Қазақстан • 10 Қараша, 2018

Солтүстік Қазақстанда Елбасы теміржол, мұнай-газ саласы қондырғыларын шығаратын зауытқа барды

275 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев темір жол автоматикасы, телемеханика, байланыс, қауіпсіздік жүйесі құрылғыларын және мұнай-газ  құрал-жабдықтарын шығаратын С.Киров атындағы зауытында болып, цехтарды аралап көрді.

Солтүстік Қазақстанда Елбасы теміржол, мұнай-газ саласы қондырғыларын шығаратын зауытқа барды

Облыс әкімі Қ.Ақсақаловтың өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың дамуы, индустриялық жобалардың іске асырылуы және Жолдау  тапсырмаларының орындалуы жөніндегі есебін тыңдалды.

Мемлекет Басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумына даярлық шеңберінде аймақты дамыту бағдарламасының тиімді іске асырылып жатқанын атап өтті. Петропавл қаласын көркейту мақсатымен көп жұмыстар атқарылды. Облыстың экономикалық көрсеткіштері қалыпты. Өсім қарқыны республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары, деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы облыстың аграрлық әлеуетіне тоқталып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту қажеттігін айтты. Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі көңіл көншітерліктей емес. Мен ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін екі есе көтеру жөнінде міндет қойдым. Бұл сіздердің облыстарыңызға тікелей қатысты. Қайта өңдеу мен экспортты ілгерілету арқылы ғана өнімділікті арттыруға болады. Сіздер үшін жаңа тұтыну нарықтары ашылады, деді Қазақстан Президенті.

Елбасы тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарын салу, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру жұмыстарының нәтижелеріне де тоқталды. 2018 жылы өңірдің 6 мыңнан астам тұрғыны баспанамен қамтамасыз етіліп, 150 мыңнан астам жұмысшының жалақысы көтеріледі. Өңірлік маңызы бар жолдар жөндеуден өткізіледі.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы