08 Қараша, 2018

Шоқырдың шекпенінен шыққандар

533 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ даласына бокс­шылардың былғары қол­ға­бын алғашқы болып әкел­ген Шоқыр Бөлтекұлы еке­нін дүйім жұрт жақсы біледі. Бұл – ХХ ғасырдың оты­зыншы жылдары еді. Ал­матыда, кейіннен респуб­ли­камыздың басқа да ай­мақтарында арнайы үйір­мелер ашылып, жергілікті жастар осы спорт түріне ден қоя бастады. Түрлі жарыстар ұйымдастырылып, бағы мен бабы қатар шап­қандар жеңіс тұғырына кө­те­рілді. Міне, осындай игі істердің барлығы да болмы­сы бөлек Бөлтекұлының бас­тамасымен жүзеге асты.

Шоқырдың шекпенінен шыққандар

1934 жылы Маңғыстау өңірінің түлегі Шоқыр Бөлтекұлы Бакудегі көркемсурет училищесін аяқтап, білімін жетілдіру үшін Киевке аттанады. Украинаның бас шаһарында ол қазаққа беймәлім бокс өнерімен табысады. Елге келген соң шаршы алаңды шайқап қана қоймай, бапкерлік кәсіпті де қатар алып жүреді. Екінші дүниежүзілік соғыстан оралғаннан кейін Шоқыр сүйікті ісін қайта жалғастырады. Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанып, бүкілодақтық «Динамо» спорт қоғамы біріншілігінің күміс медалін иеленді. 1947 жылы КСРО спорт шеберінің күміс белгісін омырауына тақты. 

Бапкерлік кәсіпте де Бөлтек­ұлының бағы жанды. Шәкірттері түрлі жарыстарда ысылғаннан кейін 1947 жылы Қазақстан құрамасын Мәскеуде жалауы желбіреген КСРО біріншілігіне өзі бастап барды. Сол жарыста қазақтың мінезді ұлы Махмуд Омаров қола медальді иеленді. Осылайша, күллі Одақтың үздіктері бас қосқан жарыста жерлестеріміз тұңғыш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Кейіннен Шоқырдың шекпенінен шыққан жуан жұдырықты жігіттердің дені дүбірлі додаларда дараланды.

Шоқыр атамыздың болмысы да, бітімі де бөлек тұлға еді. Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған тұста «ов» пен «ев»-тен бас тартқан ол өзінің тегін Бөлтекұлы деп жазғызды. Сол кездері осы мәселеге байланысты Кабанов деген тергеушімен сөзге келіп қал­ғанда «Мен қабанның емес, Бөл­тектің ұлымын. Сол себепті де тегім – Бөлтекұлы» деп жауап қайырған. Өзінің бір сөзінде даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Екі-ақ нағыз қазақ бармыз. Бірі – мен, бірі – Шоқыр» деп айтуы да көп нәрсені аңғартса керек. 

Қазіргі кезде Қазақстан бок­сының даңқы артып, атағы шар­тарапқа тарады. Өзге жарыстарды айтпағанда, тек Олимпия ойын­дарының өзінде орасан зор табысқа қол жеткіздік. Тәуелсіз мемлекеттің дербес командасы ретінде Қазақстан құрамасы айтулы додаға алты мәр­те қатысып, барлығы 22 жүлде (7 алтын+7 күміс+8 қола) олжалады. Бүгінгі таңда осы көрсеткіш бойынша біз төрткүл дүниедегі барлық командалар арасында үздік ондықтың қатарына еркін қосылып отырмыз. Осы орайда, басты бәсекелестеріміздің Олимпиадада ХХ ғасырдың басынан бақ сынап жүргенін ескерген жөн. Оның сыртында КСРО құрамасы сапында өнер көрсеткен Серік Қонақбаев, Виктор Демьяненко және Алек­сандр Мирошниченко сынды саң­лақ­тардың төрт жылдықтың бас­ты жарысында жеңіс тұғырына кө­те­рілгені бар. Ол аз десеңіздер, 1996 жылы Василий Жиров, 2004 жы­лы Бақтияр Артаев және 2012 жылы Серік Сәпиев Олимпия ойын­дарының ең үздік былғары қолғап ше­беріне тиесілі Вэл Баркер кубогын иеленді. 

1993-2017 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында тә­уелсіз еліміздің түлектері 43 мәрте (11 алтын+12+күміс+18 қола) мәрте же­ңіс тұғырына көтерілді. Бұл көр­сеткіш жағынан біз тек Куба, Ре­сей (КСРО-ны қоса алғанда – ред.) және АҚШ құрамаларын ғана алға жіберіп, төртінші орынға тұ­рақ­тадық. Одан бөлек, КСРО дәуі­рін­де Валерий Рачков пен Игорь Руж­ни­ков алтын тұғырға көтерілсе, Серік Қонақбаев пен Александр Ми­ро­ш­ниченко күміс медальді еншіледі. 

Міне, Қазақстан боксшы­ла­ры­ның бағындырған ең биік белестері осындай. Бұрындары да біздің жуан жұдырықты жігіттеріміздің әлеуеті зор болған. Қазіргі кезде де даң­қымыз дүркіреп тұр. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Алдағы уақыттарда да талай асуларға шығатынымыз анық. Ал сол жеңісті жолдың алтын бастауында Шоқыр Бөлтекұлы сын­ды айбарлы азамат, бітімі бөлек тұлға, қа­рымды боксшы, майталман ма­ман және білікті бапкердің тұр­ға­ны жайында кейінгі ұрпақ білуге тиіс. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ