Спорт • 09 Қараша, 2018

Ташкенттегі турнир жерлестеріміз үшін сәтсіз басталды

336 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ташкентте дзюдодан Гран-при турнирі басталды. Өкіншіке қарай, Қазақстан құрамасы үшін бұл жарыс сәтсіз басталды. Бүгін боз кілемге шыққан төрт балуанымыздың барлығы да алғашқы айналымдардан аса алмады. 

Ташкенттегі турнир жерлестеріміз үшін сәтсіз басталды

Әйелдер арасында 48 кило салмақта Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жүлде алған Отгонцецег Галбадрахқа үлкен үміт артқан едік. Бірақ ол сенімді ақтамады. Алғашқы айналымда бос болған Отгонцецег келесі кездесуінде әзірбайжандық Аиша Гурбанлиге есе жіберді. Дәл осы салмақта белдескен Салтанат Сұлтанбекова тұсаукесер бәсекеде испаниялық Мирея Лапуреттаға жол берді.

Ерлер сайысында 60 кило салмақта күрескен Бауыржан Жауынтаев ресейлік Гамзат Зайырбековтен ұтылды. 66 кило салмақтағы Гұмар Қырғызбаев түркиялық Синал Сандалға сан соқтырғанымен, екінші кезеңде словениялық Андриан Гамбоктың екпініне шыдамады. Осылайша, жарыстың алғашқы күні жерлестерімізге бірде-бір жүлде бұйырмады.

Ташкенттегі турнир 11 қарашаға дейін созылады. Алдағы күндері біз Қазақстанның мына балуандарының өнерін тамашалаймыз:

Ерлер – Жансай Смағұлов (73 кило), Ақылбек Серік (73 кило), Дидар Хамза (81 кило), Қажымұкан Өтеулиев (81 кило), Әзиз Қалқаманұлы (90 кило), Әділхан Қозыбаев, Айбек Серікбаев (100 кило), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) және Ғалымжан Қырықбай.

Әйелдер – Севара Нышанбаева (57 кило), Анна Казюлина (57 кило), Иоланта Бердібекова (63 кило), Аэлита Щербакова (70 кило), Ажар Салықова (70 кило) және Зарина Райфова (78 кило).    

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»