Медицина • 08 Қараша, 2018

Шарапаты мол шаңырақ

398 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тынымсыз тіршіліктің керуені алға басып барады. Жүйрік аттай жүйткіген уақытты уысыңда ұстап қалу мүмкін емес. Бірақ сол уақыттың әрбір сәтін әдемі естеліктермен толтыруға болады. Ол үшін шіріген бай, шіренген бастық болу басты мақсат емес. Тек жүрегіңнің түбінде мейірім деген ұғымның сәулесі қылаң беріп жатса болғаны. Қазіргі қоғамда қарттар мен балалар үйінің қаптап салынуы осы сезімнің жоғалып бара жатқанын көрсететіндей. Қараусыз қалған қарттарға қамқор болып, тумаса да туысындай, жат болса да жақынындай жәрдемдесіп, кішілік пен кісіліктің, махаббат пен мейірімнің мекеніне айналған шарапатты «Шарапат» орталығының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатынбыз. 

Шарапаты мол шаңырақ

«Шарапат» деп аталған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – бұл тәжі­рибесі мол мемлекеттік мекеме, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім бойынша сапалы және кешендік қызмет көрсететін орталық. Бұл жерде зейнет жасына жеткен, І және ІІ топтағы мүгедектер мен ұдайы басқа адамның көмегі мен күтіміне мұқтаж жалғыз бас­ты жандар тұрады. Аталған мекеме 1989 жылдан бастап жұмыс істейді, ал  2007 жылы Көктал-1 тұрғын алабында жаңа ғимараты бой көтерген. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әр Жолдауында, бағдар­ламалық мақалаларында үне­мі адами капиталды дамыту керек­тігін баса назарға алып, осы ретте ат­қарылатын жұмыстарға бағдар бе­ріп отырады. Биылғы Жолдауда да мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арнал­ған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс екенін тілге тиек етті.

«Шарапат» орта­лығы шағын болса да шамасы жеткенше елеулі еңбек атқарып жатқанын айта кет­кен абзал. Мекеме қызметінің басым бағы­ты – осында тұратын адамдардың қажет­тілігін толық қамтамасыз ету, ар­­наулы әлеуметтік қызметтің сапасын үнемі жақсарту және қызмет алу­шылардың әлеуметтік бейімделуін арт­тыру. Мұнда толық немесе жартылай қозғалу және өзіне қызмет көр­сету қабілетінен айырылғандардың  тұ­рақты және уақытша тұруы  үшін 400 орын бар, сондай-ақ мұнда қиын жағ­дайларға тап болған адамдар да тұрады.

«Шарапат» әлеуметтік қызмет көр­сету орталығының директоры Кен­же­болат Бәпішев қарттарды қадірлеу қа­зақтың қанына сіңген қасиет екенін алға тартты. 

«Әдетте біз қарттық туралы ой­ланбаймыз. Бізге бүгінде тұрмыс-тіршіліктің маңызды және күрделі мәселелерін  шешу барысында ойлануға да уақыт жетпейді. Бала тәрбиелеп, олар­дың қамын ойлап, болашағымызға қор жинаған боламыз. Өкінішке қарай  ертең өзіміздің жағдайымыз қалай болары бір Аллаға ғана аян! Бұл балалар жаман тәрбие алып өсті деген сөз емес. Бүгінгі жастар ата-анасының ұясынан ұшып кетіп, басқа қалаларда тұрып жатады, тіпті басқа елге барып, сол жақта өмір сүргілері келеді. Айта берсең,  себептер жеткілікті. Біреулер баспанасы жоқ болғандықтан, қасына әжесін әкеліп тұрғыза алмайды, ал екіншісі өзі мүгедек бола тұра, әке-шешесіне қан­дай қамқоршы болмақ? Кейбіреулер соғыс­тан кейін жақындарын жоғалтып, уақыт өте келе жеке басының мәселесін шеше алмағандар. Бұл өмірлік мәсе­ленің шешу жолы бар ма? Жалғыз қарттардың өмірін қалайша қуаныш пен игілікке толы қыламыз? Олардың қам­шының сабындай қалған өмірін есте қалатындай жасай аламыз ба? Мұндағы  адамдар да болашақта жа­қын­дарымен, туған-туыстарымен бір­ге боламыз деп армандаған, бірақ сол армандары орындалмаған жандар. Олардың ішінде балалары, немерелері барлары да кездеседі. Бірақ олар үшін тағдыр басқа өмір сыйлаған шы­ғар. Біздің мекеменің қызметкерлері қолынан келгенше осы адамдардың өмірін жақсартамыз деп атсалысуда, мүгедектер мен қарттар жалғыздығын сезінбей, біздің мекемеде туған үйінде тұрғандай болсын деп аянбай еңбек етуде. Әрине, өз үйіндей болмайды ғой, баласы мен жақындарының орнын кім толтыра алар?! Мемлекет осын­дай адамдарға қамқорлық жасау мақсатында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді қажет ететіндердің өмір сапасын жақсарту үшін заңнамалық-құқықтық базаға өзгерістер енгізіп оты­рады», дейді ол.

Баяғыда бір анадан қай балаңды қатты жақсы көресің? – деп сұрапты. Сон­да ана: «Ауырған баламды – жа­зыл­ғанша жақсы көремін. Шығып кет­кен баламды – оралғанша. Кіші баламды – өскенше жақсы көремін. Кеу­демдегі жүрегім тоқтағанша, бәрін бірдей жақсы көріп өтемін», деген екен. Ана баласын құрсағынан шығарса да жүрегінен шығармайтын жалғыз жан. Бірақ сол тоғыз ай көтерген адал адамның кейде бір ауыз сөзін көтермей қалатынымыз жасырын емес. 

Әңгімемізге қайта оралсақ, әлеумет­тік қызмет көрсету орталығы директо­рының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орын­басары Ардақ Бейсенбайқызы бү­гінгі таңда мекемеде 338 адам барын, оның басым көпшілігі ер адамдар еке­нін тілге тиек етті.

«Оның 57-сі айына 55 мың теңге төлеп, ақылы түрде қызмет алады, 12 адам күндізгі бөлімде яғни таңертең ке­ліп кешке қайтады. Ол кісілер негізінен алты айға тіркеледі, егер әрі қарай жал­ғастырғысы келсе, 1 жылға дейін соз­дыра алады. Бұл бөлім бізде былтырдан бастап қанатқақты жоба ретінде іске қосылған болатын. Ол үшін ақы алмаймыз, тегін. Осы бөлімге кө­бі­не­се балалары жұмысқа кетіп, үй­де қарайтын адамы жоқ қарттар ке­ле­ді. Олар таңертең келіп, бассейнге­ түседі, өзінің денсаулығына қа­жетті емдік шараларды қабылдайды. Біздің мекеменің 3-қабаты өзіміздің ем­ханамыз. Ал қалған тұрғындар І, ІІ топтағы мүгедектер және зейнет жасына жеткен зейнеткерлер. Осы­ орталықта жиырма жылға жуық тұратындар да бар. Біз оларға 7 негізгі бағыт бойынша әлеуметтік қызмет көрсетеміз. Оның ішінде тұрмыстық қызмет, медициналық, мәдени қызмет, экономикалық, психологиялық, еңбек қызметі және құқықтық қызмет түрлері бар. Біздің мекеме 1989 жылдан бері «Қарттар үйі» деп ашылған. Бірақ 2016 жылы Астана қаласы әкімдігі қаулысының негізінде «қарттар үйі» деген сөз болмас үшін атауын «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы деп өзгерттік. Себебі қазақта «қарттар үйі» деген сөз құлаққа жағымсыз есті­леді. Қазіргі таңда елімізде балалар орта­лығы, жастар орталығы сияқты меке­мелер көп, сондай мақсатта біз де ор­тал­ықтың атын ауыстырған болатынбыз», дейді А.Бейсенбайқызы.

Аталған мекемеде 2015 жылдан бері әлеуметтік қызмет алып келе жатқан Әлімбай Сатыбалдиев орталықта бар­лық жағдай жасалғанын тілге тиек етіп, өзінің разылығын білдірді.

«Осындай қарттарға жағдай жасап отырған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа, орталық қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Біздің жақсы көңілде жүргеніміз ұжымның талмас еңбегі деп білеміз», дейді ол.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»