнінде аудан аза­мат­тарының атынан Парламентке бірнеше мәрте хат жолданды.

Елбасы тапсырмасына орай өңірімізге келген Премьер-Ми­нистр облысымыздың оңтүс­тік аймағындағы жартылай шөлейтті өңірге орна­лас­қан Жаңақала ауданы тұрғын­дары­ның ауыз суға мұқтаж­дығын мұқият ескеріп, нәтижелі шаралар қабылдаған еді.

Міне, Үкіметтен бөлінген 2 миллиард теңгеге жуық қаржы­ны мердігер тиянақты игеріп, жұмысты биыл қыркүйек айында мерзімінен бұрын аяқтап шық­ты. Осылайша Елбасымыздың халық­­қа деген қамқорлығы нақ­ты көрініс тапты!

Нәтижесінде 143 шақы­рым­дық топтық су құбы­ры таби­­ғаттың қолайсыз шақ­тарына қарамастан қар­қын­ды жүргізіліп, Жаңақала ауданы­ның 10 ауылы мен елді мекені таза ауыз сумен қам­­та­масыз етілді. Елбасына ха­лық­тың ризашылығы шексіз. Себебі Жаңақала газбен қам­тыл­­ған, жолы жөнделген аудан болатын. Таза ауыз су әр үйге құбыр­мен кіріп келгенде қала мен ауылдың айырмашылығы бол­май қалды. Мемлекет бас­шы­сының өзі қалалықтар мен ауылдықтардың өмір сүру дең­г­ейінің арасындағы теңсіз­дікті жою жөнінде тапсыр­ды емес пе? Міне, бұл орын­далды. 

Жаңақала топтық су құ­бы­рының ашылу салтанатында өңір тұрғындары атынан сөйлеген тоқсанның төрі­не шыққан абыз ақсақал Б.Сапаров, зейнеткер-ұстаз Р.Кенжекеевалар Елбасы­мызға, Үкіметке ризашы­лық­тарын білдіріп, шексіз алғыс айт­ты. Бұл жаңақалалықтардың шынайы көңілі еді.

Закария СИСЕНҒАЛИ,

Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы

Батыс Қазақстан облысы