Қазақстан • 10 Қараша, 2018

Топар жылыжайында 440 түп лимон ағашы өседі

1208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы «Топар жылыжайлары» серіктестігінің даңқы қысы-жазы өсетін қиярымен, қызанағымен шыққан болатын.  Дегенмен, мұнда аталған көкөніс түрлерінен басқа экзотикалық жемістерді де өсіру дұрыс жолға қойылған. Мысалы, қазір жылыжайда 440 түп лимон ағашы мен басқа да жылуды жаны сүйетін өсімдіктің бірнеше түрі бар.

Топар жылыжайында 440 түп лимон ағашы өседі

Негізі, Топарға лимон көшеттері 2000 жылы Мәскеу, Тәшкент және Өскемен қалаларынан жеткізілген болатын. Қазір мұнда  лимонның «Юбилейный» және «Мейра» деп аталатын екі түрі өсіріледі.

Мұндағы жеміс ағаштары қыркүйектен бастап қаңтар айына дейін өнім береді де, көктем шыққанша демалады. Жылыжай қызметкерлерінің айтуынша, лимон ағашынан 100 килоға дейін жеміс алынады екен. Бір жылға шаққандағы орташа өнімділік 40 тоннаға жуықтайды. Ағаштардан үзіліп алынған цитрустар бірден Қарағанды мен Астананың сауда нүктелеріне жеткізіледі.

Топар жылыжайында, сондай-ақ, мандарин, апельсин, грейпфрут, анар, папая өсіріледі. Кофе мен зәйтүн ағаштары да бар. Осы көктемде киви отырғызылыпты. Биыл гуава, құрма, інжір ағаштары да тәуір жеміс берген.

– Ең бастысы, өз ісіңе деген зор сүйіспеншілік болу керек. Ағаштар да адам секілді, аялы алақанды сезеді, – дейді «Топар жылыжайлары» ЖШС-нің директоры Сұлтан Мұрсәлімов. – Оларға ең алдымен жайлы климат тудыру қажет: температура бірқалыпты, тыңайтқыштар нәрлі болса ғана тәуір өнім жинай аласың.

Жылыжай кешенінің оранжереясына жылдың дәл осы мезгілінде, яғни күздің аяғы және қыстың басында келгеннің жөні бөлек. Сырттағы аяздан  бой тоңып, жылыжайдың ішіне кіріп келгеніңізде, иран бағына тап болғандай күй кешесіз. Мұндай экзотикадан рухани ләззат алмау тіпті де мүмкін емес!

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы, Абай аудан