Қазақстан • 13 Қараша, 2018

Ілкімді істер

539 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы еліміздегі стратегиялық және тактикалық рефор­ма­лардың жүзеге асуына ла­йықты үлес қосып келеді. 

Ілкімді істер

Атал­ған істердің кейбіріне тоқ­тала кетер болсақ, биыл өңір­де балаларға арналған тегін ІТ сыныптар ашу жобасы бойын­ша іргелі істер қолға алынды. Бүгінде бұл сыныптарда мың­даған оқушы тәлім алып жүр. Белгілі бір бө­лігі скрач-бағ­дар­ламалардың бі­рінші мо­дулін аяқтады. Бұл ба­ғытта Ақтөбе политехникалық кол­леджінің базасында мобильдік бағыттар бойынша мамандар әзірлейтін ІТ орталықтарының қызметі нәтижелі деуге болады. 

Соңғы екі жылдың ішінде өңірде партия мүшелерінің қа­тары 7000 адамға толық­ты. Бұл ретте нұр­отандықтардың сапа­лық қасиетіне де баса көңіл бө­ліну­де. Айталық, өткен жылы пар­тия филиалын сапалық тұр­ғыдан жаңғырту мәселесі көте­ріліп, соған сәйкес партия ұйым­дарының саны 442 ден 261-ге дейін қысқартылды. Мұнда қолға алынған жобалардың бірі – «Ардагерлерді ардақтайық» деп аталса, осы шеңберде Ұлы Отан соғысына қатысушы 50 арда­герге және 6000 тыл еңбек­кері мен соғыс ардагеріне те­ңес­­тіріл­ген тұлғаларға сый-құрмет көр­сетілді. 

Партия филиалы Мемлекет басшысының Жолдауында көр­сетілгендей халықтың әл-ауқа­тын көтеруге бағытталған бас­тамаларға ұдайы ұйытқы болып жүр. Тағы бір айта ке­тер­лік мәселе, «Нұр Отан» пар­тиясының өңірлік филиалы мектеп асханаларының жұмысын жүйелі жолға қою үшін «бірыңғай тамақтандыру комбинаты» атты қанатқақты жобаны қолға алған-ды. Бұған байланысты өз ой-пікірін «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко өңір­ге келген сапарында былай­ша жеткізді: «Сапалы да, құ­нарлы, дәрумендері мол та­ғам жас жеткіншектердің ден­саулығы жақсы болуына негіз қалайды. Бұл ретте партияның Ақтөбе облыстық филиалы экс­перименттік іске бастамашы бола білді. Оны республиканың өзге өңірлеріне тарату мәселесі Ақтөбедегі алғашқы сынақ-тәжі­рибенің негізгі нәтижелеріне байланысты болмақ». 

Филиал төрағасының орынбасары Дариға Есмағамбетова партияның бастамасымен қол­ға алынған әрбір жобаны жүзеге асыруға «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының екінші кезеңі соны серпіліс бергенін айтып берді. 

Бүгін де күні филиалдағы іл­кімді істер одан әрі жалғасуда. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ