Қазақстан • 12 Қараша, 2018

«7-20-25». Қарекеттің берекеті бола ма?

781 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кейбір деректерге жүгінсек, еліміздегі баспанасыз адамдарды тұрғын үймен толықтай қамту үшін әлі де 50-60 жылдай уақыт керектігі айтылады. Әрі бұл жағдайға қол жеткізу үшін отандық құрылыс нарығы жыл он екі бойына тоқтаусыз жұмыс істеп, баспана салу ісі кідіріссіз жүруі керек екен.

«7-20-25». Қарекеттің берекеті бола ма?

Алайда қазіргідегідей демо­графиялық үрдіс кезінде баспанасыз адамдар шоғырын азайту мүмкін емес екені тағы анық. Яғни, адам саны мен тұрғын үйге деген мұқтаждық үнемі өсу үстінде болатын үрдіс екен. Бұл жалпы әлемдегі пропорция. Әзірге азаматтарын толыққанды жекеменшік пәтермен қамтыған ел жоқ. Қазақстан да әлем елдері сияқты тұрғындарының жайлы өмір сүріп, жарық та жылы, әрі жеке үйде тұруы үшін жағдай жасап отырған мемлекет. Жыл сайын елімізде баспанасыздар легін азайту үшін миллиондаған шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға беріледі. Баспанаға қол жеткізудің түрлі бағдарламалары жасалады. Бір дерек, Орталық Азия бойынша тиімді ипотекалық несие саясаты жолға қойған елдер тізіміндегі көшбасшы ретінде Қазақстан­ды айтады. Бірақ мұның бар­лы­ғы біздегі баспана мәселе­сін шешіп тастауға мүмкін­дік берер емес. Әсіресе қоғамның әл­сіз қорғалған тобы үшін жеке баспаналы болу арманға ай­налған. Мұны урбанизация­ға ұшыраған қоғамның негізгі бас ауруы десе де болады. Бірақ мем­лекет әлеумет үшін үнемі бет­бұрыс жасауға бел буып отыр­ғанын да ескеруіміз керек. Сондай әділетті шараның бірі – Елбасының 5 әлеуметтік бас­тамасы аясындағы «7-20-25» бағдарламасы. Ендігі бағдарлама бойынша баспаналы болудың жай-жапсарына жұрт қанық, сондықтан бағдарламаның өзі жайлы емес, оның жүзеге асырылуына қатысты ізденеміз.

Оның үстіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Қазақ­стандықтардың әл-ауқа­ты­­ның өсуі: табыс пен тұр­мыс сапасын арттыру» атты Жол­дауында «Тұрғын үй ипоте­ка­сының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алын­ды. Әкімдерге жергілікті бюд­жет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәсе­лесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертифи­кат­тарын беру біліктілігі жо­ғары педагогтар, медицина қыз­мет­керлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипо­теканың қолжетімділігін арт­тырады» деген болатын. Егер Жолдау жүктеген міндет нақ­­ты нәтиже беретін болса, бұқа­раның біраз бөлігі үшін баспана кілтін қолға алар күн алыс емес сияқ­ты. Алайда бұл жерде бір негіз­гі мәселені ескеру керек. Мем­лекет тұрғын үйді тегін бер­мейді. Жалпы, қазіргі әлемдегі эко­но­микалық басымдық алған даму моделінде әлеумет үшін «те­гін тоқаш» ұғымы ұмытылған. Яғни, тұрғын үй қолжетімділігі әр адам­ның табыс мөлшеріне қарай шешілетін мәселеге айналды. Бұл тіпті гуманизм талабына қайшы келмейтін үдеріс...

Тағы қайталап айтайық, Мемле­кет басшысы ұсынған «7-20-25» бағдарламасы аз қамтылған, яғни табыс мөлшері есептеулі әлеу­меттік қоғамға арналған жо­ба. Демек, қолжетімді бас­па­на салу үшін мемлекет тіп­ті шы­­ғын­ға батуға дайын екен­ді­гін және бұл үрдістің құрыл­ыс на­­ры­ғы үшін емес, адам­дар­дың игі­лігіне арналғанын да түсі­нуі­міз керек. Рас, арнайы бағ­дар­ла­ма бойынша үй алуға үміт­ті бол­саңыз, екінші деңгейлі банк­тер ұсы­натын шарттарды көріп төбе шашыңыз тік тұруы мүм­кін. Тіпті бастапқы төлем мен жылдық үстеме пайызы азай­ты­лып, бөліп төлеу жылдары ұзартылған бағдарлама үшін де аз ақша төлемейтініңіз белгілі. Бірақ баспана мұқтаждығын бәрібір шешуіңіз керек. Дәл осы жерде мемлекет адамдардың ыңғайына жығылып, диалогқа келді деуге болады. «Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен же­ңіл­детілген ипотека бойынша ал­ғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын...» деген Елбасының сөзін есіңізге түйіп алыңыз. Біз нақты мысалдармен жергілікті жердегі жағдайды түсіндіріп беруге тырысалық. 

Мәселен, Алматы облысын­дағы тұрғын үй нарығындағы қазіргі ахуал бойынша 42 мың адам пәтер кезегінде тұр. Бұл биыл ғана құрылыс-монтаж жұ­­мыс­тары 1,3 пайызға ұлға­йып, 454 мың шаршы метр тұр­ғ­ын үй пайдалануға берілген өңір­­­дегі жағдай. Демек, Жеті­су­да жақын жылдары баспанасыз адам саны көбеймесе, азаймайтыны анық. Оның үстіне тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында басталған «7-20-25» бағдарламасының аймақтағы аяқ алысы ауыз толтырып айтар­лықтай емес. Бағдарлама жүзе­ге аса бастағалы жарты жыл­дан астам мерзім өтсе де, тұр­ғын­дардан түскен өтінішті қанағат­тандыру мардымсыз. Яғни, екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы құны 849 млн теңгені құрайтын баспана үшін 73 өтінім қабылданып, оның ішінен 53 өтінім ғана тиісті талапқа сай болған. Ал нақты берілген пәтер саны төртеу ғана екен... 

Сонда не істеу керек? Жоға­ры­да мемлекет «7-20-25» мем­ле­кет­тік бағдарламасын өңір­лер­де ілгерілетуге қатысты нақ­ты шарал­ар қабылдағанын айт­тық. Осы мақсатта Алматы облы­сы­ның әкімдігі бағдарлама бойын­ша ипотекалық қарыз алушы­лар шығынының бір бөлігін өзіне ала отырып, облыстағы бюд­жеттік қыз­меткерлер үшін алғашқы жар­наның жартысын субсидия­лап, өсімсіз несие беру жайын қа­растыруда. Бұл жөнінде жақында өңір басшысы Аман­дық Баталов пен «Баспана» ипоте­ка­лық ұйымы» АҚ басқарма төр­а­ға­сы Қайрат Алтынбеков бір­лес­­кен меморандумға қол қойды.

– Тұрғын үй кезегінде тұр­ған­дар санының көптігіне қара­мастан «7-20-25» бағдарламасы біздің өңірде белсенді жүргізі­ліп жатқан жоқ. Ел бойынша бағ­дар­ламаға қатысушылардың Алматы облысындағы үлесі небәрі 2 пайызды құрады. Аудан, қала әкімдерінің бұл бағыттағы жұмысы нашар, халық арасында түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру ісіне жаппай жедел кірісуіміз керек. Сондықтан облыстағы бюд­жеттік салада жұмыс істейтін аза­мат­тарымызға, соның ішін­де мұ­ға­лімдерге, дәрігерлерге қолдау ретінде алғашқы жарнаны субсидиялау туралы шешім қабылдадық, яғни 20 пайыздың 10 пайызын төлеуді біз өзімізге аламыз. Ол үшін тұрғын үй сертификаты түрінде қайтарымды негізде ұзақ мерзімге пайызсыз несие беріледі. Бұл іске біз 2 млрд теңге қаржы бағыттаймыз. Шамамен 500 мың шаршы метр болатын қолжетімді тұрғын үй салынады, – дейді «7-20-25» бағ­дарламасының аймақтағы жүзеге асуына орай түсінік берген облыс әкімі Амандық Баталов.

Жалпы, «7-20-25» бағдарла­ма­сы бойынша өңірде жылдың соңына дейін 589 пәтерлі 17 үйді іске қосу көзделіп отыр. Оның ішінде Қарасай ауданында 3 үй салу жоспарланған болса, қазір оның біреуі пайдалануға берілген. Ал Талғар ауданында жоспарланған 9 көппәтерлі үй, Талдықорған қаласындағы 3 көппәтерлі үй және Қапша­ғай қаласында 2 үй қолданыс­қа қосылды. Облыста 706,6 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған болса, оның 76,9 мың шаршы метрі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша іске қосылмақ. Бұл мақсатқа қазы­надан 12,6 млрд теңге бөлінген.

Сөз жүйесіне орай тағы да Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Қазақстан­дық­тар­дың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұр­мыс сапасын арттыру» атты дәстүрлі Жолдауына жүгінеміз. «Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бюджет есе­бінен салынатын жаппай құры­лыс алаңдарына арналған ин­же­нерлік инфрақұрылым жүр­гізу­ді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отба­сы­ға немесе 2 миллионнан ас­там азаматтарымызға қолдау көр­сетеді» деген болатын Елбасы Жол­дауда. Демек, мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар еліміздегі баспанаға мұқтаж жандардың санын азайтуға нақты көңіл бөлініп отырғандығын көр­сетеді. Бұл, әуелгіде айтқаны­мыз­­дай, баспанамен толықтай қам­­­ту үшін бізге әлі де 50-60 жы­л­­­­дай уақыт керектігі туралы қасаң көзқарасты өзгертетін қаре­­­кет. Осы қарекет берекетті болғай!

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы