Қазақстан • 13 Қараша, 2018

Бейбіт аспан астында

862 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайда «Ортақ Ирак аспанының астында: Қазақстандық және Поляк бітімгершілері» көрмесі өтті. Шара Алматы қаласындағы Польша Республикасының Бас консулдығы, Бітімгершілік миссиясының ардагерлері одағы, Қазақстан Республикасының Орталық музейі және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің демеуімен ұйымдастырылды. 

Бейбіт аспан астында

Көрме «ҚазБат» қазақ­стан­­дық батальонының бі­тім­­гершілік миссиясының аяқ­­­талуының он жылдығына орай­ластырылып, Ирактағы қа­зақстандық және поляк бітім­гершілерінің жалпы бей­біт­шілік орнатудағы миссиясын қамтыды.

2003 жылдың сәуір айында Саддам Хусейн режі­мі құлатылғаннан кейін халық­аралық қоғамдастық Ирактағы жағдайды қалыпқа келтіру ша­раларын қабылдады. Осы мақсатқа жету үшін төрт тұ­рақ­тандыру аймағы құ­­рыл­ды. Ирактағы поляк әс­кери контингентінің бас­шы­­лығымен Орталық-Оң­түстік көпұлтты дивизиясы оңтүстік орталық аймақты бақылауға алды. Орталық-Оңтүстік көпұлтты дивизиясы 23 мемлекеттен, оның ішінде 2500 поляк жауын­гері мен «Қазбаттың» бітім­гершілік батальонының инженерлік са­перлік жасағынан тұрды, ол 2003 жылдың 19 қыркүйегінде Иракқа жіберілді. Қазақ­стандық бітімгершілік «Қаз­Бат» батальоны 2000 жы­лы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құ­рылды. Қазақстандық жасақ инженерлік саперлік топтан, сумен жабдықтау және жеткізу тобынан құралған. «ҚазБат» инженерлік са­перлік тобының міндеттеріне жарылғыш заттарды іздеу, сақтау және залалсыздандыру кіреді. 

Көрмеге «ҚазБат» бітім­гершілік миссиясының Ирак Республикасындағы бар­лық алты жылдық кезеңін көр­сететін 30 фотосурет қо­йылды.Суреттерде Ирак­тағы бейбіт өмір үшін иық тірес­тіріп бірге күрескен қазақ­стандық және польшалық бітімгершілердің күнделікті өмірінің түрлі сәт­тері көрініс тапқан. 

Миссияны орындау кезінде 22 поляк әскериі және бір қазақстандық офицер, капитан Қайрат Құдабаев қаза тапты, көрмеге оның да суреттері қойылған.

Шараға Польша Респуб­ли­касының ардагер бітімгер­шілері қатысты, олар Ирак­тағы бітімгершілік миссия­сы аяқталғаннан кейін қыз­меттерімен қайта қауы­шады.

Рәсімде мерекелік бағдар­лама дайындаған қазақстандық оркестр өнер көрсетті. Қо­нақ­тар үшін екі елдің әскери марш­тары орындалды. Көрме халықаралық маңызға ие және екі елдің арасындағы дос­тық­тың қанатын кең жай­ғанын көрсетіп отыр. Иракта бітім­гершілік жол­да жүрген жауынгерлер үшін де әрқашан сәтті қадамдар тілейік.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ